Жақында Өзбекстанның «Kun.uz» сайтында «Шетелден Өзбекстанға жіберілетін ақша аударымдары қалай өзгеріп жатыр» атты мақала жарық көрді. Мақалада шетелде жұмыс істеп жүрген өзбек мигранттарының елге жіберіп жатқан ақшаларының көлемі артқандығын, ол ЖІӨ-ге де белгілі деңгейде әсер етіп жатқандығы айтылыпты.
2025 жылы Өзбекстанға аударымдар 18,9 млрд долларды құрады. Бұл туралы «Kun.uz» тілшісі Достон Ахроров Орталық банк ұйымдастырған баспасөз мәслихатында ұсынылған деректерге сілтеме жасай отырып хабарлады.
«Ақша аударымдары 2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда 27,2%-ға өсті, бұл негізінен рубль бағамының нығаюына және басқа елдерге мигранттар ағынының артуына байланысты. Халықтың шетел валютасын сатуы мен сатып алуы арасындағы оң айырмашылық 2025 жылы 9,7 млрд долларды құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп», – делінген Орталық банк есебінде.
2020 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде елге жіберілген ақша аударымдарының көлемі 3 есеге өсті, ал олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 8,6%-дан 12,8%-ға дейін өсті. Шетелден ақша аударымдары Өзбекстанда халық табысын қалыптастыруда өте маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша, үш аймақта халық табысының 30%-дан астамы және тағы бес аймақта 20%-дан астамы шетелден алынған ақша аударымдары есебінен қалыптасты. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті.
Бұл аймақтардағы үй шаруашылықтарының өзбек мигранттары жұмыс істейтін елдердегі көші-қон саясатындағы ықтимал өзгерістерге, жұмыс орындарының қысқаруына және талаптардың қатаңдауына сезімтал екенін білдіреді. Ақша аударымдарының артуы немесе азаюы адамдардың салыстырмалы түрде байуына немесе кедейленуіне тікелей әсер етеді», – делінген аталмыш мақалада.
Өзбекстан Үкіметі өздеріндегі артық жұмыс күштеріне шетелдерге барып нәпақа табуға демеушілік жасап келеді. Мұндағы басты мақсат елдегі жұмыссыздықты азайту екені белгілі. Бұрын бұл шаруа азаматтардың өздерінің еркімен жүзеге асып келген болса, кейінгі жылдары мемлекеттік деңгейде шетелдермен еңбек миграциясы жайлы келісімдерге қол қоюға ұласып, ресми органдарының қолдауына ие болып отыр. Бір деректерде Өзбекстан Үкіметі қазірге дейін әлемнің 30-ға тарта елімен жұмыс берушілер мен еңбек нарығын ұйымдастыру бағытындағы келісімдер жасап, әріптестік орнатып үлгерген.
Қазіргі таңда өзбек билігі Еуропаның жоғары жалақы беретін елдерімен, атап айтқанда, Германия, Швеция, Норвегия, Дания қатарлы елдерімен еңбек миграциясы жайлы келісімдер жасауға талпынып жатыр. Бұдан бөлек АҚШ-пен маусымдық жұмыстарға еңбек күшін жіберу жайлы келісімдер жасауға ниет танытып отыр. Сонымен қатар Жапония, Корея, Батыс Еуропа елдері және Шығыс-оңтүстік Азияның жоғары жалақы беретін елдеріне еңбек күшін жіберу туралы келісімдер жасауға кіріскендігі айтылуда. Осылайша елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетумен қоса, шетелдерден озық тәжірибелер алмасуды, Өзбекстанда жұмыс орындарын көптеп ашуды жоспарлап отырған жайы бар.














