Қасымхан Сенғазыев: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ОҚУ МЕН ТӘРБИЕ АРҚЫЛЫ ЖАҢҒЫРТУ – ҰЛЫ МҰРАТЫМЫЗ

 Қасымхан Сенғазыев: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ОҚУ МЕН ТӘРБИЕ АРҚЫЛЫ ЖАҢҒЫРТУ – ҰЛЫ МҰРАТЫМЫЗ

Өткен аптада Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мырза «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторының орынбасары Нағашыбай Қабылбекті арнайы қабылдады.  Кең кабинеттегі үстел басындағы әңгіме бүгінгі қазақ мектептері туралы, ондағы тәлім-тәрбие, ұстаздардың біліктілігі мен оқушылардың үлгерімі және мектеп бағдарламасындағы оқулықтар жөнінде өрбіді. Астана қаласындағы үш ауысымды мектептердің хал-ахуалы, жаңа салынып жатқан «Жайлы мектептердің» ерекшеліктері төңірегінде де әңгіме болды. Аралас мектептер мен кей білім ордаларындағы  оқушылар санының көптігі, қазақ тілінің қолданыс аясы жайындағы сұрақтарымызға да жауап алынды.  Емен-жарқын отырыста шетелдік мектептердің артықшылығы мен кемшілігі жайлы да ойлар айтылды. АҚШ, Жапония, Үндістан т.б.  дамыған елдерде   газет-журнал оқу мәдениеттіліктің белгісі саналады. Оған  көшеде, саябақта қарапайым халықтың газет-журналға телміріп отыруы дәлел. Әсіресе ұстаздар қауымы газет-журналдарды көбірек оқу арқылы біліктіліктерін көтеріп, ой-өрістерін дамытып отыруға мүдделі. Интернет қанша дамып кетсе де, ғаламтордың «құлы болып кетпеу үшін» бастауыш мектеп оқушыларына балалар журналын оқытып отыру да ізгі қадам екені даусыз. Бізде қалай? Әңгіме барысында бұл мәселеге де ат шалдыруға тура келді. 

Бізді жылы қарсы алған Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы да өз кезегінде ағынан жарылып, ұлттық мүдде төңірегіндегі сауалдарға ыждаһатпен жауап беріп отырды. Сұхбат форматында өткен әңгімемізді оқырмандар да оқып, ой таразысына салсын деген ниетпен ұсынып отырмыз. 

 

ЖАПОН ЕЛІНДЕ БАЛА ТӘРБИЕСІ ОТБАСЫ МЕН БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ

 

– Тәжірибе алмасу мақсатында  шетелдерге көп шығатыныңызды әңгіме барысында айтып қалдыңыз. Сол сапарларда дамыған елдердің білімі мен ғылымына назар аударатыныңыз сөзсіз. «Үйрен де, жирен» дейді қазақ даналығы. Қай мемлекеттердің оқу үлгісі, білім саласы көңіліңізге ұнады? Біз қай бағытты ұстанғанымыз дұрыс? Қай елдің білім беру үлгісі бізге жақын?

– Білім беру саласында педагогтердің біліктілігін арттыру әлеуметтік саланың кадрлық әлеуетін жақсартуда маңызды құрал болып саналады. Сол себепті халықаралық тағылымдама жұмыстары шет мемлекеттерге барып нақты көріп, тәжірибе алмасу, мемлекеттік серіктестік пен әріптестік құзыреттілігін арттырудың тиімділігін көрсетеді. 

