Қазақ басылымдарының болашағы қандай?

Қазақ басылымдарының болашағы қандай?

Ақпараттық-технологиялардың қанат жаюы масс-медианың алдына жаңа талаптар қойып отыр. Нарықтың заңдылығына орай, әлемде мерзімді басылымның біраз оңтайланғаны рас. Бұл үрдіс біздің елімізде де қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы тұста мерзімді қазақ басылымдарының болашағына алаңдаушылық та жоқ емес. 

Интернет ресурстар қазақ ақпарат кеңістігінде мерзімді басылымдарды ығыстыра ма? Бүгінгі қазақ тілді интернет басылымдардың даму беталысы қалай? Осы сұрақтар төңірегінде https://www.inbusiness.kz тілшісі Мейрамгүл Мәдәлінің ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевпен сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– «Аstana Media Week» – медиа апталығының шеңберінде осы мәселе талқыланды. Оның ішінде қазақ басылымдарының болашағы қандай деген мәселеге қатысты, түрлі басылымдардың бас редакторларын жинап, өзіңіз қатысқан жақсы талқылау болыпты. Қазір көкейде бірнеше мәселені көтеруге болатын сияқты. Бізде арнайы дайындалған графика бар. Бұқаралық ақпарат құралдарының санына қатысты. Елімізде 2021 жылы барлығы 4919 БАҚ тіркелсе, 2020 жылы олардың саны 4550 болыпты. Яғни жыл сайын көбейіп отыр деген сөз. Оның ішінде мерзімді басылым саны 3541 екен. Газеттің саны – 2155. Дегенмен газет оқитын елміз. Журналдың саны – 1386. Бұдан бөлек тағы бір статистика бар. Ол қазіргі дамып жатқан әлеуметтік желілерге қатысты. «The Open Azia Net» ресурсының деректері бойынша 2020 жылы Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желі Вконтакте желісі болған, екінші орында 6,8 млн тұтынушысы бар инстаграм, одан кейін 4,2 млн тұтынушысы бар Facebook тұр. Тізім соңында шамамен 2 млн тұтынушысы бар Telegram тұр.

Басылымдар конвергентті журналистикаға көшіп жатыр

Осы әлеуметтік желілердің дамуына байланысты қоғамда бұрыннан келе жатқан мерзімді басылымдар, оның ішінде, әсіресе қазақ тілді басылымдар тығырыққа тірелді деген қалыптасқан түсінік бар. Осыған қатысты министрлік басылымдардың заманға бейімделуіне қандай да бір жағдай туғыза ала ма деген сауал туындайды?

– Рахмет, сұрағыңызға! Расында да бұл өте күрделі сұрақ. Біздің жалпы қарауымызда басылымдардың әрине заманы кетіп бара жатыр деген әңгіме көп. Дегенмен қазір басылымдар шығып жатыр. Олардың өз оқырмандары бар. Министрлік тарапынан ақпараттық тапсырыс желісі арқылы қаржыландыру болып жатыр. Мысалы мемлекеттік емес қазақ басылымдары және тарихы терең журналдарымыз бар. Оның ішінде «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сияқты бірнеше газет-журналдарға  қолдау көрсетіп келеміз. Бірақ цифрландыру дамып келе жатқанына байланысты оқырмандар интернет арқылы ақпарат алатын жүйеге көшті. Сондықтан біздің тарапымыздан басылымдарға қолдау көрсеткенімізбен, өмір өз өзгерістерін енгізеді. Бұл тұрғыда басылымдар конвергентті журналистикаға көшуді бастады. Себебі әр журналдың, әр газеттің сайттары бар. Біз оларға ақпараттық конкурстарға қатысқанда сайттарының болуын талап ретінде қоямыз. Егер сайты болмаса, конкурсқа қатысқан кезде қаржыландыру ала алмайды. Сондықтан қазір көп газет-журналдардың сайттары бар. Бұл әлі бастамасы ғана.  Дегенмен қазір олардың оқырмандары tengrinews.kz, zakon.kz оқырмандарымен салыстыруға келмейді. Бірақ қазақ басылымдары сайттарын дамытып келе жатыр. Мемлекет тарапынан «Егемен Қазақстан» газеті мен «Казахстанская правда» газеттерінің сайттары қарқынды дамып келе жатыр. Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газеті конвергентті журналистикаға толық көшті деп айтуға болады. Олар қазір бейнематериалдар да дайындайды. «Егемен Қазақстан» дайындаған бейнематериал десе әлі де қабылдана қоймайды. Бірақ бастамасы жақсы. Қазір министрліктің құзырындағы газет-журналдарға сайтын дамыту жөнінде талап қойып жатырмыз. Қазақ басылымдарының да өз оқырмандары бар болғандықтан, оларды жаба салуға болмайды. Әсіресе газет оқуға үйреніп қалған үлкен кісілер іздейді.

