Қандастарымыздың оралуына зор тосқауыл қоятын пилоттық жоба қайта қаралуы тиіс!

Қандастарымыздың оралуына зор тосқауыл қоятын пилоттық жоба қайта қаралуы тиіс!

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!

Халықтың, қоғам қайраткерлерінің, өзіміздің тараптан өткір де батыл сараптамалық материалдар жарияладық. Тіптен ғаламторда да айтылып, жазылып жатқан пікірлер тоғысында небір қатты-қатты ойлар айтылып жүр. 

«Qazaqstan dauiri» газетінде жаңа Конституция жобасы туралы ұсыныстар толассыз түсіп жатыр. Ашығын айтайық, бізді қудалап, аузымызға қақпақ қойып, газетіміздің шығуына тосқауыл болып отырған билік жоқ. Ендеше демократия жоқ деп қалай айта аламыз? 15 наурыздағы референдумға қатысып, дауыс беру – әрбір Қазақстан азаматының парызы деп есептеймін. Себебі сіздің дауысыңыз – ұлтымыздың үні, Ата Заңымыздың тағдырын айқындайды. Бәріміз де осы ұлы шарадан тыс қалмауымыз керек, ағайын!

Жұрттың барлығы 15 наурызда болатын референдум туралы пікірлесіп жатқанда, жаңа жылдан бастап қолданысқа енген, «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы» (Ескерту. 31.12.2026 дейін қолданылады – осы бұйрықтың 9-тармағымен) заң жобасы шетелден елге келіп жатқан қандастардың мазасын қашырып жібергендей болды.

Соңғы бірнеше күнде газет редакциясына және менің жекеме келіп түсіп жатқан хаттар мен ұсыныстар да молайып барады. Себебі, «Qazaqstan dauiri» газеті көш тақырыбын күн тәртібінен түсірмей, тұрақты түрде беріп келе жатқан басылым. Өзім де Ұлы көш туралы жылдар бойы қалам тербеп келемін. Есіме сонау 2013 жылы тамызда жазылып, көптеген газеттер мен сайттарда жарияланған «Ұлы көштің тоқтауы –  кешірілмейтін қылмыс!» атты мақалам түсті.  https://abai.kz/post/18530 

«Нақты деректерге сүйенсек, шетелдерде 5 млн-дай қазақ бар көрінеді. Олардың келешегі, ұрпағының жаһандану дәуіріндегі кескін-келбеті қандай болмақ? Олардың шындап келгенде Қазақстаннан басқа Отаны бар ма өзі? Ұлан-байтақ даламызға топырақтан адам жасауға бейіл болып отырғанда, бүгінгі ұлы көшті тоқтату, ұрпақ алдындағы кешірілмес күнәміздің бірі болып қалмасына кім кепілдік бере алады?»... деп мәселе көтергенде билік бұған сол кезде назар аударып, нәтиже шығарған болатын. 

Мен Ұлы Отанымыз Қазақстанды бетке алған ұлы көштің бір сәтке де тоқтамауын тілеп келе жатқан анамын! Осы елдің перзентімін! Сондықтан көшке көлденең тосқауыл болғалы тұрған бұл мәселе мені тағы да алаңдатып, қолыма қалам алуыма тура келіп отыр. 

Жаңа заңның талаптары қандай?

Елді елеңдеткен пилоттық жоба – Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қатарлы құзырлы мекемелердің бірлескен бұйрығы еді. Біз бұл құжаттың ішінара мазмұндарын ғана мысалға келтіруді жөн көрдік.

Бірлескен бұйрығына 1-қосымшада «Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға көшіп келушілер үшін тестілеу, сауалнама жүргізу және әңгімелесу өткізудің қағидалары» көрсетілген. Онда «Осы Қағидалар Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға көшіп келушілерге қатысты тестілеу, сауалнама жүргізу және әңгімелесу өткізудің бірыңғай тәртібін белгілейді (бұдан әрі – Қағидалар) және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға және қандас мәртебесін алуға үміткер адамдарға қолданылатын, алдын ала айқындалған өлшемшарттар бойынша балдарды автоматты түрде беру негізінде жүзеге асырылатын бес кезеңнен тұратын цифрлық бағалаудан өтуді қамтиды» деп анық жазылған екен.

