Қатарластарынан озған қатар

Қатарластарынан  озған қатар

Қазақ елінің сенімді серіктесі

Президент салған жол

 

Осындай қарым-қатынастарымыздың арқасында қазіргі таңда Жер шарының арғы бетінде жатқан АҚШ пен де, іргедегі Ресей, шығыстағы құжынаған Қытаймен де тіл табысып келе жатырмыз. Осы қатарда Араб елдерімен болған аралас-құраластығымыздың да біздің елге инвестиция тартуда өзіндік пайда әкеліп отырғандығын айта кеткен жөн. Сондай бір жақсы байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа белеске көтеріп тастағандай болды. Ол Қазақ-Қатар байланыстарының тереңдей түсуі еді.

Биыл ақпан айында Мемлекет басшысының Қатарға ресми сапары кезінде екіжақтылы қарым-қатынастарды дамыту, соның ішінде инвестициялық  ынтымақтастықты ілгерілету бойынша нақты шешімдер қабылданып, бағыт-бағдары белгіленген еді. Жоғары деңгейде өткен бұл келіссөздер тұсында Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақ-Қатар инвестициялық форумына қатынасты. Сол жиналыс кезінде қазақ Президенті «18 млрд долларға жуық коммерциялық жобаларға қол қоямыз», – деген болатын. Бұл екі ел арасындағы сауда-саттық пен алыс-берістің, инвестициялық жобалардың көлемінің бір жолда 18 есеге артуы еді. Дохада өткен инвестициялық форум аясында Қазақстан-Қатар арасында 9 түрлі ірі жоба бойынша серіктестік орнатуға келісім жасалды. Оның басым бөлігі газ саласына қатысты еді.

 

Тарихи сәт

 

Арада бір ай өткенде Премьер-министр Олжас Бектенов бастаған қазақ делегациясы Дохаға ат тұмсығын тіреді. Бұл жолғы сапардың жөні бөлек екені белгілі. Ол Президенттер арасында өткен уағдаластықты тереңдей пысықтап, нақты келісімдерге қол қою үшін еді. Осылайша екі елдің Үкімет басшылары мен министрлердің қатысуымен өткен келіссөздердің нәтижесінде жалпы құны 17,6 млрд АҚШ доллары көлемінде болатын ірі инвестициялық жобаларды бірігіп жүзеге асыруға ресми түрде қол қойылды. Осылайша ұлу жылының 20 наурызы деген дата Қазақстан-Қатар инвестициялық байланыстарындағы тарихи сәт ретінде жылнамаға енді.

 «Қатар – Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды экономикалық серіктесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға сапары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар біздің инвестициялық ынтымақтастығымызды сапалы жаңа кезеңге шығарады. Біз бұрын-соңды болмаған қомақты сома $17,6 миллиардты құрайтын ауқымды және стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру алдында тұрмыз», – деді Олжас Бектенов.

Екі елдің Үкіметтері арасында өткен келіссөздердің нәтижесінде негізгі салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімге қол қойылды. Ауқымды жобалардың ішінде мына салалар бойынша жұмыстар істелетін болады.

Жалпы сомасы шамамен $5,7 млрд болатын газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі жобалар. Оларды іске асыру ішкі нарықты толықтыруға және тауарлық газдың экспорттық көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді;

Қазақстан өңірлерін газбен жабдықтауды дамытуға, ірі кәсіпорындар мен солтүстік облыстардың тұрғындарына табиғи газ жеткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жалпы сомасы шамамен $7,7 млрд болатын «Ақтөбе – Қостанай» магистральдық газ құбырының және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу жөніндегі жобалар;

Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сомасы шамамен $2,7 млрд болатын қуаттылығы 1 100 МВт бу-газ қондырғысы негізінде электр стансасын және 350 МВт-тық су электр стансасын салу жөніндегі жобалар;

Сондай-ақ бидай, бұршақ және сүтті терең өңдеу зауыттарын салу бойынша жобалар. Мұнда Қазақстаннан Қатарға жеткізілетін ауылшаруашылық өнімдері көзделген.

