Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының назарына!
«Әлекке түскен Александрдың» жыры әлі таусылмай тұр. Бұл туралы газеттің өткен нөмірлерінде бірнеше материал жазылғандықтан, оны қайталап жатпаймыз. Ал, кезекті мақаланың жайы қатысты тарауларға жолданған хаттар мен олардан келген сырғытпа жауаптар туралы болмақ. Естеріңізде болса, А.Лакайдың арызы бойынша қарастырылып жатқан іс екі жыл бойы Астана қаласы Алматы ауданы ішкі істер мекемесінде тексеріліп, енді сотқа жөнелтілгелі тұрған жерінен Астана қаласы Алматы ауданы Прокуратурасынан істі сотқа жеткізбей тоқтату туралы Қаулы шыққанын айтып едік. Енді сол Қаулының мазмұнына қысқаша тоқтала кетейік.
Прокурор «қылмыстық құрамы жоқ» деген...
Аталмыш Қаулыда Ш.-ның әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ, бұған дәлел екі тұлға арасында 27.12.2021 жылы келісімшарт жасалған. Осы келісімшартқа сәйкес келісімшарт мерзімі ішінде техникамен еркін жұмыс жасау құқығы берілген, сондықтан ВСХ-дан 12 техника бірлігін «СЛ» ЖШС аумағына шығаруды заңды әрекет деп санаған екен. Осыларды есепке ала отырып «Қылмыстық қудалау органымен Ш.-ның әрекеттерінде ҚР ҚК-нің 190-бабының белгілері анықталған жоқ, іс бойынша барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді, қазіргі уақытта қосымша дәлелдер жинау мүмкіндіктері таусылды» деп көрсеткен.
Газетіміздің өткен нөмірлерінде «Әлекке түскен Александр» атты мақаладан кейін, құқығы тапталған инвесторға араша сұраған оқырмандардың пікірлерін де жариялап келеміз. Әрі Бас редакторымыз Ертай Айғалиұлының ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловтың назарына ұсынылған хаты туралы да оқырман қауымды құлағдар еткен болатынбыз. Өткен аптада сол хатқа қарата мынадай жауап келді.
Астана қаласы прокуратурасының жауабы
Мәні бойынша қарау үшін «Qazaqstan dauiri» газеті» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің жолданымы жолданады.
Бұл жолданым Бас прокуратураның бақылауында, жолданымда көрсетілген уәждерді жан-жақты тексеріп, расталған жағдайда прокурорлық қадағалау актісін енгізу қажет.
Нәтижелері туралы жолданым иесіне заңда белгіленген мерзімде қала прокурорының атымен хабарлау және 1-Қызметке дәлелді құжаттармен ақпарат жолдау сұралады.
Екінші мекен-жайға мәлімет ретінде хабарланады және Бас прокуратураға өтінішпен жүгінгенде облыс прокуратурасы және оларға теңестірілген прокурорлардың бірінші басшысының немесе оны алмастыратын адамның жауабын (шешім) тіркеу қажеттігін түсіндіреміз.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңының 7-бабына сәйкес қағаз жеткізгіштегі қол қойылған құжатпен бірдей болатын электронды форматқа ауыстырылған арыздың түпнұсқасын кері қайтарамыз.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау Қызметінің басқарма бастығы И.Есқалиев
Александрдың айтары
Істі тоқтату туралы бұл Қаулыға қанағаттанбаған А.Лакай 05.11.2024 ж. Астана қаласы Алматы ауданы прокурорына Өтініш жолдайды. Онда прокурор тарапынан шығарылған Қаулыға қанағаттанбайтындығын айта келіп, Ш.-ның әрекеттерінің бөтеннің мүлкін ұрлау, сенімді теріс пайдалану секілді қылмыстық әрекеттерге толық сәйкес келетіндігін нақты дәлелдермен тағы да бір мәрте айғақтап беріпті.
«2024 жылғы 24 қазанда Астана қаласының прокуратурасы ... қылмыстық іс бойынша Ш.-ға қатысты ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен қозғалған іс бойынша сотқа дейінгі тергеудің бақылау саласын өзгертіп, LIET International Trading GMBH неміс компаниясы (әрі қарай – LIET) меншігіндегі 12 бірлік ауылшаруашылығы техникасын ұрлау фактісі бойынша тергеуді Алматы ауданы прокуратурасына тапсырды. Сонымен қатар, дәл сол күні 2024 жылғы 24 қазанда Алматы ауданы прокуратурасының қаулысымен Ш.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу ҚР ҚПК 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес тоқтатылды. Аталған прокурорлық қаулы заңсыз, негізсіз және ойдан шығарылған болып табылады, ол материалдық және процессуалдық құқық нормаларының бұзылуына қарамастан қабылданған. Қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты прокурор Ш.-ның әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ деп, тараптар арасында азаматтық құқықтық дауды атап көрсеткен.
