Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі биыл жаңаша сипат алып, көкжиегі кеңейіп, он күн бойы тойланбақ. Айталық, 15 наурыз - Қайырымдылық күні ретінде белгіленген.
Қайырымдылық ұғымының халқымыз үшін қашанда қадірі биік. Ал әз-Наурыздың осы күнмен ұштасуы оның мәнін арттырып, маңызын айшықтай түсері сөзсіз.
Атаулы күнге орай Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында «Балалар – біздің бақытымыз» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді. Сондай-ақ, шаһар басшысы орталық тәрбиеленушілеріне арнайы дайындалған сый-сияпаттар ұсынды. Балғындар да өз кезегінде қала әкіміне алғыстарын жеткізді.
Мерекелік шара барысында өнерлі өрендер ән мен биден шашу шашып, өз өнерлерін паш етті.
Концерттік бағдарламадан соң қала әкімі орталықтың ішін аралап, ақ дастархан басында балалармен еркін әңгіме өрбітті.
Айталық, шаһар басшысы балалардың шығармашылық көрмесін тамашалап, «Stars» сән және сұлулық мектебі, отбасы үлгісіндегі «Қуаныш» және «Балауса» жанұясы, «Адалдық» дүкені, «Тігін және қол өнер шеберханасы», «Бейнелеу өнері», «Коворкинг орталығы», «Ас отау» аспаздық үйірмесі, «Психологиялық қызмет», «Медиация» бөлмелерімен танысты.
Жалпы аталған орталықта бүгінгі күні 107 бала тәрбиеленуде. Мұнда тәлім алушыларға «Ас-отау» аспаздық, «Сымбат» тігін, «Жібек» бейнелеу өнері, «Балауса» би, «Прима» театр, «Томирис» сұлулық мектеп үйірмелері арқылы кәсіби бағдар беріледі. Сонымен қатар, футбол, еркін күрес, армрестлинг, баскетбол секциялары жұмыс істейді.
Игі шара соңында балалар өздерінің алға қойған арман-мақсаттарымен бөлісіп, естелік суретке түсті.