Жеке басым шетелдің білім беру жүйесінде оқу процесінің ұйымдастырылуы, берілуі, ұлттық құндылықтар туралы ерекшеліктеріне баса назар аударамын. Жалпы барлық мемлекеттің өзіндік ерекшелігі бар, көрген дүниенің барлығын біз алып келіп енгіземіз десек қате болады. Мысалы Жапон елінің білім беру жүйесі оны басқа елдерден ерекшелендіретін бірнеше ерекше аспектілерге ие. Жапон мектептері қатаң тәртіп пен ұйымдастырумен танымал. Жапон елінде бала тәрбиесінде маңызды отбасы, балабақша содан кейін ғана мектеп деп қарастырады. Олар баланы үлкен жеміс ағашына теңейді. Ағаштың жас кезінде қаншалықты құнарлы топырағы болса, соғұрлым жемісті болады дейді. Бала да үйдегі тәрбие мен балабақшадағы дағдылар дұрыс қалыптасқанда ғана білімді болып шығады деп түсіндіреді. Жапон елі ұлттық құндылыққа, Отанға, патриоттық сезімге аса қатты назар аударады. Сонымен қатар сабақты зерттеу өте жақсы жүзеге асырылады. Мектеп өмірі әлеуметтенуге және мектеп қауымдастығын нығайтуға ықпал ететін әртүрлі рәсімдер мен дәстүрлерге толы.

Сондай-ақ мектептерден тыс оқу ортасын ұйымдастыруда көптеген іс-шаралар жүргізілетінін көрдік. Сол көрген тәжірибемізден бүгінгі таңда қаламызда Жапон елінің білім беру жүйесіндегі кейбір элементтерді өзіміздегі ерекшелігімізді ескере отырып оқу процесіне енгізудеміз. Атап айтсақ, білім алушылардың кітапқа қызығушылығын арттыру мақсатында «8 минуттық оқу» жобасын іске асырудамыз. Әр ауысымның алғашқы сабағы 8 минут көркем әдебиет оқуға беріледі. 2023 жылғы қараша айынан бастап іске қосылған жоба бүгінде өте жақсы пікірлерге ие. Сонымен қатар тағы да бір қызықты және жақсы бағаға ие болған жобалар «Adaptation days», «Балақай мектебі» және «Бірыңғай ашық есік күні». «Балақай мектебі» жобасы ойын арқылы мектеп жасына дейінгі балаларға бейімделу ортасын құру. Мектепке дейінгі 5,5-6 жастағы баланың мектеп қабырғасына қиындықсыз үйренуінде аталған жобаның қосар үлесі зор екендігін атап өтуге болады. Маусым айынан бастап 1 ай көлемінде балалар мектеп қабырғасында әртүрлі ойын форматында ұйымдастырылған 25 минуттық сабаққа қатысады. Нәтижесінде бала мектеппен танысып, болашақта мектепке келуде өзін қолайсыз сезінуден қорғай алады. 

«Adaptation days» жобасы тиімді оқу және әлеуметтену үшін қажетті дағдылар арқылы мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын оқу қауымдастығына табысты және бірқалыпты интеграциялау. 

«Бірыңғай ашық есік күні» жобасы әр айдың соңғы жұмасында өткізілетін күн. Жобаның басты мақсаты – ата-ананы мектеп өміріне араластыру. Педагогтермен, сынып жетекшісімен қарым-қатынастарын нығайту. Тағы бір назарға алып, болашақта мектебімізге енгізсек деген жақсы жобаның бірі – «Каллиграфия». Алдағы оқу жылында бастауыш білім беру деңгейіне көркем әрі нақты жазу өнері каллиграфияны енгізуді жоспарлап отырмыз. 

Біздің ұстанған бағытымыз ұлттық құндылықтарымызды оқу мен тәрбиеде сақтай отырып, кешегі Қазақ елінің тарихынан тағылым алып, бүгінгі тәу еткен Тәуелсіздіктің тарихын  оқып, біліп,  зерттеп, өзектілігін жан-жақты қалыптастыру  және дамыту болып табылады. Барлық табиғи, өмірлік құндылықтарымызды зерттеу, іс-әрекеттегі зерттеулерді оқу, ғылым үдерісінде басымдыққа айналдыру десек, артық айтпаған болармыз. Қандай да бір елдің білім беру үлгісі тура біздегідей немесе бізде мүлде бөлек деп айтсақ қате болар. Бүгінгі таңда барлық мемлекетте зерттеуге аса қатты назар аударылады. Шетелдік білім беру жүйесіндегі «Lesson study» сабақты, «Action  Research» іс-әрекетті зерттеу сияқты бағыттарын біздің білім беру саласына жақын, ұқсас үлгі деп қарастырсақ болады.