Алайда, 2022 жылғы 7 қазанда басталған осы қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында Ш.-ның әрекеттерінде ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағында қарастырылған қылмыс құрамының барлық белгілері анық және дәлелді түрде табылғаны белгілі болды», – дей келіп, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №8 «Ұрлық туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысының қатысты актілерін алға тартыпты. Осы жерде алдыңғы мақалаларда сан мәрте қайталанып өткен мына бір бұлтартпас дәлел тағы келтіріледі.
«Ш.-ның әрекеттерінде қылмыс құрамының жоқтығы және тараптар арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастардың бар екендігі туралы прокурордың басты дәлелі – 27.12.2021 жылғы келісімшартқа сілтеме жасауы, бұл келісімшарт LIET компаниясы мен «СЛ» ЖШС арасында жасалған және тараптармен әр жыл сайын жасалатын.
Прокурордың пікірінше (қаулының 3-бетінде), осы келісімшарттың және LIET компаниясының атынан Ш.-ға берілген сенімхатты есепке ала отырып, оған келісімшарт мерзімі ішінде техникамен еркін жұмыс жасау құқығы берілген, оның ішінде техника СВХ-тан «СЛ» ЖШС аумағына еркін тасымалдана алады. Ш. және прокурор бұл жерде УСҚ-нан 12 техника бірлігін «СЛ» ЖШС аумағына шығаруды заңды әрекет деп есептейді, бұл көпжылдық бірлескен қызметтің бір эпизоды болып табылады. Алайда, бұл пікір құқық нормаларына және іс мән-жайларына толықтай қарама-қайшы келеді, себебі келесі себептермен:
27.12.2021 жылғы №20220103 келісімшарттың 1.1 тармағына сәйкес, сатушы (LIET компаниясы) ауылшаруашылығы техникасы, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді «СЛ» ЖШС-ке INCOTERMS 2010 талаптарына сәйкес сатады, бұл әрбір жеткізілім бойынша инвойста көрсетілген көлем мен бағаға сәйкес келеді және бұл инвойс келісімшарттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл тармақтан мынадай қорытынды жасалады: егер тауар «СЛ» ЖШС-ке арналған болса, онда ол келісімшарт негізінде жүк қабылдаушы ретінде инвойста көрсетілер еді. Алайда біздің жағдайымызда LIET компаниясы инвойс шығармаған, яғни техника «СЛ» үшін емес, басқа мақсаттар мен мүмкін болар сатып алушылар үшін, Көкшетау қаласында сатуға арналған. Сондықтан тек проформалар беріліп, жүк қабылдаушы ретінде «СВХ» ЖШС – уақытша сақтау қоймасы көрсетілген, бірақ ол ешкімге сатылмаған. Сонымен қатар, техника иесі болып қазіргі уақытта да LIET компаниясы қалуда. Іс бойынша барлық құжаттама осы айтылған дәлелдерді толықтай растайды, ешқандай құқықтық немесе фактілік байланыс Ш. мен «СЛ» ЖШС арасында осы партия тауарымен жоқ. Барлық тауарды сүйемелдейтін құжаттарда, атап айтқанда, CMR-де, тек проформалар көрсетілген, инвойстар жоқ, бұл А.Лакайдың дәлелдерімен сәйкес келеді, яғни техника нақты жүк қабылдаушы немесе сатып алушы болмаған және ол LIET компаниясының балансында қалды.
Іс бойынша сарапшы, Астана қаласы Мемлекеттік кедендік департаментінің бас маманы И.К.Жұмағалиева (т. 3, л.д. 73-75) мәлімдегендей, Ш. ұрлаған техника уақытша сақтау қоймасына түсіп, онда «Импорт-70» кеден рәсімінде болған, яғни LIET компаниясының меншігі болып қалған, оны сатуға дейін және «Импорт-40» бағдарламасы бойынша кедендік рәсімдеу кезінде – еркін айналымға шығарылғанға дейін.
