2020 жылдың қортындысы бойынша борыштық бағалы қағаздар бойынша міндеттемелері 1,3 триллион теңгеге жеткен Проблемалық кредиттер қорының 2021 жылдан қандай қаржылық көрсеткіштермен шығары әлі белгісіз. Бірақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет шығынға батқан ұлттық компания басшыларын жазалайтын болса, таяқ ең алдымен Проблемалық кредиттер қорының басқарма басшысы Ержан Елшібаевтың басына тиюі тиіс. Былтырғы жылдың қортындысы бойынша Қор 163 миллиард теңге шығын әкелген. Капиталы 787 миллиард теңгеге минусқа кетті. Енді Қор өз акционері – Қаржы министрлігінен қолдау күтіп отыр. Аудиттелген бөлек қаржы есебіне сай, министрлік Қордың қарызын 960 миллиард теңгеге азайтып, капиталын 177 миллиард теңгеге плюске шығарып беруді жоспарлап қойған. Бірақ, «жетектеген тазы түлкі алмас» демекші, проблемасы таусылмайтын компанияны салық төлейтін Қордың өзі ғана емес, оның Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларындағы ірі бизнес-орталықтарға иелік ететін «Estate Management Company» акционерлік қоғамы да шығыннан көз ашпай келеді. 2019 жылы 10 миллиард теңге шығын, ал 2020 жылы 3 миллиард теңге шығынмен шықты. Былтырғы шығынын компания пандемия салдарымен байланыстырып, арендаторлардың азайып кеткендігінен көрген. Бірақ коронавирустың иісі де шықпаған 2019 жылы олар 10 миллиард теңге минусқа кеткен.
Осыны алға тартқан отандық сарапшылар: «Қазақстанда пайдасы жоқ, тек шығын әкеліп жүрген квазиұлттық компаниялар аз емес және олар бюджетке ауыр салмақ түсіре бастады. Ал жылды кіріспен аяқтаған квазисектор өкілдері бюджетке дивиденд төлеуден қашып жүргенін көріп жүрміз. Бірақ мемлекеттің өзі құрған компаниясы өзін ақтамаса, инфляцияның өршуіне себеп болса және ең сорақысы – өз саласында бәсекелестікті тамырымен жойса, онда оларды ең зиянды экономикалық элемент қатарына жатқызу керек. Сондықтан бұл мәселені Үкімет коридорында емес, Қауіпсіздік кеңесінде талқылау орынды болады»,— деген тұжырым жасайды.