Қатар қандай ел?

Қатар мемлекеті – Азияның батысындағы шағын ғана ел. Алақандай ғана араб мемлекетінің үш жағын Парсы шығанағы қоршап жатыр. Оңтүстігінде Сауд Арабиясымен шектесетін бұл ел тарихта азулы империялардың дәргейіне бағынып келген еді. Тек 1971 жылы тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қауымдастық алдында мойындалды. Жер көлемі 11400 км² ғана келетін бұл елде мұнай мен табиғи газдың мол қоры анықталған. Елде шамамен 15 миллиард баррель (2,4 миллиард текше метр) мұнай қоры және әлемдік табиғи газ қорының 13 пайызы бар, яғни газ қоры бойынша дүниежүзі бойынша 3-орынды иеленеді. Мемлекеттің кірісі негізінен мұнай-газ сатудан, өңдеуден түсетін Қатарда 2017 жылғы есеп бойынша 2,6 млн адам өмір сүреді екен. Алайда соның 350 мыңдайы ғана жергілікті арабтар болған. Қалғандары шетелдерден келетін еңбек мигранттары екен. Жақында жасалған келісімдерге сай ендігі жерде қазақстандық мамандар Қатарға барып жұмыс істеуіне ыңғайлы жағдайлар жасалатын болды.

Қатар мемлекеті – қатарластарына оқ бойы озып тұрған ел. Ол саяси жақта батыс елдерімен жақсы қарым-қатынас орната білген. Халқы өте бай тұратын бұл кішкентай мемлекетте кедейлер атымен жоқ. Даму индексі де әлемнің алдыңғы қатарында тұрады. Халықаралық валюта қорының статистикасы бойынша Қатар жан басына шаққандағы ЖІӨ әлемде төртінші орында тұрады екен. Табиғи газға өте бай елде қазіргі таңда газ өнеркәсібі жақсы дамыған. Сондықтан сұйылтылған газды шетелге экспорттауда әлем бойынша алдыңғы орынды иеленген. Бұл артықшылығы ендігі жерде Қазақстанның газ саласын дамытуға үлесін қосатын болды.

 

 

Мемлекет басшысы жүктеген міндет

 

Осылайша Парсы шығанағында жатқан шағын ғана ел ендігі жерде Қазақстанның тау-кен өндірісі мен өзге де салаларына инвестиция салуды бастайтын болды. Негізі Қатардың инвестициялық қорлары қазірге дейін шетелдің ірі компаниялары мен қаржы орталықтарына жүздеген миллиард доллар қаржы қосып, өз үлестерін алып отырған мемлекет. Жер көлемі Қазақстанның бір ауданындай ғана болғанымен, жан-жағын көк теңіз қоршап жатқан осы елмен ендігі жерде ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру елдігімізге сын болмақ. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауларында экономикалық саланы дамыту, инвестиция тарту мәселесіне айрықша көңіл бөліп, Үкіметке нақты тапсырмаларды жүктеп келген еді. Жасыратыны жоқ, Үкіметтің сылбыр қимылдарын ашық сынап, тапсырмаларының орындалмай жатқанына кейістік білдірген кездері болғаны есімізде. Соның бір мысалы 2022 жылы қыркүйектегі «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында қайталай көрініс тапты. «НАҚТЫ СЕКТОРДЫ ДАМЫТУ» деп аталатын екінші бағдарында Президент бірқатар мәселелерді ортаға салған еді. Мұнда «Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек» дей келіп, «Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын» деген болатын. Сондай-ақ: «Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», – деп нықтап тұрып айтып еді.

