«Қазақ болып туғаныма, өнер жолын қуғаныма қуанамын»

«Қазақ болып туғаныма, өнер жолын қуғаныма қуанамын»

Кім екенін еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін тегіс білетін, есімі әр жүректе жатталып қалған қайталанбас дарын иесі болу тіпті сирек адамдардың ғана маңдайына жазылса керек. Сондай сирек тұлғалардың қатары Қазақ өнерінің ұстазы, белгілі театр және кино актері, Қазақстанның және Кеңес Одағының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовпен айшықталып, дараланып тұрады. Аты аңызға айналған ерен тұлға биыл мерейлі 85 жасқа жасқа толып отыр.

Таразға Асанәліден бұрын өзі ашқан «Жаңа ғасыр» театры, сол театрға іріктеліп алынған сайдың тасындай дарынды шәкірттері келді. Олар екі күн бойы жамбылдық көрермендерге тамаша тарту жасады. Әуелі «Соңғы қоңырау» қойылымын көрсетіп, көпшіліктің құрметіне бөленді. Қойылым оқиғасында жаңа оқу жылында мектепке жаңадан келген бейтаныс оқушы қыз Әйгерімге ғашық болған Ораз атты оқушы баланың тұңғыш рет оянған алғашқы махаббат сезімінің жай-күйі баяндалады. Ораз бейнесін Елдар Ташкенбай, Әйгерімді Назерке Ноғайбаева сомдады. Оқиға желісінде, сондай-ақ Ораздың достары Аманат (Мадияр Жолдасбек) пен Сәкөштің (Қасымбек Демеуов) де бастан өткерген хикаялары қатар өрбиді. Қойылым көңіл тербеді. Бұл жерден қоюшы-режиссерлері Асанәлі Әшімов пен Талғат Кубековтің шеберлігін көруге болады.

Онан соң «Жаңа ғасыр» театрының «Жарқанат» музыкалық комедиясы көрсетіледі. Қойылым оқиғасы – Генрих Айзенштейннің соттан жеңіліс табуынан басталады. Түрме директоры Генрих Айзенштейннің орнына Генрихтың әйеліне ғашық болып қалған, мезгілсіз уақытта бөтен үйде жүрген Франк Альфредты түрмеге қамап, оқиға желісі шиеленісе түседі. Жарқанат ролін – Назерке Ноғайбаева, Генрихты –Қасымбек Демеуов, Альфредті –Абылай Тұяқбай, қызметші қызды –Балнұр Әбдіғалиева керемет орындап, тамаша алып шықты. «Жарқанат» туындысы махаббат атты ұлы сезімнің мәңгілік екендігін, бір-біріне деген адалдық, шынайылықтың нәтижесі екендігін арқау еткен. Сондықтан ғажайып қойылым үшін көрермендер ризашылықпен қол соқты.

Бар ғұмырын киелі өнер жолына арнаған, өзі аңызға айналып кеткен Асанәлі Әшімовті жамбылдықтар асыға күтті. Қазақтың Асанәлісін Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастап келді. Асанәлі Әшімов әуелі ұстаз алдындағы парызын ұмытпай, Асқар Тоқпановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып рухына тағзым етті.

Өзін құрметтеп қарсы алған өнерсүйер қауым мен өнерпаздардың арасында аса толғанып, тебіреніске түсті. Осы сәтте белгілі ақын Қайырбек Асанов бүкіл жамбылдық қаламгерлердің атынан амандасып, жолына сәттілік тілесе, Тараздағы №54 орта мектептің 3-сынып оқушысы, 10 жасар Асанәлі Өмірбек абыз атасынан бата сұрады. Асекең ерекше толғанысқа түсіп, үлкен ықыласпен батасын берді. Келесі кезекте облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге Тараздағы Асанәлі Әшімов атындағы музей қызметкерлері дайындаған көрмені тамашалады. Онда өнердің шыңына өрлеген өзінің жастық шағы, өсу-өрлеу кезеңі көрініс тапқан еді.

Бұл күні Жамбыл жұртшылығы театрдың үлкен залында «Жаңа ғасыр» театры әзірлеген Асанәлі Әшімовтің шығармашылығы мен өмір жолына арналған «Тағдыр тақтасы» атты қойылымды тамашалады. Қойылымда Асанәліні – Қуаныш Құдайберген керемет сомдаса, Майраны – Назерке Ноғайбаева өзінің шеберлігімен алып шықты. Райымбек Сейітметовты – Абылай Тұяқбай, Асқар Тоқпановты Елдар Ташкенбай өте сәтті ойнай білді.