– Сіз бұған дейінгі сұхбаттарыңызда  елордада 2025 жылға дейін 24 жайлы мектеп салынатындығы туралы айтқан едіңіз. Ол күн де жақындап қалды. «Жайлы мектептің» бүгінгі жай-күйіне тоқталсаңыз.

– «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру аясында екі жыл ішінде елордада екі ауысымда 90 мың оқушы орнына арналған 24 мектеп салу жоспарлануда. 2024 жылдың қыркүйек айында екі ауысымда 36 800 орындық 11 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 6 мектепті 2024 жылдың желтоқсан айында екі ауысымда 24 000 орынға пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2025 жылы екі ауысымда 28 000 орындық 7 мектепті пайдалануға беру жоспарымызда бар. 

Жайлы мектептер дайын зертханалармен, шеберханалармен, компьютерлік сыныптармен және пән кабинеттерімен жобаланады. Мектеп жобалары заманауи интерьерге ие. Жеке спорт залдары мен асханалары бар кіші және жоғары сыныптарға арналған жеке блоктар болады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, мектептерде оқулықтарды сақтауға арналған жеке шкафтар қарастырылған. Бейнебақылау және қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етіледі.  100 Мбит/с жылдамдықты интернет қосылмақ. Барлық мектептер ерекше қажеттіліктері бар балаларға бейімделуі керек. Бұл мақсаттарға лифттер қарастырылған. Зияткерлік ойындарға арналған «Интеллектум» кабинеттер және физика, химия және биология пәндері бойынша оқу зертханаларымен қатар мектептерді әмбебап зерттеулер жүргізуге болатын STEM зертханаларымен (ғылым, технология, инженерия, математика) қамтамасыз ету жоспарлануда. Мысалы, жекеменшік мектептердегі осындай зертханаларда балалар 3D принтерлердің, лазерлік гравюрлердің, метеостанцияның, тіпті электр тізбектерінің жұмысын зерттей алады. Робототехника кабинеттері бөлек. Және әрбір сынып сенсорлық/жарықдиодты экранмен жабдықталмақ. Қарапайым кітапханалармен қатар цифрлық кітапханалар жұмыс істемек. Әр қабатта кітап оқуға және демалуға арналған коворкинг алаңдары қарастырылмақ. Әр қабатта ауызсу бұрқақтары болады. Мектеп аумақтары да ерекше атауға лайық. Сондай-ақ волейбол, футбол, баскетбол алаңдарымен жабдықталады.

 

Астанада қазақ сыныптары 65 пайызға артты

 

– Осы жерде заңды бір сұрақ туындайды, егер 24 жайлы мектеп салынса, оның қаншасы мемлекеттік тілде сабақ бермек? Бұл сұрақты қоюға «Астанада 66 жекеменшік мектеп бар. Оның бесеуі ғана қазақ тілінде» деген ақпарат себеп болып тұр. Жалпы жекеменшік мектептер туралы ұстанымыңыз қандай?  

– Жекеменшік мектеп пен мемлекеттік мектептердің айырмашылығы – жекеменшік мектеп ақылы түрде жұмыс жасайды. Ал мемлекеттік мектептер барлығына бірдей тегін, әлеуметтік-материалдық жағдайына бөліп-жармай барлық балаға бірдей базалық орта білім береді. Әрине, қазіргі дамыған заманда әрбір ата-ана қай баласын қандай мектепке беретінін өз еркімен шешеді. Білім басқармасының негізгі мақсаты бәріне бірдей мемлекеттік стандартқа сай орта білім беру.  

Жекеменшік мектеп туралы жаман пікір айта алмаймын. Бәріміз бір мақсатта жұмыс істеп отырмыз. Яғни, балаға білім берумен айналысудамыз. Олардың да мақсаты осы деп ойлаймын. Бүгінгі күні елордамызда мектеп тапшылығы бар екенін білесіз. Алайда, әкімдік бұл мәселемен айналысып, 2027 жылы түпкілікті мектеп мәселесі шешілетін болады. Осы тұста жекеменшік мектептердің кішкене болса да үлесін айтып кеткім келіп отыр. Мәселен, олар 20 мыңға жуық баланы біліммен қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, 10-ға жуық мектептің жүктемесін толық шешуде.