Совет үкіметі кезінде газет-журнал сататын үлкен-үлкен киоскілер жүйесі болатын. Нарық заңдылығына сәйкес олар жабылып қалды. Газет сатып алатындар азайды. Ол киоскілерді ұстап отыру бизнесмендерге қаражат жағынан тиімсіз. Алайда газетті тарату керек. Сол себепті қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарымен келісіп жатырмыз. Екі жақты меморандумға қол қойдық. Алматы мен Нұр-Сұлтанда, кейін басқа қалаларда ХҚКО-да газет сату бұрыштары ашылады. Қазақстан бойынша ондай орталықтар қуанышқа орай өте көп. Әрине бұл министрлік тарапынан басылымдардың таралуына үлкен көмек болады.

«Қазпоштаға» талап күшейді

– Қазақ тілді оқылымы жоғары мерзімді басылымдар тізіміне қарасаңыз, жаңа өзіңіз айтып кеткен басылымдар бар екен. Бұдан бөлек жаңа сіз айтқан мәселеге қатысты газет оқырмандарының 50 немесе 40 пайыз оқырмандары ауыл тұрғындары. Қазір көп көтеріліп жүрген мәселе – бүгін шыққан газет оқырмандарына, ауылға бір аптада әрең жетеді. «Қазпошта» желісі арқылы таратылады. «Қазпошта» шабан деген сын айтылғанымен, нәтиже жоқ. Газет-журналдарды «Авис» секілді жаңа курьерлік жүйелер арқылы жеткізу құны қымбат. Өзі күнін әрең көріп отырған редакциялар жылдам әрі сапалы курьерлік қызметке жүгінуге қауқарсыз. Министрлік газеттің таралуын жеделдетуге қандай қолдау көрсете алады? 

– «Қазпошта» газеттерді жеткізу үшін мемлекеттен субсидия алады. Себебі газеттерді жеткізудің өкінішке орай шығыны көп. Сондықтан «Қазпоштадан» басқа компаниялар айналысқысы келмейді. Әсіресе күнделікті шығатын газеттердің жеткізілуі тіпті қиын. Басылым уақытылы жетпегеннен кейін қызығушылық та төмендейді, ақпарат ескіреді. Бірақ «Қазпоштамен» жеткізу жұмысы жалғасып жатыр, министрлікте бірнеше талқылау өткіздік. «Қазпошта» өз тарапынан жаңа технологияны қолданып, пилот өткізіп жатыр. Қазір көлікпен емес, кейбір ауылдарға «ұшырып» жеткізуді бастады. Кейбір облыстарда эксперимент ретінде, мысалы Атырау жергілікті жеткізуші шағын компаниялармен келісіп, адам таситын таксилермен жолшыбай ала кету қызметін енгізіп жатыр. Нәтиже қалай болады, жылдың аяғында белгілі болады. Егер бұл жақсы нәтиже көрсетсе, келесі жылы басқа облыстарға да ұсыныс береміз. Әсіресе облыстық газеттерге ол жүйеге көшу жеңіл. Ал республикалық газеттер үшін бұл қиындау. Айналып келіп республикалық газеттер «Қазпоштаның» қызметіне жүгінеді. Әлгі сұрақ қайта туындайды. Дегенмен министрлік «Қазпоштамен» «ұшырып» жеткізу қызметін қарастырып жатыр. Келісімге келсек, басылымдарды жеткізу проблемасы шешіледі.