1-тараудың 3-тармағында «Осы Қағидалар еңбек қызметін жүзеге асыру, бизнес-иммиграция, инвестициялық және туристік қызмет, білім алу, сондай-ақ гуманитарлық және саяси себептер бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды»  делінген.

Ал 2-тарау. Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға көшіп келушілер үшін тестілеу мен сауалнама жүргізу, тексерулерді жүзеге асыру және әңгімелесуден өтудің тәртібінің 4-тармағында көрсетілген белгілеме бойынша «Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға, оның ішінде қандас мәртебесін алу үшін көшіп келушілерге қазақ тілін білуін анықтауға арналған ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 23 қыркүйектегі № 458 бұйрығымен бекітілген «ҚАЗТЕСТ» қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша қағидаларына (бұдан әрі – ҚАЗТЕСТ қағидалары) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35109 нөмірімен тіркелген) сәйкес ҚАЗТЕСТ цифрлық жүйесі арқылы онлайн форматта өткізіледі.

Қазақ тілін білуді бағалау онлайн форматта өткізіледі. Тестілеудің ұзақтығы – 1 сағат 10 минут. Тестілеу бір дұрыс жауабы бар 60 тапсырмадан тұратын мынадай блоктарды қамтиды:

Тыңдалым – 20 тапсырма (20 минут);

Оқылым – 40 тапсырма (50 минут)» делінген екен.

Демек, 2026 жылы пилоттық жоба ретінде қолданылатын бұл заң талаптарына сай, елге келіп тұрақты тұрғысы келетін, азаматтық алғысы келетін этникалық қазақтар қазақ тілінен тест тапсыруы тиіс! Бұл тестілеуден мүгедектігі бар адамдар да қағыс қалмайды. Заң жобасында «5. Мүгедектігі бар тұлғалар ҚАЗТЕСТ тестілеуінен өтуге өтінім беру кезінде апостильденген растайтын құжатты қоса тіркейді және жеке көмекшінің немесе ымдау тілі маманының қызметін пайдалану қажеттілігін көрсетеді, сондай-ақ қосымша уақыт – 40 (қырық) минут беріледі», – деп көрсетілген. Осы тұста соңғы бірер жылдың көлемінде Қытайдан келетін ағайындардың осы апостильденген құжаттар туралы біраз әуреге түскені есімізге оралды.

 

Азаматтар неге алаңдады?

Жаңа заң туралы пікір айтып жатқан азаматтардың қарасы мол. Алғашқы болып дабыл қаққан журналист Қалиякбар Үсемханұлы өзінің «Үкімет екі сөйлей ме?» деген мақаласында мәселені толығымен баяндаған екен.

«2023 жылын бастап, Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді білу емтиханы тапсырылатын болғаны көпке мәлім. 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына сәйкес жасалған бұл шешімге байланысты журналистер «бұл шетелден келетін қандастарға қосымша кедергі болмай ма?» деп сол кездегі ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов сұрау қойғанда Үкімет басшысы:

«Этникалық қазақтарға және кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алатын адамдарға аталған талаптар қолданылмайды. Осы орайда Қазақстанда жақын туыстары тұрса немесе жұбайы Қазақстан азаматы болса, сондай-ақ елімізге еңбегі сіңген адам болса, онда тиісті шешіммен жеңілдетілген түрде осы адамдар азаматтық ала алады» деді.

Үкімет басшысы айтқанында тұрды. Өткен 4 жылда бірде бір этникалық қазаққа бұл талап қойылған жоқ. Жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алып келген еді...» дей келіп жаңа заңға тоқталады.

