Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірдегі елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр.
Бүгін Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауыл округіне қарасты Көктөбе елді мекеніне газ нысанының құрылысы аяқталып, іске қосылды.
Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков арнайы барып, тұрғындарды құттықтады. Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары мен халық қалаулылары көгілдір отынның алауын жағып, ізгі ниеттерін білдірді.
«Ақбастау-К» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2023 жылы бастаған. Жалпы ұзындығы 19,344 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 300-ге жуық абонетке газ жеткізілді.