27 мамырда Алматыдағы «Арман» кинотеатрында ICF Kazakhstan мен «Мама Про» қоғамдық қорының бірлескен жобасы — «Өзіңе апарар жол» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Фильм — ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен кәсіби коучтардың екі жыл бойы бірге жасаған еңбегінің жемісі. Бұл — өмірдің ең қиын кезеңдерінен өткен әйелдердің төзімі, мейірімі мен ішкі өзгеріс жолы жайлы туынды.
Экраннан әр кейіпкердің жеке тарихы естілді. Бұл — қайталанбас, шынайы әңгімелер. Бірақ сол дауыстарда мыңдаған ананың жүрек үні тоғысты. Күн сайынғы күрес, күйзеліс, қоғамнан алыстау — барлығы да таныс сезім.
Фильм аналардың үмітсіздік пен жалғыздықтан өтіп, өз бойынан қуат тауып, қайта байланыс орнатқан сәттерін бейнелейді. Бұл — өзімен, отбасымен, әлеммен қайта табысу туралы оқиға.
Фильмнің көркемдік және музыкалық желісі ерекше әсер қалдырды. Қобызшы Ләйлә Тажыбаеваның орындауындағы әуен ішкі қуатты бейнелеп, баянмен астасып жатты. Ал жас суретші Софья Кишенинаның жұмыстары жарық, мейірім мен отбасылық құндылықтар туралы үн қатты — жүрекке жылы әсер қалдырды.
2024 жылы осы коучингтік әлеуметтік жоба ICF DEIB халықаралық сыйлығының лауреаты атанып, инклюзия, теңдік, алуан түрлілік пен қауымдастықты дамыту бойынша жаһандық номинацияда екінші орын алды. Бұл марапат жобаның маңызын тек Қазақстанда емес, әлемдік коучинг қауымдастығында да растады.
«Өзіңе апарар жол» — ICF Kazakhstan бөлімшесінің қызметі секілді — толықтай волонтёрлік негізде жүзеге асты. Бұл — ерекшелік емес, қағидат. Мұндағы барлық бастамалар — коучингтік қолдау, қоғамдық шаралар мен фильмдер — кәсіби волонтёрлердің ерікті еңбегінің нәтижесі.
Премьераға 200-ден астам қонақ жиналды. Олардың қатарында:
— мемлекеттік мекемелер, отбасыларды қолдау орталықтары мен қор өкілдері,
— қоғам қайраткерлері, меценаттар, коучтар мен жобаның қатысушылары,
— мәдениет өкілдері, журналистер, сарапшылар және серіктестер болды.
Фильм кейіпкерлері премьераға өз отбасыларымен келді — бұл кештің ең жүрек тебірентерлік сәтіне айналды. Жақындары алғаш рет олардың шынайы әңгімелерін үлкен экраннан көріп, терең әсер алды.
Надежда Баранова ерекше қажеттіліктері бар балаларды өмірге келген мұғалімдер ретінде қабылдайтынын айтты. Оның ойынша, олар адамға шынайы, бағалаусыз махаббаттың не екенін үйретеді және адамды Құдай қалай жаратса, дәл солай қабылдай білудің маңызын еске салады.
Шынар Нигмеджанова арманды өмірді барлық болмысымен — қиындықтарымен, жоғалтуларымен, қуаныштарымен қабылдай алу деп біледі. Бұл — адам рухының күші.
Карина Ковган өткені ауыр болғанын айтып, дәл сол жол өзіне өмірдің әрбір күніне шүкіршілік етуді үйреткенін бөлісті. Ол адамға адам жіберілетінін — қолдау көрсету, жалғыз емес екенін еске салу үшін деп есептейді.
Көрсетілімнен кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссёр Сергей Азимов сөз алып, шығармашылық топ жұмысына жоғары баға берді. Ол визуалды тілдің әсерлігін, деректі тәсілдің қуатын атап өтіп, аналардың бейнесін тереңірек зерттеу идеясын қолдады.
Сахнаға шыққан «Мама Про» қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Қасымхан Қаппаров қордың Алматы, Астана, Өскемен, Шымкент және Қостанай қалаларында жүзеге асып жатқан кешенді жұмысын таныстырды. Қор ерекше балалары бар отбасылармен — аналармен, әкелермен жан-жақты жұмыс атқарып келеді.
Залда фильмнің шығармашылық тобы да болды:
— режиссёр Абылайхан Төлеухан — деректі фильмдері халықаралық фестивальдерде танылған,
— оператор Еркін Сәтенов — аналардың ішкі дүниесін нәзік әрі терең бейнелеген кәсіби шебер.
Фильм аяқталғанымен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ICF Kazakhstan коммуникациялар және PR директоры Ая Калиеваның сөзімен айтқанда — барлығы енді ғана басталады.
Сол сәттен бастап әр көрерменнің ішкі сапары басталды — қайта ойлану, қайта қарау, шынайы құндылықтарға оралу. Біреу үнсіз ойға шомды, біреу жақынымен сөйлесті, біреу өз жүрегімен үн қатты. Мұндай жобалар — дәл осы үшін. Себебі бұл әлемде ең маңыздысы — адамның өзі, оның таңдауы, дауысы, өмірі.
Бұл фильм — төзім мен таңдаудың, шексіз сынақтармен бетпе-бет келген әйелдердің махаббат пен қамқорлыққа деген күшін бейнелейтін оқиға. Бұл — отбасылық жылылық, ішкі рух пен адамның адамға қажет екенін еске салатын кино.