«Әрине, бізде бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ана тіліміздің арқауын биіктету қажет десек те, бұл қандастар көшіне қосымша тосқауыл болады деген алаңдаушылық күшті. Себебі қазір Өзбекстан мен Моңғолиядан басқа елдерде қазақ тілінде білім беретін оқу орындары жоқ, бәрі жабылған. 2015-2016 жылдарға дейін қазақ тілінде білім беретін аралас мектептер болған Қытайдың өзінде қазақ балалары қазір атын қазақшалап әзер айтатын күйде десек, асырып айтқандық емес. Ал Ресейдегі қандастарымыздың дені қазақ тілін түбегейлі білмейді. Сондықтан бұл мәселені тек құқықтық талап ретінде ғана емес, ұлттық мүдде мен демографиялық саясат тұрғысынан да қарастыру қажет. Қандастар – жай ғана көші-қон легі емес, олар тарихи Отанына оралып жатқан қазақ ұлтының бөлшегі. Мемлекет жылдар бойы «оралмандар» саясатын жүргізіп, кейін «қандас» мәртебесін бекітіп, көші-қон үдерісін жеңілдетуге күш салды.

Алайда енді енгізіліп отырған емтихан талабы сол бағытпен қаншалықты үйлеседі? Иә, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – стратегиялық міндет. Бірақ шетелдегі қазақтардың тілдік ортасы әркелкі. Кейбірі тұрмыстық деңгейде ғана сөйлейді, кейбірі мүлде оқып-жаза алмайды. Бұл – олардың қазақ емес екендігінен емес, ондаған жылдар бойы өзге тілдік ортада өмір сүруінің салдары. Сондықтан қандастардан қазақ тілінен емтихан алуды қандас мәртебесін беру талабынан алып тастаса немесе басқа баламалы жолдары қолданса дұрыс болар еді», – дей келіп, бірнеше ұсыныстарын айтқан.

«Тәуекел, теріскей бізге аманат!» – деп үндеу тастап, солтүстікке көш-қонды жандандыруды барынша қолдап, іс жүзінде қыруар еңбек атқарып жүрген белсенді азамат Бурахан Дахановқа бұл пилоттық жоба қатты әсер еткендей. Ол өзінің парақшасында осы мәселеге байланысты бірнеше жазба жариялады.

 

ДАБЫЛ!!!

Осы жылдан бастап елге келетін қандастардың саны күрт төмендейтін болды. Себебі, жаңа қабылданған заңнама бойынша, атамекенге оралған қазақ – елге қандас болып тіркелуі үшін міндетті түрде тест тапсыруы керек. Тест, Қазақстан тарихы, Қазақстан Конституция негіздері және Қазақ тілінен. Ана сұрақтарды оқып отырып, елдегі қазақтардың өзі тапсыра алмайтын зат екенін түсініп отырмын.

Мысалы, Конституция негіздері бөлімінде мынадай сұрақ бар: Республика Конституциясына сәйкес азаматтардың келесі құқықтары ешбір жағдайда шектелмеуі тиіс.

А. Бірлесу бостандығы

B. Мемлекеттік істі басқаруға қатысу

C. Өмір сүру

D. Сайлау және сайлану еркіндігі

Ал, Қазақстан тарихы бөлімінде мынадай сұрақ бар: – 1992 жылы, 7 мамырда не құрылды?

A. Қазақ КСР қарулы күштері

B. ҚР Қорғаныс министрлігі

C. Қазақстан Халық Ассамблеясы

D. Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республика қарулы күштері

Ал енді, Қазақ тілінен тест, кәдімгі көп сөйлемді жұмбақтар. Бір қызығы тест, Қазақ тілі, Орыс және Ағылшын тілінен ғана. Яғни, кириллицамен, латын әріптері. Жарайды, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей жақтан келгендерге кириллица таныс, олар оқып тұр. Бірақ жауаптарын білуі күмәнді. Енді елестетіңіз, Қытай, Иран, Ауғанстан қазақтары кириллица әріптерін тани қоймайды.