Бұл сала Президенттің 2023 жылы қыркүйектегі Жолдауында қайтадан көрініс тапты. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты секторды дамыту жөніндегі маңызды тапсырмаларының ауқымы да кең екендігін айта кеткен жөн. Мұнда жаңа экономикалық саясат, жаңа индустриялық саясат деген сөздерге айрықша көңіл бөліп келеді. Осы негізде «еліміздің қуатты индустриялық негізін қалыптастыру, өңдеуші саланы жедел дамыту, жергіліктендірудің жоғары үлесі бар өндірісті дамыту, индустриялық-инновациялық даму барысы, сондай-ақ тұрғын үй саясаты, көлік-логистика саласы, ауызсумен қамтамасыз ету» сынды маңызды тақырыптар бар. Қазір әрқайсы министрліктер өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатыр.

Сөзіміздің тұздығы болған Қазақ-Қатар инвестициялық ынтымақтастығының ауқымды бір саласы Президенттің алға қойып отырған міндеттерін ілгерілетуге айтарлықтай серпін беретін болады. Ол газ өңдеу саласы болмақ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, алдағы уақытта Қатар мемлекетінен келетін қомақты инвестициялардың ішінде шамамен 5,7 млрд доллар көлеміндегі қаржыға Қазақстанда газ өңдейтін зауыттар салынатын болады. Бұл арқылы ірі кәсіпорындарды, сондай-ақ еліміздің солтүстік аймақтарын газбен қамтамасыз ету көзделген. Ішкі нарықтан асқан бөлігін экспорттауға орай туғалы тұр. Себебі Қатар елі өздерінде шығатын газды сұйылту арқылы шетелдерге экспорттау жағында мол тәжірибесі бар ел екенін жоғарыда айтып өттік. Тағы да табиғи газды пайдалана отырып электр қуатын өндіруге талпыныс жасап жатырмыз. «Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сомасы шамамен $2,7 млрд болатын қуаттылығы 1 100 МВт бу-газ қондырғысы негізінде электр стансасын және 350 МВт-тық су электр стансасын салу жөніндегі жобалар бар», – делінген сенімді ақпарат көздерінде. Бұл табиғи газ қоры мол Қазақстан үшін таптырмас жоба дер едік.

PS: Қазақстанға шетелдерден келетін инвестициялар көлемі бойынша қазірге дейін Нидерланд алдыңғы орынды иеленіп келгені белгілі. ҚР Үкіметінің сайтында жарияланған бір деректе: Нидерланды – $8,33 млрд, АҚШ – $5,1 млрд, Швейцария – $2,8 млрд, Бельгия – $1,56 млрд, Ресей – $1,52 млрд, Оңтүстік Корея – $1,48 млрд, Қытай – $1,43 млрд, Франция – $770,2 млн, Ұлыбритания – $661 млн, және Германия – $469,5 млн АҚШ доллары болатын тікелей инвестиция салған. Бұл – 2022 жылғы көрсеткіш. Ал кейінгі бір жыл ішінде бұл цифрларды айтарлықтай өзгерте алатын жаңалықты байқаған жоқпыз. Мұнда тау-кен өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі салалары алдыңғы орынды иеленген.

Осылайша қазақ еліне инвестиция салу саласында Қатар мемлекеті қатарластарын басып озайын деп тұр. Әрине, 18 млрд долларға жуық ірі көлемді қаржының барлығын қатарлықтар шығарады дегенге келмейді. Мұнда қазақтардың да қосатын үлесі бар екені сөзсіз. Дегенмен Президент жүктеген маңызды міндеттердің бір саласын еңсеріп, ел экономикасын өркендетіп, нақты секторды дамыту жағында бұл айрықша маңызды қадам дер едік.

 

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
28.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Тәуекел картасы –  әділдіктің айнасы
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 31.10.2024 177
Ұлт ұясы – Ұлытау, жаңарған Жаңаарқа
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ - 31.10.2024 168
Орман  шаруашылығын оңалтуда оң нәтиже бар
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 27.10.2024 441
Тігінмен  тірлігін түзеген
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы - 27.10.2024 491
ЕСІРТКІ ТҮБІ – ТҮРМЕ
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 27.10.2024 452

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 7383
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 6814
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 10032
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 7796
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 9013