Біздің ұрпақ тәуелсіздік дәмін татты. Анау қанқасап дәуірдің азабын бастан кешіріп, кешегі социалистік республиканың іргесін қалаған жанкешті бабаларымызды тілге алғымыз келмейді. Ұлтының келешегі үшін күрескен репрессия құрбандарын кейбір сыңар езу бүгінгі саясаткерсымақтар ұлтын сатқан азғындарға балап тастады. Қазан, ақпан төңкерісі, қос өкімет заманында біздің қазақта жеке тәуелсіз республика құрудың жол жобасы болды ма? Қызылдар, ақтарға, большевик, меншевиктерге бөлініп қырқысқан кезеңде адаспаған кім бар? Аласапыран дәуірде Орталық Азия дін батпағына батқан хандықтарға бөлінген мешеу ел еді. Мына өзбек тарихшылары сол дәуірде Ресей, Польшада орысша, ағылшынша оқыған бір шоғыр қазақ зиялылары билік басында жүргенін неге айтпайды? Түркістан мемлекетін құруға жанталасқандар сапында жалғыз Мұстафа Шоқайұлы болған жоқ. Тұрар Рысқұлов бастаған қазақ оқығандары Лениннің өзімен тайталасты. Мұстафа ана Қос өкіметтің басшысы Керенскиймен Ресейде бірге заң факультетінде оқыған. Алашшылар шетінен орысша сауатты болды. «Өзбекстан совет республикасы құрылған соң, соның негізінде өзге республикалар пайда болды» дегенге саятын пікір айтып жүрген бір өзбек тарихшысына өкпелеп қалдық. Сол кездегі белсенді күрескер ретінде Файзолла Хожаевты тықпалаумен әуре. Ол бұрынғы Бұхара әмірінің баласы емес пе? Бұрын оны сатқын деп бағалаған өзбек ғалымдары да болды. Бір қызығы, өзбектер идеал ретінде ұсынып жүрген жәдитшілерге қырым татар Гаспринскийді қосып отырған жоқ. Оны тілге алмайды. Жарайды, біз бұл туралы пәтуа айтуды тарихшыларға қалдырайық.
... Биыл Орталық Азия кеңестік социалистік республикаларының құрылғанына 100 жыл – бір ғасыр толып отыр. «Дүбірлетіп тойлау керек» деп жатқанымыз жоқ. Құдай сақтасын! Олай етсек, онсыз да араға от салуға бейім отырған орыс шовинистері өре түрегелер. Осы дәуір туралы ала-құла пікір болмауы үшін бес ел тарихшы ғалымдары түрлі конференциялар өткізіп, деректерді бір қалыпқа түсіріп алған дұрыс шығар. Тәжікстан Өзбекстаннан бөлініп шықты. Бұрын автономия еді. Шекара даулары қазірге дейін созылып келеді. Ертеде Бұхара әмірлігінің мемлекеттік тілі (осылай деуге болса) тәжік тілі болған. Самарқандта да тәжіктер көп тұрған деген гәп бар. Ош, Жалалабадта өзбектер көп. Кеңес одағы кезінде шекаралар әдейі осылай белгіленген сияқты. Оны айтасың, сол кезеңге нақты тарихи бітім берілген жоқ. Басмашы дегеніміз, Отан қорғаған баһадүр болып шықты. Сол кезеңдегі биліктегілер кімдер? Бүгінгі саясатшыларымыз сол Қазан төңкерісі кезіндегі арыстарымызға жасаған дәуірі тұрғысынан пәтуа айтқан жөн. Оларға бүгінгі формация көзімен баға беру қате. Алмағайып кезеңде түрлі көзқараста, алуан пікір қайшылықтары болуы заңды. Соңғы кезде атақты Тұрар Рысқұлов туралы жаңсақ пікірлер айтылып жүр. «Қызыл жебе» – тап-таза хроника емес, көркем әдеби шығарма. «Ана сөзді ол емес, Қожанов айтқан» деп дауласу да қиқым әңгіме. Образ жасауда бұндай әдістер болуы мүмкін.
Қысқасы, тарихқа бірізділік керек. Жалған шежірелер келешек ұрпақты да адастырады.