Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен балаларға тең әрі қолжетімді, қауіпсіз орта қалыптастыруға және сапалы білім беруге бағытталған ауқымды әлеуметтік реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Адами капиталды дамытуға бағытталған инновациялық тәсілдерді әрбір баланың әлеуетін толық ашуға бағыттау қоғамның тең және әділ дамуына жол ашады. Сондықтан инклюзивті білім беру – Қазақстанның әлеуметтік саясатының жаңа сапалық деңгейін айқындайтын маңызды бағыттардың біріне айналды. Осыған орай Маңғыстау облысында ерекше қолдауды қажет ететін, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға арналған «Qamqorlyq» 4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Қазақстан халқына», «Samruk-Kazyna Trust», «Қамқорлық» корпоративтік қорларының және өзге де жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында әрбір азаматтың, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білімге, медициналық және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуі – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Президент Ұлттық құрылтай отырысында Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, әрбір облыс орталығында ерекше балаларды, соның ішінде аутизм спектрі бұзылысы бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарын салу жөнінде тапсырма берді. Осыған байланысты елімізде ерекше балаларды ерте жастан анықтап, түзету жұмыстарын жүргізу үшін арнайы орталықтар желісі артуда. Бүгін ашылып отырған бұл орталық – сол жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Мұнда балалардың әлеуетін дамытуға, қоғамға бейімделуіне және сапалы әлеуметтік қызмет алуына барлық жағдай жасалған», – деп атап өтті Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Осы тұста атап өтер жайт, облыс әкімдігі жергілікті бюджет есебінен орталық орналасқан ғимаратты қайта жаңғыртуға қомақты қаржы бөліп, «Қазақстан халқына», «Samruk-Kazyna Trust», «Нұрсұлтан Назарбаев», «Қамқорлық» корпоративтік қорлары материалдық-техникалық жабдықтаумен қамтамасыз етті.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева орталықта дамудың ерте кезеңдерінде бұзылуларды анықтауға және оңалту бағытын әзірлеуге мүмкіндік беретін озық үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылғанын атап өтті. «Қор әлеуметтік маңызы зор міндеттерді шешуге бағытталған қайырымдылық бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі оныншы оңалту орталығының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Ата-аналармен де сөйлесіп, пікір алмастық. Ерекше баласы бар ата-ананың үлкен арманы баланың өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын меңгеруі екені мәлім. Аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға арналған орталықта әртүрлі мамандар топтастырылған, олар әр баланың қабілеті мен қажеттілігін ескере отырып, әдіскерлер әзірлеген жеке бағдарлама бойынша жұмыс істейді», – деді Ләззат Шыңғысбаева.
Жаңа орталық 3 пен 18 жас аралығындағы аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға күндізгі форматта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Мұнда сенсорлық бөлме, акустикалық кабина, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері, ABA-терапия бөлмелері, робототехника және Lego сыныптары, арт-терапия, қыш шеберханасы, тігін және ұстахана кабинеттері жұмыс істейді. Орталық бір ауысымда 125 балаға дейін кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда балалармен логопедтер, дефектологтар, психологтар және қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA) бойынша мамандар жұмыс істеп, олардың әлеуметтік бейімделуі мен жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған қызметтер көрсетеді.
Lego сыныбының маманы Жадыра Санжарбайқызы ұсақ детальдарды құрастыру аутист баланың зейінін, қол моторикасын, конструкторлық дағдыларды, шығармашылық және кеңістіктік ойлауды дамытатынын айтады.
«Сыныпты арнайы жабдықтаған демеушілерге алғысымыз зор. Lego құрастыру арқылы балалар іс-әрекеттерді жоспарлауды, белгілі бір ретпен құруды, себептері мен салдарын түсінуді үйренеді. Сонымен қатар бағыттар мен маршруттар туралы негізгі түсініктерді меңгеруді үйренеді. Бұл ойын шығармашылық ойлау мен қиялды ынталандырады», – деп атап өтті маман.
Дефектолог Диана Серік жұмысының басты мақсаты аутизм спектрінің ауытқуы бар балалардың ойлау қабілетін арттыру, таным-түсінік көкжиегін кеңейту екенін атап өтті. Ерекше балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға арналған кабинетте интерактивті тақта бар.
«Балалардың білімін тексеру үшін осы арнайы модульмен жұмыс істейміз. Балалар қоршаған әлемді, дене мүшелерін, жануарларды, жаман және жақсыны ажыратып, сандарды, әріптерді еске түсіреді. Қосымша сұрақтар тапсырмалар кезінде дыбысталып, айтылады», – деді дефектолог.
Сондай-ақ бұл кабинетте құм палитрасы да жұмыс істеп тұр. Баланың шығармашылық қабілетін шыңдап, жан дүниесін жайландырып, оның тынығуына септесетін құралдардың бірі – құм терапиясы. Құм терапиясы арқылы бала табиғи материал – құмды қолданып, өз ойы мен сезімін білдіреді», – деп атап өтті Диана Серік.
«Бүгінгі таңда өңірде 8 мыңнан астам мүгедектігі бар балалар бар. Оның ішінде аутизм спектрі бұзылған мүгедектігі бар балалар саны 600-ден асады. Жаңа оңалту орталығында 100-ге жуық маман қызмет атқарады, жалпы саны 125 балаға арналған», – деді өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Аида Қуаныш.
Жаңа нысан өңірдегі ерекше балаларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береріне сенім зор.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ,
Маңғыстау облысы
















