ҚАЛА КҮНІ: АҚТӨБЕЛІКТЕР МЕРЕКЕНІ ЕРЕКШЕ АТАП ӨТТІ

ҚАЛА КҮНІ:   АҚТӨБЕЛІКТЕР МЕРЕКЕНІ ЕРЕКШЕ АТАП ӨТТІ

Ақтөбе қаласының іргесінің қаланғанына биыл 157 жыл толды. Жыл сайын тойланатын Қала күні қарсаңында шаһар тұрғындары мен қонақтары әдемі мерекенің куәсі болды.

Қала күніне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар он күнге созылды: әдеби кештер, шығармашылық кездесулер, концерттер, фестивальдер, көрме мен байқаулар ұйымдастырылды. Мәселен, қалалық кітапханаларында «Қала шежіресі – кітап беттерінде» көрмесі, шығармашылық кештер, қала әкімі кубогіне арналған «Кел, шырқайық!» караоке байқауы, «Aqtobe dance – 2026» би фестивалі, ым-ишара тіліндегі «Өнерлі өлкем – Ақтөбем!» қалалық ән байқауы, жас таланттарды қолдауға бағытталған «Ақтөбе дауысы – 2026» қалалық жас әншілер байқауы сынды 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.

Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекет шаһар тазалығына үлес қосып, адамдарына көмектесіп жүрген тұрғындарды құттықтап, алғысын айтты. Олардың бірі әкімдік салып берген ойын алаңын үш жылдан бері тап-таза етіп күтіп ұстап отырған ерлі-зайыпты зейнеткерлер Жәния Ерниязова мен Жақсан Әбденов. Тұран (Жаңақоныс-4) тұрғын алабына 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында балалардың ойын алаңы, спорт алаңы және футбол алаңы қатар салынған болатын. Зейнеткерлер күн сайын балалар ойнап болған соң, алаңды тазалап, сынған жерін жөндеп қояды. Айта кету керек, бір ғана Астана ауданы бойынша соңғы 5 жылда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы 200-ден астам балалардың ойын алаңдары, спорт алаңдары орнатылған. 

Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, іргесінің қаланғанына 157 жыл толған қала халқының саны биыл 600 мыңға жетті.

– Бұл жай ғана статистика емес. Бұл – өз болашағын Ақтөбемен байланыстырған жандардың таңдауы мен сенімінің көрінісі. Қаламыз көркейіп, жаңарып келеді. Биыл кәсіпкерлердің қолдауымен 26 саябақ пен сквер абаттандырылуда. Өткен жылы 15 қоғамдық кеңістік тұрғындар игілігіне берілді. Бұл – халыққа жайлы орта қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазіргі таңда Алтын Орда ауданында жаңа қоғамдық-іскерлік орталықтың құрылысы басталды. Бұл жерде жаңа драма театры, заманауи стадион, көпфункционалды спорт аренасы, 59 гектарлық үлкен саябақ және көптеген қажетті нысандар салынатын болады. Бұл жобалар Ақтөбенің келбетін жаңа деңгейге көтеріп, қаламыздың болашағына тың серпін береді. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы да Ақтөбе үшін маңызды қоғамдық қозғалысқа айналды. Мыңдаған тұрғын іргелі бастамаға белсенді үн қосып, сенбіліктерге атсалысып келеді. Өкінішке қарай, қоғамдық мүлікті бүлдіріп, табиғатты ластайтын жағдайлар кездеседі. Кейде «барлық жерге камера орнату керек» деген пікірлер айтылып жүр. Бірақ ең басты камера – әр адамның санасында, тәрбиесі мен жауапкершілігінде болуы тиіс. Өз қаласын сүйген адам оның тазалығын да, тәртібін де сақтайды.

Қымбатты жерлестер! Қала – біздің ортақ үйіміз. Оның өркендеуі – әрқайсысымызға байланысты. Ақтөбесін жақсы көретін ақтөбеліктер көп болсын! Қаламыз дами берсін! Әр шаңыраққа амандық, береке, бақ-дәулет тілеймін! Мереке құтты болсын! – деді Азамат Бекет.

Қала күніне арналған негізгі іс-шара – «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы маңында өткен мерекелік концертке мыңдаған адам жиналды. Кеш бастала салысымен аспанды бұлт торлап, жаңбыр жауғанымен, ақтөбеліктер тарап кетпеді, қолшатырларын аша салып, концерттік бағдарламаны тамашалауды жалғастырды. Сахна төрінде махаббат, туған өлке мен Ақтөбе туралы әсем әндер шырқалды. Патша көңіл көрермен әншілерге қосылып ән айтып, әр орындаушыны ыстық ықыласпен, зор қошеметпен қарсы алды. Іс-шараға облыс, қала басшылығы да қатысты.

Кеш бағдарламасын жүргізушілер Айбат, Рахат және Лунара ашып, тұрғындарды сүйікті қаламыздың туған күнімен құттықтады. Одан кейін көрермен назарына Ақтөбенің тарихы, елге еңбегі сіңген тұлғалары мен туған жердің даңқын асқақтатқан азаматтары туралы арнайы фильм ұсынылды. Концерттік бағдарлама жас эстрада әншілерінің өнерімен жалғасты. Сахнаға «Ақтөбе дауысы – 2026» қалалық байқауының жеңімпаздары шығып, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар әсерлі музыкалық нөмірлерін ұсынды.

Көрермен «Тамсан» тобының «Ақтөбем» әнін, Қуанышбек Қайрат-ұлының «Түнгі қала» композициясын, Сабина Панабаеваның «Ғашық болу» әнін, Ақбота Қоянбайқызының «Сенің жанында» шығармасын және өзге де өнерпаздардың өнерін зор ықыласпен қабылдады. Әрбір орындаушы көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді. Сонымен бірге көрермен отандық эстраданың танымал жұлдыздары Bayansulu, Еркеш Хасен, Qanay, Қазыбек Құрайыш, Ерке Есмахан, RaiM сынды әншілердің өнерін тамашалады.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ақтөбеліктер концерт соңына дейін алаңнан кетпей, би билеп, әнге қосылып, мерекенің жарқын сәттерін естелікке түсіріп жатты. Ал мерекелік отшашу кештің жарқын қорытындысы болып, Ақтөбе аспанын әсемдей түсті.

М.ТАБЫН, Ақтөбе қаласы 

 

03.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25660
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25118
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42533
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38381
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42909