– Мектептер пайдалануға берілгеннен кейін оқыту тілі және бағыты анықталады. Қай тілде білім беретіні мектепті ашу қарсаңында мектептің қызмет көрсету аумағындағы тұрғындардың сұранысы мен мектеп әкімшілігінің жарғысымен бекітіледі. Астана қаласы Білім басқармасы тарапынан жыл сайын мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен сыныптардың санын көбейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Жекеменшік мектептер мен мемлекеттік мектептердің арасында көп айырмашылық байқалады.  Неге қалталы ағайын  балаларын жекеменшік мектептерге беруге құмар? Олардың білім беру сапасы соншалықты мықты ма? 

– Ата-ананың баласын жекеменшік мектептерге берудегі себебі баланың аздығы, толық күндік оқытуға байланысты деп ойлаймын. Меніңше, ең басты себебі, қазіргі кезде барлық ата-ана жұмысбасты. Сол себепті жекеменшік мектепке берсе, баласы сол жерде білім алып, тамақтанып, үйірмелерге де сол жерде қатысады. Мемлекеттік мектептерде бір сыныпта 25 баладан көп оқушы отыратын болса, ақылы мектепте 18-20 бала отырады. Бұл да ата-аналарды қызықтыруы мүмкін. Аз балаға білім беру, әр балаға жеке көңіл бөлу білім сапасына оң әсер береді деп ата-ана осыған ден қояды деп білемін. Әрине, бұл ата-ананың өз таңдау еркі. 

– Астана қаласындағы мұғалімдердің білім сапасына көңіліңіз тола ма? Қандай кемшіліктер бар? Жоғары білікті мамандар дайындау жұмысы қалай іске асып жатыр?

– Ұлттық бірыңғай деректер базасы мәліметтері бойынша 2023-2024 оқу жылында орта білім беру ұйымдарында 17 049 маман жұмыс істейді, оның 12 457-сі мемлекеттік ұйымдарда. Бұл ретте мұғалімдердің 60% (10214) жаңа форматтағы біліктілік санаттарға ие. Оның ішінде педагог-модератор біліктілік санаты бар – 3558, педагог-сарапшы – 2755, педагог-зерттеуші – 3505, педагог-шебер – 396. Білімі бойынша 94,4%, яғни 16103 педагог жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) білімі бар. Ағымдағы оқу жылының 3 тоқсандағы білім сапасы 58,77 пайызды көрсетті, бұл көрсеткіш өткен оқу жылының 3 тоқсанымен (56,69%) салыстырғанда 2,08 %-ға артып отыр. Оқушылардың үлгеріміне талдау жасай келе елорданың тең жарты мектебі 58 пайыздан жоғары білім сапасының көрсеткішін көрсетті. Білім сапасын арттыру мақсатында Астана қаласы Білім басқармасының кешенді жоспары бекітілген.  Жоспарды жүзеге асыру мақсатында «Әдістемелік орталығы» тарапынан мұғалімдердің кәсіби деңгейін жетілдіру үшін жан-жақты, мазмұнды іс-шаралар өтуде: семинарлар, шебер-сыныптар, коучингтер, тәжірибелік алаңдар, түрлі жобалар («Профессор сабағы» «8 минуттық оқу», «Шеберден тәлім», «Кәсіби мұғалім», «ОқуTIME» т.б.), әдістемелік көмектер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін тақырыптық біліктілікті арттыру курстары кезең-кезеңімен өтеді. 2023 жылы 7 597 педагог (1182 мектепке дейінгі, 5 619 жалпы орта (57 мектеп директоры, 111 орынбасар, 257 сынып жетекші, 210 психолог, 84 әлеуметтік педагог т.б.), 447 кәсіптік және техникалық, 195 қосымша, 154 арнайы білім беру мемлекеттік тапсырыс негізінде біліктілікті арттыру курсынан өтті. 2024 жылы 5539 педагог (1100 – мектепке дейінгі, 3 901 – жалпы орта (52 психолог), 90 – ТжКБ, 24 – арнайы, 192 – қосымша білім беру) мемлекеттік тапсырыс негізінде біліктілікті арттыру курсынан өткізу жоспарланды.  Қазіргі таңда 1199 педагог (332 мектепке дейінгі білім беру, 732 – жалпы орта білім беру, 107 – арнайы және инклюзивті білім беру, 28 – қосымша білім беру) курстан өтті.