Осыған орай, Ш. техниканы УСҚ-нан шығару (кеден рәсімін аяқтау) үшін 2022 жылғы 22 тамызда LIET компаниясының бланкаларында және мөрімен хаттар дайындады, онда ол қайтарылған сенімхатқа сілтеме жасап, компания атынан заңсыз түрде мынандай сөздер жазған (түпнұсқалық мәтін): «Жүк құжаттарында жүк қабылдаушының қате көрсетілген деректері үшін кешірім сұраймыз және тауарларды «СЛ» ЖШС қабылдаушы деп есептеуді сұраймыз» деп жазыпты. Сонымен қатар, Ш. бұл 12 бірлік техника үшін тіркелмеген инвойстарға қол қойып, LIET компаниясының мөрін басқан, ал мөр 2022 жылғы 18 тамызда А.Лакай тарапынан қайтарылып алынған әрі проформа мен инвойс нөмірлері бірдей болған, бұл принципті түрде мүмкін емес, себебі бұл құжаттар әртүрлі есепке алу жүйелері болып табылады», – дейді. Өтініштің келесі бөлігінде Александр Лакай даулы қаулыны қабылдау кезінде процессуалдық құқық нормаларының бұзылуы туралы тағы да біраз айғақтарды келтіре отырып, «Аталған процессуалдық заң нормасы толығымен бұзылды, мен барлық іс материалдарымен танысу құқығынан, қосымша құжаттар мен өтініштер ұсыну құқығынан айырылдым, себебі сотқа дейінгі тергеу тоқтатылғаннан кейін іс бойынша кез келген әрекеттер толығымен тоқтатылды», – деп көрсеткен.
Прокурордың қаулысы өзгерген жоқ
Александрдың қайталай жазған өтінішіне қарата 2024 жылы 13 қараша күні аудандық прокуратурадан «Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 105-бабына сәйкес, Сіздің шағымыңыз бойынша қанағаттандырылмау туралы қаулы жолданады» деген хат келіпті. Онда «Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі М.А.Мирзамуратов, А.А.Лакайдың 227111031003690 нөмірлі қылмыстық ісі бойынша берген шағымын қарап, Қылмыстық іс материалдарын зерттеу барысында, Сіз бен Ш. арасында 2012 жылдан 2022 жылға дейін «СЛ» ЖШС шеңберінде кәсіби қатынастар болғандығы анықталды. Осы кезеңде техникалық құралдар бойынша екі тарап арасында дау туындаған. Аталған техникалар «СВХ» ЖШС уақытша сақтау қоймасында болған және Ш. 27.12.2021 ж. жасалған келісімшартқа сәйкес берілген сенімхаттың және оған қол қойылған құжаттардың негізінде оларды кедендік тазарту рәсімдерінен өткізген. Осылайша, екі заңды тұлға арасында азаматтық-құқықтық қатынастар бар екені белгілі болды, бұл дауларды шешу азаматтық сот тәртібінде қаралуы тиіс. Тергеу органымен заң бойынша барлық шаралар қабылданып, тергеудің толық, жан-жақты әрі объективті жүргізілуі қамтамасыз етілді. Қылмыстық іс материалдары мен дәлелдемелер, оның ішінде куәгерлердің жауаптары, 27.12.2021 жылғы 2 млн еуроға арнайы техника сатуға арналған келісімшарт және тергеу барысында алынған құжаттар негізінде Ш.-ның алаяқтық фактісін, яғни көзделген қылмыс жасау 190-б. 4-б. 2-Б. ҚК (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) анықталмады. Алдын ала тергеу барысында Ю.Шимкоға қатысты қосымша дәлелдер жинау мүмкіндігі толық пайдаланылды.
А.Лакай туындаған дауды шешу үшін соманы алдын ала сақтай отырып өндіріп алу туралы талап қою дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтай отырып, туындаған дауды шешу үшін өзге жолды таңдауға құқылы» дей келіп, «Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты, ҚІЖК 105 және 193 баптарын басшылыққа ала отырып, А.Лакайдың шағымын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды», – деген Қаулы шығарыпты.
PS: «Құқығым тапталып, қаржылай шығынға ұшырадым» деп шағымданып жүрген инвестордың екі жылдан бері сабылған жүрісінің нәтижесі осылай болып жатыр. Қазірге дейін сан мәрте қайталанып өткеніндей, бұл әрекеттер, Ш.-дан сенімхат пен компанияның таңбасын қайтарып алғаннан кейін жасалған. Осы жерде нақты көрсетілген уақыт пен екі тұлға арасындағы келісімнің толық жойылғандығына қатысты тараулардың неліктен қаперге алмай отырғандығы түсініксіз болып отыр. Ал Александр болса әрі қарай арызданудан қайтпайтындығын білдіруде. Біз өз тарапымыздан бұл істі назарда ұстайтындығымызды, сондай-ақ қарсы тараптың қандай да бір айтар уәжі болса, оны да газет бетінде жариялауға дайын екендігімізді тағы да қайталаймыз.