– Жас редакторлармен ақпарат ескіріп қалатыны туралы сөйлестім. Түсінгенім газеттер сараптамалық материалдарды беруі тиіс. Сол кезде олардың интернет ресурстарға қарағанда, тиімділігі артады. Оқырманға кешігіп жетсе де сараптамалық материалға оқырманның ынтасы оянады...

– Бұл да біздің бағыттардың бірі. Министрліктің құзырындағы басылымдарға міндет ретінде қойып жатырмыз. Басылым беттерінде қысқа-қысқа ақпарат болмауы керек. Қазір оқырман таңертең тұрады да телефоннан жаңалықтарды қарап алады. Тіпті басылымның қажеті де жоқ. Сондықтан басылымдар құнды аналитикалық, сараптамалық мақалаларға басымдық берсе, әдебиетті, тарихты кең ашатын, мазмұны терең, әр индустрияны терең сараптап көрсете алатын мақала болса, соған сұраныс бар. Оған әрине бір күнде жазылым саны арта қалмайды. Қазинформда «е-history» мен «e-әдебиет» деген екі портал бар. Соларда көптеген жақсы сараптамалар бар. Олар бір күнде қаралым жинамайды. Бірақ бір жыл немесе үш айдың қорытындысын қарасаң, оны қарайтын азаматтар көп. Студенттер, басқа да адамдар өздеріне қажет болған кезде қарайды, әрі ондай сараптамалық мақалалар құндылығын жоғалтпайды.

 

Тапсырыс мақсаты мақтау емес, ондай талап қойылмайды

– Интернетке қатысты тағы бір мәселе... Қазақ тілінде хабар тарататын интернет басылымдар, яғни сайттардың жаңалығы қаншалықты оқылады деп салыстырып көрдік. Мысалы tengrinews.kz-тің орыс тіліндегі жаңалықтары мен қазақ тіліндегі жаңалығын салыстырмалы түрде алып қарасақ, міндетті түрде қазақ тіліндегі жаңалығын 10 есе аз адам оқиды екен. Қазақ тіліндегі сайттар көбінде министрліктің тарапынан бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың аясында, қолдаудың негізінде «өмір сүреді». Қаржы байқау арқылы берілетінін білеміз. Қазақ тілді сайттарға қаншалықты көңіл бөлесіздер және байқауға қатысқан кезде мемлекеттік тілде хабар таратуына басымдық беріле ме? Екінші бір мәселе, мемлекеттік тапсырысты бергеннен кейін міндетті түрде мемлекеттік идеология болуы тиіс пе? Осы тұрғыда министрліктен алатын тапсырыстары қазақ тілді басылымдардың тақырып аясын шектемей ме?

– Шектемейміз. Министрліктен тапсырыс алатын БАҚ-тарға ешқандай шектеу қойып отырған жоқпыз. Біріншіден, заңды түрде олай етуге болмайды. Екіншіден, кейбіреулер мемлекет тарапынан, министрліктен тапсырыс алғандар міндетті түрде мақтауы керек деп ойлайды. Мәселе мақтауда емес. Талап – Үкімет тарапынан халыққа жасалып жатқан жұмыстарды оқырманға жеткізу мақсаты. Сол мақсатта тапсырыс береміз. Бұл бір жағынан БАҚ-ты қаржылық қолдау болса, екінші жағынан мемлекет жасап жатқан жұмысты халыққа жеткізу. Мақтаңдар деген талап ешқашан қойылмайды. Біз, мысалы жолдар салынып жатыр соны халыққа жеткізіңіз, үйлер салынып жатыр, олар қандай ережелерге сәйкес кімдерге беріледі, соны халыққа терең түсіндіріңіз дейміз. Мемлекеттің көптеген бағдарламалары бар, солардың бәрін халыққа жеткізу  керек, насихаттау керек.  