Мектептер мен балалардың санының көбеюіне байланысты қаламызда алдағы жылдары 5000-ға жуық педагогке кадр тапшылығы болуы мүмкін. Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында әкімдік тарапынан жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандарды дайындауға арналған 1000-нан астам мемлекеттік тапсырыс берілді. Соның арқасында 360 жас маман жұмысқа орналастырылды. Алдағы жылдарда да мемлекеттік тапсырыс арқылы  орналастыру жергілікті бюджет есебінен жалғаспақ. 

– Бүгінгі таңда Астана қаласында қанша жалпы білім беретін мектеп ордасы бар? Олардың қазақшасы қалай? 

– Астана қаласында 263 мыңнан астам оқушыны қамтитын 175 орта білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 102 мектеп – мемлекеттік, 66 мектеп – жекеменшік, 7 мектеп – республикалық. 2021-2022 оқу жылы мемлекеттік тілде оқытатын 33 мектеп болды. Биыл олардың саны 35-ке артты. Орыс тілінде оқытатын мектептер саны 2021-2022 оқу жылында 8 болса, биылғы жылы 3 мектепті құрайды. Аралас 64 мектеп бар. 2022-2023 оқу жылында 1 сыныпқа 27 607 оқушы қабылданды (мемлекеттік тілде – 15 193, орыс тілінде – 12 414) қазақ сыныптары 55 пайызды құрайды. 2023-2024 оқу жылында 1 сыныпқа  –  28 556 (мемлекеттік тілде – 18 562, орыс тілінде – 9994) қазақ сыныптары 65 пайызға артып отыр.

– Елордада білім беру саласындағы проблемалардың бірі оқу орындарының жетіспеуі деп естиміз. Қалада әлі күнге үш ауысымды мектептер жұмыс істеп тұр. Бұған не себеп?  Бұл мәселе алдағы уақытта қалай шешілмек?

– Астанада жыл сайын тұрғындар саны, оның ішінде мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар саны өсіп жатыр. Соған орай Астана қаласы әкімдігі тарапынан жыл сайын жүйелі түрде мектептер салынуда. Осы жылы 102 мың оқушы орнына арналған 34 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 27 мектеп пайдалануға беріледі. Астана қаласында 263 мыңнан астам оқушыны қамтитын 175 орта білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 102 мектеп – мемлекеттік, 66 мектеп – жекеменшік, 7 мектеп – республикалық. Орын тапшылығына байланысты қаламызда 8 үш ауысымды және бала саны шамадан көп 16 мектеп жұмыс істейді. Оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін өткен жылы 12 мектеп салынды. Қазіргі таңда екі ауысымда 102 мың оқушы орнына арналған 34 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 27-і (екі ауысымда 74 мыңға жуық орын) жылдың соңына дейін  пайдалануға беріледі. Аталмыш мектептер барлық аудандарды қамтитын болады. Атап айтсақ, Есіл ауданында – 8, Нұра ауданында – 9, Байқоңыр – 2, Сарыарқа ауданында – 2, Алматыда – 6. 

27 мектептің 19 мектебі қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Олардың қатарында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошақтары да бар. Жалпы, осы ұлттық жоба аясында 2024-2025 жылдары 90 мың орынға арналған 24 жайлы мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. 2028 жылға қарай барлығы 200 мыңға жуық оқушы орнына есептелген (2 ауысымда) 80-нен астам мектеп салу жоспарланып отыр.