Қойылым Асанәлінің ауыл шаруашылығы институтына түсем деп, ауылдан келуімен басталады. Сол сәтте Райымбекті бұрыннан танитын әйгілі Асқар Тоқпановқа жолығады. Сәттілік деген де осылай үйлесе кететін болса керек. Тоқпанов нағыз маман емес пе, Асанәлінің қабілетін бірден таниды да: «Қазақтың даласы бір агрономға кемісе ештеңе етпес, сен маған кел, сен агроном емес, актер боласың» дейді. Айтылды, бітті. Асанәлі осылай актерлікке келеді. Одан әрі болашақ асыл жары Майрамен жолығуы, оған деген махаббат сезімдерін жеткізе алмай қиналуы шынайы көрініс тауып, әдемі сипатталады. Ақыры махаббатқа толы екі жүрек табысады. Екеуінің махаббатынан Сағи ( Мұхтар Қосыбай), Мәди (Мадияр Жолдасбек) ұлдары өмірге келіп, нағыз тамаша, бақытты күндер өтіп жатады. Онан соң Асанәлі үшін ең қымбат адам – Майраның жүрегі сырқаттанған сәті баяндалады. Майраны емдетем деп бармаған жері қалмайды. Ақыры соңғы демі біткен асыл адамды шетелден ұшақпен жеткізеді. Қасірет, қайғы! Азап! Сағи мен Мәдидің де аққан жұлдыздай ғұмырлары қысқа болғаны-ай!
Арада жылдар өткен. Асанәлі соншама қайғыдан еңсесі езіліп, тек бойына біткен қайсарлығы мен төзімділігіне ғана сүйеніп жүрген. Осы сәтте түс көріп, анасы (ролде Роза Әбішева ) аян береді. Асанәлі түсінде шаңырағы шыраққа толып тұрғанын айтады. Анасы: «Аз қиналып, азапты аз шеккен жоқсың балам. Енді үйің қуанышқа толып, еңсең қайта тіктеліп, бесігің қайта тербеледі, балам» – дейді. Осы сәт Сағи мен Мәди де елес беріп, «Әке ұрпағыңыз жалғасады. Өмірге ұл келеді, әке» деп елес береді.

Арада аз уақыт өткенде өте жүдеу күйдегі Асанәліге жүзі жылы, көздері мейірімге толы мейірбике жолығады. Бұл – Асекеңнің өміріне шуақ болып келген, үмітін қайта жандырған Бағдат болатын. Бағдат (ролде Балнұр Әбдіғалиева) үлкен кісінің сонша жүдеу жағдайын көріп, «Аға, қан қысымыңызды өлшейін» деп мейірімін төгеді. Сонда Асанәлі: «Айналайын, қан қысымым орнында. Одан да жүрегімнің соғысын көрші. Ех, менің жүрегімнің шақырылмаған қонағы», – деп өтінеді, толғанысқа түседі. Осылайша, Асанәлі мен Бағдат жұбы бір-бірін ұғынып, табысады. Келесі жылы көп тілегі қабыл болып, өмірге Асанәлі атты ұл келді. Асанәлі Әшімовтің жалғасы сол Асанәлі қазір 15 жасқа толған азамат. Бұған әрине, аңыз Асанәлі де, Бағдат та шүкіршілік етеді. Қойылымда А.Әшімов ойнаған Бекежан (Айдын Беріков), Дон-Жуан (Әбдіғали Нұрсұлтан) кейіпкерлер де көрініс тауып, көпшілікпен қауышты.
Қойылым соңында жас актерлер сарбаздарша тізіліп, сап түзеді. Сахнаға қазақтың Асанәлі Әшімовы көтеріліп келе жатты. Әшімов шәкірттерінің қолын алып, өнерлері үшін алғысын білдірді. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелініп, аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов құттықтау сөз сөйледі.

– Бүгін біз тамаша оқиғаға куә болып отырмыз. Қазақтың Асанәлісі 85 жасқа толып, асқар тау болып ортамызға келді. Өзіміздің сахнада өзіміздің мақтанышымыз, қазақтың мақтанышы Асанәлі Әшімовке арналған қойылым көрсетілді. Асанәлі Әшімұлы өнердің дамуы жолында шексіз еңбек етті. Бүгін өзінің театрымен келуі ерекше қуанышты жағдай. Аға, еңбегіңіз жанып, біздің мақтанышымызға айнала беріңіз, – деген Нұржан Молдиярұлы Асанәлі Әшімовке зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.

Мұнан соң аңыз адам Асанәлі Әшімов сөз алып: «Қазақ болып туғаныма, өнер жолын қуғаныма қуанамын. Сахнада кейіпкер жасап, өмірге қайта келгеніме қуанамын, пәс болған көңілдерімді, таза ауамен суарамын. Басыма қанша қайғы түссе де, белімді бекем буа аламын. Өнер – сіздердікі. 85 жасқа келдім деп қуанып тұрғаным жоқ. Мерей жасты сіздермен бірге атап өтсем дедім. Өзімнің «Жаңа ғасыр» театрыммен бүкіл облыс орталықтарын аралауды жоспарлап отырмыз. Сол жоспарды өзімнің туған өлкем Жамбыл жерінен бастадым. Жастар елдің жарқын болашағы болыңдар. Әдебиетке, өнерге, мәдениетке құштар болыңдар. Туған жер – қымбат. Туған жерге, кіндік қаным тамған жерге бүйрегім бұрады. Облыс әкімі менің атымдағы өнер мектебі ашылады деп уәде беріп отыр. Құрметтеріңіз үшін барлықтарыңызға бас идім», – деді аңыз Асанәлі Әшімов.

Есет ДОСАЛЫ, aqjolgazet.kz
25.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 66
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 66
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 173
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 173
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 315
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 316
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 538
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 486

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9190
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8588
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11816
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9585
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10799