Демек... Жалпы.. Қазақстанда 10 жыл оқыған баланың өзі мына сұрақтарға жауап беруден қиналатын сұрақтарды енгізу кімге және не үшін қажет болуы мүмкін? Оның үстіне, бір реттік тесттің өту бағасы 9000 теңге, ал, жай тексерілу үшін 3535 теңге. Тесттен бір құласаң, бір айдан кейін, одан құласаң 3 ай, одан құласаңыз, 6 айдан кейін тапсырады екенсіз.

Шетелде, бөтен елде тұрып жатқан қандастарымыз сол елдің заңымен және сол елдің білім жүйесімен өмір сүреді. Олар келіп, бір-екі айда Қазақстанның тарихын, Конституциясын, тілін, қаріпін терең меңгеріп кету деген зат – утопия!!!!

Міне, жоғарыдағы екі азаматтың да айтқан уәждеріне өздеріңіз де қосыласыздар деген ойдамыз.

Министрдің мәлімдемесін заң авторының өзі де  түсінбей қалғандай...

«Әлеуметтік желі бетінде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның осы мәселеге байланысты бейне материалы таралып жатыр. Төменде Аида Ғалымқызының сөзінің толық нұсқасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– 2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама, өкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесулері кіреді.

Мемлекеттік қолдауға үмітті қандастарымыз үшін арнайы тәртіп бар. Мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдаулар бағдарламаларын пайдалану үшін олар қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы керек. Бұл Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өңірлік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет оларға көшуге, баспанаға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Ал егер отбасы 5 жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады. Сонымен қатар, балама жол да бар. Яғни, мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алу. Бұл жағдайда өңірді өз қалауынша таңдай аласыз. Жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі. Қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірлері ескеріледі. Заңды құрметтейтін, адал азаматтарға әрдайым басымдық беріледі. Цифрлық құралдар заңсыз әрекеттер мен жалған құжаттарды жоюға мүмкіндік береді. Құрметті достар, көші-қон мәселесі заңды, қауіпсіз әрі бақылауда болуға тиіс. Тек сонда ғана ол мемлекетіміз бен азаматтарымыздың мүддесіне сай келеді, – дейді Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева.

Бурахан Дахановтың дабылына пікір білдіргендердің қатарында Парламент депутаты, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары Қазыбек Иса да бар. Біз Қазыбек Жарылқасынұлының пікірін де қаз-қалпында келтірейік.

– Бұл азаматтық беруі тиісті қызметкерлердің білместігі болар, Burahan бауырым. «Ақ жол» партиясы талай жылдан бері көтеріп келе жатқан мемлекеттік және ұлттық мүддені қорғаудағы маңызы өте зор. Бұл ҚР азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден, ел Конституциясы мен тарихынан емтихан тапсыратын талапты 2024 жылы заңға енгізген мен болатынмын. Ол заң бойынша этникалық қазақтар емтихан тапсырмайды деп айқын жазылған. Ол емтиханды өзге ұлттар үшін енгізгенбіз.

Ал ҚР Премьер-Министрі орынбасарының Үкімет енгізген жаңа тәртіп бойынша ҚР азаматтығын алу үшін емтихан тапсыруға тиістілер қатарына «этникалық қазақтарды» да қосып айтуы түсінбестік тудырып жатыр.

Сонда ҚР Парламенті қабылдаған, ҚР Президенті Қ. Тоқаев 2024 жылы 16 мамырда қол қойған № 82-VIII ҚР Заңынан Үкімет қаулысының күші артық болғаны ма?!

Бұл мәселені анықтап, жариялайтын боламыз, – депті Қазыбек Иса.

Қазыбек Жарылқасынұлы сонымен қоса «Мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматы бола алмайды!» атты материалын да келтірген.

Міне, осы тұста бізде заңды сұрақ туындап отыр. Парламентте қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойған бұл заң қашан, қай жерде, кімдердің ықпалымен осылай өңі өзгеріп шыға келді? Бірнеше министрліктің қатысуымен, басшыларының қолдауымен қабылданған қаулы қалайша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің қол қойып бекіткен заңын елеусіз қалдырып отыр?