– Мектептегі балалар оқулығына жеке өзіңіздің көңіліңіз тола ма? Әліппе қайта оралғанымен де, оқулық мәселесінде проблемалар жетерлік. Бұл мәселені шешу үшін не істеген дұрыс? Өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

– Менің пікіріме келетін болсақ, қазіргі таңда оқулық мәселесіндегі проблемалар бар деп айта алмаймын. Оқулықтың мәселесі соңғы жылдарда дұрыс жолға қойылды деуге толық негіз бар. Мәселен, жыл сайын тозығы жеткен оқулықтар қайта басып шығарылып тұрады. Соңғы жылдары оқулықтардың мазмұны да жолға қойылды.

Білім берудің сапасын арттыратын негізгі факторлар – стандарттар, бағдарламалар және сапалы оқулықтар. Елімізде оқулықтар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен үлгілік оқу бағдарламасы негізінде әзірленеді. Мемлекет тарапынан сапалы оқулықтар шығаруға жыл сайын көңіл бөлініп келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы оқулықтарының үлгілік оқу бағдарламасына өзгерістер енгізілуіне байланысты 1-сыныптың оқу пәндерінің мазмұны жаңартылды. Соның ішінде, Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесінің негізінде жазылған «Әліппе» ортамызға қайта оралғаны баршаңызға мәлім. Қазір сол «Әліппемізбен» мектептерімізде бүлдіршіндеріміз  үшінші жылы білім алуда.

2022 жылы 2-сынып оқулықтары мен әдістемелік кешендердің мазмұны жаңартылып қайта басылып шығарылды және алғаш рет 2-сыныптың оқулықтары баламалы нұсқамен шығарылды, бұған дейін бастауыш сыныптардың оқулықтары базалық болған. 

5-11 сыныптарға арналған «Абайтану», 7-сыныптарға арналған билингвалды және 5,7 сыныптарға неміс тілі оқу басылымдары шығарылды.  

Ағымдағы жылы 3, 7, 8, 9-сыныптың жекелеген пәндері  және арнайы мектептерге арналған қолданыстағы оқу басылымдары қайта басылып шығарылуы жоспарлануда. 

Аталған оқулықтар ағымдағы жылғы ақпанда Астана қаласында 18 (86, 91, 22, 60, 67, 17, 8, 92, 51, 70, 48, 73, 18, 53, 35, 31, 3, 69) пилоттық мектепте  сынақтан өткізілді және қала мектептерінен оқу басылымдарын сынақтан өткізуге жоғары санатты, тәжірибелі педагогтер апробацияға қатыстырылды.  

Осыған орай, елімізде оқулық мазмұнындағы кейбір ақпараттардың, статистикалық мәліметтердің ескіргендігі, кейбір пәндер бойынша үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларындағы өзгерістердің болуы және физикалық тұрғыдан тозығы жеткендігі салдарынан оқу басылымдары уақытылы қайта басып шығарылуда. Бұған қоса, жыл сайын пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу, қажетті оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Балабақшаларды 

 

100 пайыз мемлекеттік тілде жасақтадық

 

– Астана қаласындағы педагогика мамандығына дайындайтын жоғары оқу орындары осы өңірдегі мектептерге мұғалімдер дайындауға қауқарлы ма? Бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

– Педагог кадрлардың қажеттілігі елорданың үш жоғары оқу орнында жүзеге асырылады – бұл Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана халықаралық университеті, Еуразия гуманитарлық институты.

Аталған жоғары оқу орындарының барлығында «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша кадрлар дайындауға мемлекеттік лицензия бар, аккредиттеуінен өткен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдардың білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес жұмыс жүргізуде. 2024 жылғы қыркүйектен бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 11 бірлескен білім беру бағдарламасын іске қосады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы арасында білім алушылардың педагогикалық іс-тәжірибеден өтуі мен ЖОО бітірушілердің жұмысқа орналасуына көмек беру үшін меморандумға қол қойылды.  Олар үшін      ҒжЖБМ білім беру тапсырысы шеңберінде 300 квоталық грант бөлінетін болады. Негізгі мақсат – педагогикалық практиканы аяқтауға және олардың жұмысқа орналасуына көмек көрсету.