Қазақ тілді басылымдар мен интернет сайттарға ғана қаражат бөлеміз, орыс тілді басылымдарға қаражат бөлінбейді деген жоқ. Сұранысқа байланысты мемлекет жасап жатқан жұмысты орыс тілді де, қазақ тілді де оқырманға жеткізу керек. Конкурс жариялағанда БАҚ-тар екі тілде де қатыса алады. Сондықтан қызмет барлығына бірдей бөлінеді. 

– Яғни тақырып – мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараларды насихаттау болғанымен, тапсырыс алатын барлық БАҚ қай салада, қай тақырыпта жазам десе де өз еркі ғой...

– Олар тақырыпты қай тілде, қай жанрда, қалай жеткіземіз десе, өз еркі. Бірақ мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» секілді басқа да даму бағдарламалары, бизнеске, кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдау шаралары бар, солардың барлығын халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Мысалы биыл 28 тематикалық бағытты белгіледік. Осы 28-ден басқаны айтпаңдар деген талап жоқ.

– Түсінікті, Нұртөре Жүсіп аға Сенатта журналистердің мәртебесіне байланысты мәселе көтерді. «Пандемия кезінде журналистер, мәселен дәрігерлермен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қатар жұмыс істеді. Бірақ олардың қызметіне ешқандай үстемақы немесе «премия» берілген жоқ деген мәселені көтерді. Журналистердің әлеуметтік жағдайы және баспанамен қамтылу, құқының шектелуі секілді мәселені көтерді. Министрлік тарапынан осы мәселелерді шешуге, заң жүзінде статус беруге, жағдай жасауға қатысты қандай да бір шара қарастырылып жатыр ма?

–  Министрлік тарапынан бұл мәселені талқылап жатырмыз. Болашақта БАҚ туралы заңға өзгерістер дайындаудамыз. Оны келесі жылы журналистер қауымымен және қоғамдық компаниялармен талқылаймыз деп отырмыз. Соның ішінде міндетті түрде біріншіден журналистердің құқығын қорғау, статусын жоғарылату және жалпы жұмыс кезінде оларға кедергі келтірмеу, шектеулерді алып тастау, оларды қолдау бағытында ұсыныстар дайындап жатырмыз. Ол заң ең жақын дегенде 2023 жылы қабылданатын шығар. Қазір журналистердің статусына байланысты регламент дайындалып жатыр. Журналистің жұмысына қолдау көрсету бағытында... 

Кейбір мемлекеттік органдар   журналистер сұрағына жауап бермейді. Заң бойынша журналист сұрағына 7 күнде, баспасөз конференциясы кезіндегі сұраққа сол сәтте немесе 2 күнде  жауап беруі керек. 7 күнде журналист сұрағына жауап ала алмаса, министрлік араласуы керек деген сияқты регламент жасап жатырмыз. Екінші бағыт, регламент ішінде журналистердің оқырман тарапынан немесе компаниялар тарапынан қудалау көрген кезінде министрлік қолдау көрсетуі қажет деген тармақтар бар. Үшінші әлеуметтік қолдау мәселесін жалпы заңға ұсыныс ретінде дайындап қойдық. Егер журналист қауіпті жағдайда жұмыс істеуге тура келсе, редакциясы қорғаныш киімдерімен алып беруі, жұмыс барысында ауырып қалса, емделу қаражатын көтеруі керек. 

– Рахмет! Тағы бір ұсыныс журналистердің шетелде тағылымдамадан өтуіне, «Болашақпен» білім алуына жағдай жасалса...    

 

Сұхбаттасқан – Мейрамгүл Мәдәлі
07.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 234
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 228
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 733
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 855
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 769

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8921
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8314
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11541
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9298
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10526