Көші-қон саласында әлі күнге дейін кемелді заң жасалған жоқ

«Қазақстан егемендігін жариялап, бір апта өткенде Президент Нұрсұлтан Назарбаев радиода сөз сөйлеп, шетелдерде тұрып жатқан барша қазақтарды Қазақстанға көшіп келуге шақырғаны белгілі. Соған жалғас «Алыстағы ағайынға хат» дейтін жүректі тебірентетін тағы бір хат әлі есімізде. Жер бетінде тарыдай шашылып жүрген қазақтардың содан бастап, атажұртқа қоныс аударғанын барлығыңыз білесіздер. Бұл мақаламызда елді елеңдеткен, жүректерді тебіренткен сол тарихты қайта қозғап, оқырмандардың уақытын зая кетірмей, кейбір жайларға ғана тоқтала кетуді жөн көрдік.

Содан бері өткен 35 жылда этникалық қазақтарды елге қайтару үшін талай заң жобасы өмірге келді. Талай рет өзгерді. Талай рет кедергілерге тап болды. Көші-қон саласындағы уәкілетті органды біресе ана министрлікке, біресе мына министрлікке теліп, пәлен рет өзгерттік. Негізі арнаулы министрлік етіп құру керек еді. Қазақ журналистері мен көзі қарақты азаматтардың бұл туралы пікір білдіріп, жанашырлық танытпағаны кемде-кем шығар.

Қазақтың көші-қонына жан бітіп, ел елге, етек-жеңге қосылып жатқаны кейбір импершіл күштерге ұнамайтыны әуелден белгілі болды. Алайда тәуелсіз елдің ішкі ісіне тікелей араласуға батылдары бармаса да, астам пиғылды саясаткерлер шетелде отырып-ақ біздің ішкі ісімізге көрнеу және ту сыртымыздан тас атуын қоймай келеді. Оған өзіміздің түрі қазақ болғанымен, жүрегі, ниеті әлдеқашан басқа жұртқа байланған екіжүзді сұмдарды қосыңыз... Бақытымызға орай Нұрсұлтан Назарбаев бастаған істі Қасым-Жомарт Кемелұлы ары қарай сәтті жалғастырып келе жатыр. Дегенмен, тұңғыш Президенттің кезінде де осы ұлы көшке кедергі келтіруге барын салған басшылардың талайын көрдік. Алды «Отан сатқыны» сипатында түрмеде отырса, арты жемқорлығы әшкереленіп, қарабет болып жұртқа танылды... Табалаудан аулақпыз, әрине.

Кезінде «Қазақстанға көшіп келіп 5 жыл тұрғаннан кейін ғана азаматтық беру» туралы шешім шыққаны белгілі. «Бұл заң күшіне енсе, шетелдегі 5 миллион қазақтан тірідей айрыламыз!» деп мақала жазып, дабыл қақтым. Қоғам талабы ескерусіз қалған жоқ. Сол жылы газетімізге, менің жекеме алғысын айтқан, мыңдаған хаттар мен хабарламалар келіп түсті. Монғолияда шығатын «Монгол Заман» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, марқұм Асылбек Рахатұлы бауырым бастаған азаматтар арнайы келіп, Алғыс хаттарын табыстап, төсбелгісін тағып кетіп еді. Ол маған емес, газет ұжымына берілген марапат еді. Содан бері де талай өзгерістер еніп, талай өзгерістері күшінен айырылып жатыр. «Оралман» атауын «Қандас» деп өзгерттік. Одан да оңалып кеткен дүниені көрген жоқпыз. Қаны бір қандастарымызды қан қақсататын талай өзгерістерді айналымға енгізіп көрді біздің билік... Елге «таза адамдарды тарту» мақсатында «сотталмағандығын дәлелдейтін анықтаманы» алдыртайық дедік. Сөйтсек, шығыстағы көршіміз бір науқанның кезінде Қазақстанды Қытайға дұшпан пиғылдағы 26 мемлекеттің қатарына қосып, қызыл басты құжат шығарып, Шыңжаң көлеміне жасырын таратып тастаған екен. Құжатын да көзіміз көрді. Сол «дұшпан елге» қоныс аударсам деп құжат жинай бастаған талай қазақты істі қылып, абақтыға жапқанының анық дәлелдерін де көрдік. Ал енді мұны қалай реттейсің дедік? Сөйтіп ол анықтаманы «сәл жұмсарта» тұрып едік, 2023 жылы 19 сәуірде енгізілген «Халықтың көші-қоны туралы» заңына енгізілген 20-баптың 5-тармағы да, бұрын үш жұмыс күні ішінде «Халыққа қызмет көрсету орталығы» (ЦОН) арқылы оп-оңай беріліп келген «Қандас» мәртебесін беру тәртібін енді «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы арқылы отыз бес жұмыс күні ішінде берілетін етіп қиындатып тастағаны есімізде. Қандас мәртебесі болмаса, азаматтық ала алмайды деген сөз.