Сондай-ақ, «Астана қаласы Білім басқармасының Гуманитарлық колледжін сенімгерлік басқаруға беру» МЖӘ жобасы шеңберінде Гуманитарлық колледж базасында педагогтерді даярлау жөніндегі бірыңғай құрылымды құру мақсатында бүгінгі күні Астана халықаралық университетінің Педагогикалық институты мен педагогикалық колледж жұмыс істейді.

Алдағы уақытта Педагогикалық колледжі  2 жыл ішінде жоғары колледжге толығымен қайта форматталып Техникалық және кәсіптік білім беру педагогтарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты жыл сайын азайту арқылы орта білімнен кейінгі және жоғары білімі бар педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жолымен Астана халықаралық университетінің Педагогикалық институтына интеграцияланады.

Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігінің грантында барлығы  2 262  студент  оқиды,  оның  ішінде  аталған ЖОО-да педагогикалық бағыт бойынша   1923  студент білім алуда. 

Педагогикалық кадрлардың қажеттігі жыл сайын жоғары оқу орындарын аяқтап жатқан түлектер есесінен жабылуда. 2023 жылы барлығы 363 адам, оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша 114 адам, 80%-дан астамы жұмысқа орналастырылды. Қалғандары магистратурада оқуын жалғастырды немесе бала күтімі бойынша демалысқа шықты.  Аталған мәселені шешу үшін жыл сайын «Астана қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға білім беру тапсырысын орналастыру конкурсын өткізеді.

Конкурсқа қатысу үшін қойылатын ЖОО өтінім береді, қажетті құжаттарды ұсынады. Конкурс нәтижесінде білім беру гранттарының иегерлері анықталып, Астана қаласы әкімінің өкімі жарияланады.

– Астана қаласы жыл сайын жаңарып, жасаруда. Білуімізше, мектепке сұраныс жыл сайын артуда. Бұл демографияның көрсеткіші ме, жоқ әлде урбанизация ма?

– Елордада балалардың туу көрсеткіші жыл сайын орта есеппен 14 пайызға өсуде. Былтырдың өзінде 33 мың бала (14,2 пайыз) дүниеге келсе, жалпы былтырғы жылдан осы жылға қарағанда оқушылар саны 30 пайызға дейін артқан. Оның ішінде жалпы демография көрсеткіші 19 пайыз, қалған 11 пайызы урбанизация арқылы келген оқушылар. Бұл өз кезегінде мектепке деген сұранысты арттырады. Соған сай әкімдік тарапынан жыл сайын жүйелі түрде мектептер салынуда. 

– Мектептің жүрегі – директор. Олай болса мектеп директорларын сайлау қалай жүреді? Оған қойылатын талаптар жайлы айтсаңыз.

– Иә, мектептің жүрегі – директор. Директордың білімділігі, менеджерлігі, коммуникативтілігі өте маңызды. Директорларды тағайындау қазіргі таңда «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын іріктеу жобасын іске асыруда. Оған елордадан республикалық кадр резервіне 18 директордың орынбасарлары өтті. Соның ішінде мектептерге 7 директор тағайындалды.

Кадрлық резерв үміткерлері білім беру ұйымдарының басшылары лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ бірінші басшының бос орнына тағайындалатын болады. Жаңа буын менеджерлері алдағы уақытта кезең-кезеңімен мектептерге және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошақтарын кадрлық жағынан қамтамасыз ету мәселесін шешуге жәрдемдеседі. Елорда директорларын жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өткізіп тұрамыз. Былтырғы жылы 57 мектеп басшысы біліктілігін арттыру курсынан өтті. 

 

«Біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие 

бағдарламасы – 

басты бағдарымыз

 

– Білімді ұрпақ өсіру – ұлт келешегі. Оқушылардың бойына ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді сіңіру үшін не істемек керек? 

