Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-инновациялық әріптестік бүгінде жаңа бағыт алып, екі мемлекеттің стратегиялық саясатының маңызды бөлігіне айналып келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған интеллектуалды ұлт қалыптастыру тұжырымдамасы мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жариялаған «Бір белдеу – бір жол» бастамасы екі елдің білім және ғылым саласындағы ықпалдастығын тереңдетіп, нақты жобалармен толықтыруда. Сол бастамалардың жарқын көрінісі – ғылыми зертханалар, мәдени орталықтар және жоғары оқу орындары арасындағы ауқымды серіктестік жобалары.
Ғылым мен технологиядағы жаңа қадам
2025 жылғы 6 қарашада Сиань қаласында өткен «Бір белдеу – бір жол» ғылыми-технологиялық конференциясы аясында Шәкәрім университетіне «Электрлік автоматтандыру жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасына» арналған жабдықтардың алғашқы партиясының сертификаты табысталды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан делегациясын бастап барған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мен Shakarim University ректоры Думан Орынбеков қатысты.
Бірлескен зертхана құру туралы келісімге 2024 жылғы маусымда Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық-инвестициялық форумында қол қойылған болатын. Жоба өңірлер арасындағы технология алмасуын күшейтіп, ғылымнан өндіріске дейінгі толық тізбекті біріктіретін маңызды алаң болмақ.

Зертхана автоматтандыру, ақылды логистика және жаңа инженерлік шешімдерді зерттеуге бағытталады. Жүйе толықтай Абай облысының өңірлік инновациялық платформасына интеграцияланбақ.
Вице-министр Гүлзат Көбенова бұл серіктестіктің маңызын атап өтті:
«Бұл зертхана – идеядан нақты іске айналған серіктестіктің айқын нәтижесі. Ғылым мен технология саласындағы осындай ынтымақтастық – «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инновациялық даму және интеллектуалды ұлт қалыптастыру стратегиясымен үндес», – деді ол.

Университеттер арасындағы сенімді әріптестік
Xi’an Jiaotong University – Қазақстандағы жоғары білім беру ұйымдарымен көпжылдық стратегиялық байланыс орнатқан беделді оқу орны. Қытайдың жетекші университеті дәл осы бағытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, М. Әуезов атындағы ОҚУ сияқты іргелі оқу орындарымен ынтымақтастық жүргізіп келеді. Бұл қатарға енген Shakarim University – өңірлік университет те әлемдік ғылыми кеңістікте өз орнын қалыптастырып, жаңа буын серіктес ретінде танылып отыр.
Ортақ болашаққа бастайтын көпір
Шәкәрім орталығының ашылуы мен бірлескен зертхананың іске қосылуы – мәдениет пен жоғары технологиялардың өзара ұштасуын қамтамасыз ететін, екі ел арасындағы сенімге негізделген стратегиялық бағыт. Бұл бастамалар ХХІ ғасырдың ғылым, мәдениет және өркениеттер достығына негізделген жаңа дәуірдің келбетін айқындайды. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелерге бағытталғанын және өзара дамудың ортақ платформасын қалыптастырып жатқанын көрсетеді.
Саруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы















