Орысқа ойсырата соққы берді

Орысқа ойсырата соққы берді

Орыс-Украин соғысын жіті қадағалап отырған басылымдар, қанды қасап қырғынның 1193-күнінде болған жаңалықтарды тарих бетіне қалатын айтулы оқиға ретінде сипаттап жатыр. Тіпті әскери істер тарихындағы ғажайыптардың қатарына жатқызғысы келетін сарапшылар да жоқ емес. Ұзын сөздің қысқасы, Украина тарапы ұзақ дайындықтан соң «Паутина операциясын» сәтті аяқтағанын хабарлап жатыр. Жексенбі күні Украина дрондары орыстардың Украинадан шалғайда жатқан маңызды әскери әуежайларға шабуыл жасап, Ресейдің 41 ұшағын істен шығарған. Дүниені дүр сілкіндірген бұл оқиға туралы Ресей Қорғаныс министрлігі: «Украина жексенбі күні Мурманск, Иркутск, Иваново, Рязань және Амур облыстарындағы әуежайларға ұшқышсыз ұшақтармен соққы берді, нәтижесінде бірнеше әскери ұшақ өртенді. Өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ. Бұған қатысы бар кейбір адамдар ұсталды. Мурманск пен Иркутсктен басқа аймақтардағы әуе қорғаныс жүйелері шабуылдарды сәтті тойтарды» деп хабарлады.

Бұл арнайы операция жайлы Владимир Зеленский өзінің Telegram каналында хабарлама жариялады. Онда ұшқышсыз ұшақтардың шабуылын жоғары бағалап, оның Мәскеуге айтарлықтай зиян келтіргенін айтты.

«Өте тамаша нәтижелер болды. Бұл Украинаның өз бетінше жасаған операциясы. Бұған дайындауға бір жарым жылдан астам уақыт кетті. Бұл – біздің ең ұзақ қашықтықтағы жауынгерлік операциямыз», – деді Зеленский. Сол түні бейне үндеуінде Украина Президенті ресейлік әскери базаларға шабуыл жасау үшін барлығы 117 ұшқышсыз ұшақ жіберілгенін айтты: «Ресей нақты шығындарға ұшырады, олар бұған лайық», – деді Украина басшысы. 

Украинаның Қауіпсіздік қызметі бұл оқиға туралы ақпараттарымен бөлісіп, алдыңғы шептен мыңдаған шақырым алыстағы ресейлік әуежайларға ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасап, құны миллиардтаған доллар болатын ресейлік әскери ұшақтарды жойғанын хабарлады.

«7 миллиард доллар: бұл бүгінгі УҚҚ-ның арнайы операциясында жойылған жаудың стратегиялық авиациясының болжамды құны», – делінген агенттік әлеуметтік желідегі жазбасында.

Нысанаға Украина шекарасынан 4300 шақырымдай алыста жатқан Иркутск қаласындағы Белая базасы және Украинадан 1800 шақырымдай қашықтықтағы оңтүстік Мурманскідегі Оленя базасы кірді.

Жексенбі күні таңертең бірнеше жергілікті БАҚ, соның ішінде Украинаның ұлттық ақпарат агенттігі УҚҚ-ның дереккөздеріне сілтеме жасап, Ресейдегі келісілген шабуылдың мақсаты «жаудың алдыңғы шептен алыстағы бомбалаушы ұшақтарын жою» деп мәлімдеді. Хабарламада УҚҚ миссияны Ресейдің жүрегіне контрабандалық жолмен әкелінген және жүк көліктеріне жасырылған ұшқышсыз ұшақтар арқылы орындағаны және төрт базадан кемінде 41 ресейлік ауыр бомбалаушы ұшағына шабуыл жасалғаны айтылған.

«Паутина операциясы» 2022 жылдың ақпанында соғыс басталғалы бері Ресейдегі көптеген әскери базаларға жасалған бір күндік ең үлкен шабуыл болды. Соғыс жағдайын бақылап отырған сарапшылар бұл базаларда соңғы үш жыл бойы Украинаға бағытталған әуе шабуылдарын жасау үшін қолданылған Ресейдің стратегиялық бомбалаушы ұшақтары орналасқанын айтып жатыр.

Осымен қатар Ресей-Украина шекарасындағы Брянск облысындағы көпірде жарылыс болып, ішінде 388 адам отырған, Мәскеуге бара жатқан жолаушылар пойызы апатқа ұшырады. Оқыс оқиғаның салдарынан жеті адам қаза тауып, 69-ы жараланған дейді орыс басылымдары. Ресей тарапы бұл оқиғаны «террорлық акт» деп мәлімдеді. Бірақ бірден Украинаны кінәлаған жоқ. Бұл туралы жауапкершілікті әлі ешбір топ өз мойнына алған жоқ. 

Осылайша екі жақтың шабуылдары үдей түскендей. Украина Әскери-әуе күштері Ресей жағынан бір түнде Украинаға 472 ұшқышсыз ұшақ ұшырғанын, бұл соғыс басталғаннан бергі бір түндегі ең жоғары сан екенін хабарлады. Сонымен қатар УҚҚ, Ресейдің жеті зымыранын атып түсірдік деп мәлімдеді. Ақпарат көздері сондай-ақ Украинаның Днепр аймағындағы әскери базаға ресейлік зымыранмен шабуыл жасалып, кемінде 12 сарбаз қаза тапқанын жазып жатыр. 

Жауласқан екі тараптың өкілдері  2 маусым күні Стамбул қаласында кездесіп, бейбітшілікке қол жеткізу туралы талқылау өткізіп жатыр. Түркияда өткен алдыңғы кездесу нәтижесіз аяқталған еді.

 

PS: Дүйсенбі күні өткен Стамбулдағы кездесуден айтарлықтай нәтиже шықпағанға ұқсайды. Екі тараптың басқосуы бір сағат төңірегінде аяқталған. Осының алдында Украина Президенті орыстарға бодан болып кеткен жүздеген балалар мен ересектердің тізімі бар екендігін айтқан болатын. АҚШ Президенті Дональд Трамп соғыстың аяқталуына мүдделі болып отырған рай танытқанымен, Путинді біржолата көндіре алмай отырған сыңайлы. Ал біршама сарапшылар Украинаның кезекті шабуылына қарата орыстар өте ауқымды қарымта соққылар жасайды деп қауіптенетіндіктерін айтуда.

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
05.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13844
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13798
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28923
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27588
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31100