Қап тауындағы саяси дода

Қап   тауындағы саяси дода

Арменияда парламент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының таратқан мәліметі бойынша, қазіргі премьер-министр Никол Пашинян жетекшілік ететін «Азаматтық келісім» партиясы 49,8 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Одан кейінгі орындарда 23,3 пайызбен ресейлік-армяндық бизнесмен Самвел Карапетян басқаратын «Күшті Армения» партиялар блогы орын алған. Ал бұрынғы президент Роберт Кочарянның «Армения» партиясы 9,9 пайыз, «Гүлденген Армения» партиясы 4 пайыз дауысқа ие болыпты. Армения Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, сайлауға халықтың 58,97 пайызы қатысып, 1 476 597 азамат дауыс берген.

Армения – парламенттік республика болып табылатын Арменияда сайлау әр бес жыл сайын партиялық тізімдер бойынша өтеді. Үкімет басшысы болып сайлауда жеңіске жеткен партияның жетекшісі сайланады. Биылғы саяси науқанға 16 партия және екі блок қатысты.

Армения сайттары бұл туралы жан-жақты хабарлап жатыр. «Armenia Today» ақпарат порталы жеңімпаз атанған Пашинянның баспасөз мәслихатындағы сөздерін жариялады. Онда: «2021 жылмен салыстырғанда «Азаматтық келісім» партиясына халықтың басым бөлігі дауыс берді, көп азаматтың сенім мандатына ие болғанын атап өткім келеді. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді», – деп мәлімдеген. Ол өз сөзінде алдағы болатын саяси бағыт жайлы да ой бөлісе кеткен. Мәселен көршілес елдермен болатын қарым-қатынастарға айрықша тоқталған.

«Армения халқы Түркия және Әзербайжанмен бейбіт қарым-қатынасты қолдап дауыс берді. Әрине, біз Түркиямен шекараның ашылуын күтеміз», – деді Пашинян «Media From Turkiye» басылымына. Никол Пашинян журналистерге берген сұхбатында Арменияның Батыспен жақын араласуға ұмтылатынын, бірақ Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қатысуын тоқтатпайтынын мәлімдеді. 

«Біз Батысқа жақындай түсуді жалғастырамыз, бірақ сонымен бірге ЕАЭО мүшелігінде де қала береміз. Біз Ресей Федерациясымен, сондай-ақ ЕАЭО-ның басқа елдерімен қарым-қатынасымызды дамытамыз», – деді премьер-министр. 

Армения халықаралық аренада аса ықпалды ел болмаса да, соңғы жылдары жұрт назарын аударып келеді. Мұның басты көріністерінің бірі – Пашинян басқарған Үкіметтің Таулы Қарабақ ісінде тарихи әділеттің орнауын мойындауы болды. Ал соңғы жылдары Арменияның Еуропалық Одаққа қарай бетбұруы Мәскеудің ұйқысын қашырған өзгерістердің бірі ретінде танылып үлгерді. Міне, осындай мәселелерге байланысты Армениядағы кезекті парламент сайлауына күллі дүние көз тікті. Себебі Ресейден іргесін аулаққа салғысы келетін «Азаматтық келісім» партиясы мен Кремльге арқасын сүйегісі келетін «Күшті Армения» партиясы тартысқа түскен еді.

Кезекті парламент сайлауы жайлы кейбір бейресми ақпараттар тіпті қызық болды. Бір айтылуда, Кремльдегі идеологтар Армениядағы сайлауды «былықтыруға» кәдімгідей дайындалғандығы мәлім болды. Олар Ресейде жүрген 100 мыңның төңірегіндегі армяндарды Ереванға барып сайлауға дауыс беруге «ынталандырған» көрінеді.

Сайлау қарсаңында Ресейден парламент сайлауына дауыс беруге келген Армения азаматтары (ер-азаматтар) шекарада және Ереван әуежайында әскери жиынға шақырту алып, жаппай «тосын сыйға» тап болды. Сайттар Армения премьер-министрі аппараты жетекшісінің көмекшісі Тарон Чахоянның мәлімдемесін таратып жатты. Онда: «Ресейден «пара алып» сайлауға келіп жатқан Армения азаматтары 25 күндік әскери оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Ал кім бұдан бас тартса, үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылады», – делінген. Осының алдында Ресейдің «үгітшісі» Соловьевтің «енді бізден көретін боласыңдар...» деген мазмұндағы сөзі таралып еді.

Осылайша парламент сайлауы аяқталды. Сарапшылар Мәскеудің ықпалы тұтас Қап тауы аймағынан азая береді деген болжамдарын айтып жатыр. Оны уақыт көрсетер. Ал армениялық саясаткерлер қазірдің өзінде алдағы бағдарын айқындап алған сыңайлы. Мәселен, Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Түркиямен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру процесі жүріп жатқанын және жақын арада жаңа ілгерілеушіліктерге қол жеткізуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ол бұл сөздерді үкіметтің 2025 жылғы бюджетін орындау жөніндегі парламенттің бірлескен комитетінің тыңдауында айтты. Мирзоян заң шығарушыларға: «Түркиямен диалогымыз жалғасуда; Гюмри-Карс теміржолын қайта ашу үшін құрылған жұмыс тобы кездесулер, сондай-ақ басқа да бірнеше кездесулер өткізілді», – деді.

Ол қалыпқа келтіру процесі жақын арада нақты нәтижелерге әкелуі мүмкін екенін қосты. Министр: «Мен жақын болашақта Түркиямен қарым-қатынасты толық қалыпқа келтіру жолында нақты ілгерілеушілікке қол жеткіземіз деп күтемін және сенемін», – деді. Мирзоян сонымен қатар қалыпқа келтіру процесі өзінің логикалық аяқталуына жететініне сенетінін білдірді. Ол: «Мен жақын арада біз іс жүзінде толық қалыпқа келеміз деп сенуге дайынмын», – деп нақты мәлімдеді. Сыртқы істер министрі сонымен қатар екі ел арасында тікелей сауда бар екенін атап өтті. Мирзоян: «Мен тек соңғы жаңалықтарды ғана айтамын. Есепті кезеңге қатысы болмаса да, біз қазір Армения мен Түркия арасында тікелей саудаға қол жеткіздік, кедендік және географиялық тұрғыдан тікелей, бірақ қазіргі уақытта ол әлі де үшінші елдер арқылы жүзеге асырылып отыр», – деді.

Шетелдік басшылар Пашинянды сайлаудағы жеңісімен құттықтап жатыр. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан бар.

 Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

11.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25790
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25240
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42652
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38494
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43051