Еліміздің дамуы үшін негізгі қозғаушы күштердің бірі - қазақстандық ғылым. Бұдан экономикамыз тұрақты өркендеп, ғылым мен инновацияның арқасында халықтың өмір сүру жағдайы түзеледі. Қазір өзекті міндеттердің бірі - отандық ғалымдардың жетістіктерін насихаттау, олардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін халыққа таныстыру болып табылады.
Мемлекетіміздің абыройын әлемдік деңгейде көтеріп, технологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етуші маңызды фактор осы біздің ғылыми жетістіктеріміз. Бүгінгі күні отандық ғалымдар биотехнология, медицина, физика, химия, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларында табыстарға жетіп отыр. Ғалымдарымыздың зерттеулері мен жетістіктері халықаралық дәрежеде көзге түсуде.
Әлемдік деңгейде танылған жетістіктер:
Өсімдік биотехнологиясы және ауыл шаруашылығы: Өсімдіктердің гендік инженериясы саласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары қажетті зерттеулер жасауда. Мәселен олар құрғақшылыққа төзімді бидай сорттарын шығарып жаңалық ашты. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде осы жетістік Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттырады.
Медицина және фармацевтика: Қазақстандық ғалымдар COVID-19 пандемиясы кезінде коронавирусқа қарсы «QazVac» вакцинасын шығарды. Ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары осы вакцинаны даярлау арқылы Қазақстанның биотехнология саласындағы ықпалын танытты. Бұл арқылы ғалымдарымыз денсаулық сақтау саласына зор пайдасын тигізді.
Жер сілкінісін болжау әдістемелері: Жер сілкіністерін болжап, алдын алу бағытында Сейсмология институтының отандық ғалымдары маңызды зерттеулер жүргізуде. Еліміз жер сілкінісі жиі болатын аймақтарда өмір сүргендіктен, осы зерттеулердің маңызы зор. Ғалымдар жұмыс нәтижелері арқылы халыққа қауіпсіздік шараларын уақытында хабарлап, қатерден сақтандырып отырады.
Жаңартылатын энергия көздері: Жасыл энергетика саласында Назарбаев Университетінің ғалымдары инновациялық жобаларды қабылдап, жұмыс атқаруда. Қазақстанның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуіне олардың күн және жел энергиясын тиімді пайдалану үшін тапқан зерттеулері әсерін тигізбек. Ол елдің энергия көздерін әртараптандырудың маңызды шаруалары болып саналады.
Қалың көпшілікке арналған ашық лекциялар, көрмелер, ғылыми фестивальдер өткізіп, ғалымдардың ғылыми жетістіктерін таныстыруға да болады. Халықтың қызығушылығын тудыру үшін мәселен «Ғылым ордасы» музейінде ғалымдардың зерттеу нәтижелері көрсетіліп, қолжетімді форматта түсіндірілуі қажет. Сондай-ақ білім беру жүйесінде де ғылыми жетістіктерді насихаттауға болады. Ол үшін мектеп оқулықтарына заманауи ғылыми жетістіктерді кіргізу, оқу ордаларында ғалымдармен кездесулер ұйымдастырып, жастардың ғылымға деген қызығушылығын ояту маңызды. Біз отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін насихаттау арқылы еліміздің ғылыми потенциалын көтеріп, жаңа буын ғалымдарды тәрбиелеуге және ғылымның рөлін арттыруға өз көмегімізді тигіземіз.
