Ендігі әңгіме, мынау пилоттық жоба төңірегінде болып тұр. Мұнда ішкі көші-қонды дамытуға бағытталған 6 облыста ғана қандастарды қабылдау қарастырылған. Одан да қиыны Қазақ тіліне тапсырылатын тест болып отыр. Заңда белгіленген талаптың стратегиялық маңызын жақсы түсініп отырмыз. Дегенмен осыны этникалық қазақтарға қолданбай-ақ қою керек дегенді ашық айтқымыз келеді. Себебі жыл өткен сайын шетелдердегі қазақтар ана тілдерінен айрылып бара жатыр. Әсіресе, Қытайдағы қазақтардың жағдайы тіптен қиын. 

Қазір ол жақта қазақ мектебі толық жойылды! Сонымен қатар, олар қолданатын әртүрлі әліпбиден туындайтын кедергілерді айтпағанның өзінде, қарапайым тілдік деңгейін сақтап қалғанының өзіне қуануымыз керек емес пе? Қазақстанда отырып қазақ тілін білмейтін қазақтарды неге ескермейміз? Біз жер бетіндегі барша қазақтың жалғыз Отаны – Қазақстан ретінде олардың ана тілдерін сақтап қалуына қандай көмектер жасап отырмыз? Ең әуелі осыны неге ойланбаймыз? Сөйте тұра оларға қиын талап қойып, кеудесінен кері итергеніміз қалай? Соңғы үш күнде Қытайдан Жетісу облысына қоныстануға ниет етіп келген бір отбасының кері қайтқан хабарын алып отырмыз. Мына заң күшінде қала беретін болса, мұндай жағдайлар молая бермек. Сөйтіп стратегиялық маңызы бар көші-қон саласы тоқырауға бет алайын деп тұр...

 

PS: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы дәстүрлі Жолдауларында, түрлі басылымдарға берген сұхбаттарында этникалық қазақтарды елге шақыру үрдісінің жалғаса беретіндігін үнемі айтып келе жатыр. Мәселен бір сұхбатында: «Шетелдегі қандастарымызды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деген еді. Сондай-ақ 2023 жылы 11 қазанда «Отандастар» форумына қатысушыларға үндеу жолдап: «Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз. Олардың Атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді» деген болатын.

Қазыбек Исаның айтуынша, Парламенттен өткен заң жобасында ешқандай кемшілік жоқ екен. Ендеше Парламент мақұлдаған, Президент қол қойып бекіткен заңның бетіне түкіруге, Бектеновке бағынатын министрлердің қалай батылы барып отыр? Тіпті бұл мәселе талқыға түсіп жатқан жаңа Конституция жобасына жақсылап тұрып енгізіліп, референдум арқылы бекітілуі тиіс емес пе?»

Қысқаша айтқанда, біз Президентіміздің үкімін шынайы орындауды қалайтын болсақ, жоғарыда аталған талаптарды тиімді жүзеге асырып, тиісті орындар аталған пилоттық жобаны қайта қарап, оны жетілдіру қажет. Сонда бұл құжат қандастарымыздың атажұртқа оралуын жеңілдетіп, тиімді жолға қойылады деп сенеміз.

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
26.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23609
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23266
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39803
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36752
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40917