Сарысу ауданының Құрметті азаматы, энергетика саласының ардагері Ақбай Ысқақова Кеңес Одағы тұсында энергетика саласында қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы әйел басшының бірі. Білікті энергетика маманы.
Ақбай Ысқақова 1941 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Комсомол ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1950-1960 жылдары Сарысу ауданы, Байқадам атындағы орта мектепті бітірген. 1960 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының «Энергетика» факультетіне түсіп, 1966 жылы «инженер-энергетик» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Білімді әрі жігерлі жас маман қыз еңбек жолын 1967 жылы Талас аудандық электр желілері мекемесінде шебер болып бастайды.
1967 жылы Сарысу ауданы Талас ауданынан бөлініп шыққаннан кейін, 1968 жылдың күзінен 1996 жылға дейін 28 жылдан аса табан аудармай Сарысу аудандық электр желілері мекемесінің бастығы болып жемісті еңбек етті.
Ақпай апа өзі еңбек еткен жылдарда Сарысу ауданының энергетикалық жүйесінің дамуына үлкен үлес қосты.
Ұзақ жылғы басшылығы мен жемісті еңбегі жоғарғы басшылық тарапынан жоғары бағаланып, көптеген
марапаттармен марапатталды.
Ақбай апа 1996 жылы зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Аудан өміріне, қоғамдық, саяси, мәдени жұмыстарға, ауылдың тыныс-тіршілігіне белсене араласады.
Аудандағы энергетика саласында жүрген жас мамандарға тәжірибесін, ақыл-кеңесін бөлісіп, жастарға тәрбие беруден жалыққан емес.
Сексеннің төртеуіне аяқ басқан ауданның ақ жаулықты аяулы анасы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Ысқақова Ақбай апа — ауданымыздың мақтанышы.
Бүгінгі Энергетик күні Ақбай апаны кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, шаңырағына шаттық тілейміз.