– Білімді, ұлттық құндылығы бойына сіңген ұрпақ тәрбиелеу – біздің ең басты мақсатымыз. Бүгінде осы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Біз бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру жұмысын балабақшадан бастап қолға алудамыз. Мәселен былтырдан бастап балабақшаларды 100 пайыз мемлекеттік тілде жасақтадық. Оқушылардың бойына ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді сіңіру үшін біз 8 минуттық кітап оқу жобасын бастадық. Одан өзге былтырдан бастап барлық қала мектептерінде домбыра үйірмелері ашылды. Басқа да бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Елорданың білім беру жүйесінде тәрбие жұмысы үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие бағдарламасы бағдар болып табылады. Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде еңбекқор, адал, саналы азаматты тәрбиелеуге бағытталған. Тәрбие жұмысы білім беру ұйымдарында «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» жобалары арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, «Төрттен тоқсан – төрттен өнер» ұлттық мәдени-ағарту жобасының тұжырымдамасы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 Балаларды тәрбиелеудегі отбасының рөлін нығайту мақсатында барлық білім беру ұйымдарында кабинеттер мен «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» ашылды. Осындай орталықтардың жұмысын тиімді салу үшін елорданың 351 педагогі адам дамуының ұлттық институты ұйымдастырған курстардан өтті. «Ата-аналардың педагогикалық қолдау орталығы» жанынан «Әкелер кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар мектебі», «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Ағалар мектебі» ашылды, «Жеңгелер мектебі». «Құндылыққа негізделген білім беру» жобасын енгізу жалғасуда. Бұл жоба ұлттық құндылықтарды оқу процесіне біріктіруге бағытталған. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап ЖОО студенттері арасынан «Менің бауырым» еріктілер жобасы іске қосылды, ол балалардың құқықтарын қолдау мен қорғауға жәрдемдеседі.

Бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру шеңберінде мынадай жобалар іске асырылады: «ALTYN URPAQ», «Академиялық ұтқырлық», «Өркендеу», «ЭкоАсар», «READx», «Мектеп медиациясы», «Ата-аналар қоғамымен жұмыстың жаңа форматы», «ЕduleadersNS», «Оқушының мәдени нормативі», мәдени-білім беру платформасы «Ұлағатты ұрпақ», «Әжемнің ертегісі», «Жас дипломат». «Оқуға құштар мектеп» жобасының оң тұстарының бірі – «Оқу мектебі» жобасын қаланың 37 (38,2 %) мектептеріндегі кітапханалардың интерьерін қайта жобалауды жаңғыртуға себеп болғанын ескеруге болады. 49 (51 %) мектептерде оқырмандарға арналған коворкинг (coworking) аймақтары бар. Кітапханадан басқа, дәліздер мен мектеп фойелерінің бос аймақтарында оқырмандар үшін аймақтар ұйымдастырылған.

Осы жоба аясында барлық мектеп оқуға бағытталған 40-тан астам жобамен («Отбасы оқыған бір кітап», «Воokstart», «READx», «Буккроссинг», «Бір сынып – бір кітап», «Бір кітап – бір сурет», «Әжесінің ертегісі» және т. б.) жұмыс істейді, сондай-ақ челлендждер, флешмобтар, кітап көрмелері, кітаптардың бейнепрезентациялары белсенді ұйымдастырылуда. Әжелердің қатысуымен «Әжемнің ертегісі» жобасы үлкен белсенділікке ие болды. Осы жоба аясында 16700 оқушы мен олардың ата-аналарын қамтитын 525 іс-шара өткізілді.

– Уақытыңызды бөліп сұрақтарға жауап бергеніңізге рақмет!

Сұхбатты дайындаған – 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

 

30.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

МҰХАММЕДСАБЫР ЖОЛДАМАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.06.2024 1228
ШАРДАРА СПОРТШЫЛАРЫ ТОП ЖАРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.06.2024 38
ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.06.2024 29
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫ АЯСЫНДА БИЫЛ 2400-ГЕ ЖУЫҚ ІС-ШАРА ӨТЕДІ
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 21.06.2024 25
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДАЛАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 21.06.2024 71

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 802
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 373
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 1656
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 1296
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2444