Ақиық ақын Олжас Сүлейменов «Қазақ халқының қайсар адвокаты» деп атаған заңгер, экс-сенатор, Қазақ халқының басынан кешкен ауыр жылдардың жазбаларын тарих қойнауларынан, шаң басқан архивтерден жинаттырып, елге танытып жүрген іскер, талапшыл, еңбекқор ғалым ағамыз Сабыр Қасымов жөнінде
Желтоқсан қаһармандарын қорғаудағы жанкешті еңбек
Сабыр Қасымовты 1993 жылдың күзінде Конституциялық соттың дәлізінде алғаш көрген едік. Бір топ желтоқсандықтардың ортасында сөйлеп тұр екен. Біз де келіп, мағыналы сөздеріне құлақ қойып, ықыласпен тыңдадық.
Сабыр ағамыздың конституциялық сотқа түсірілген арыз-шағымдар туралы айтып тұрғанын түсіндік. Ол кезде ол кісінің конституциялық соттың мүшесі екенін білген жоқпыз. Кейіннен естідік, желтоқсаншыларды ақтау комиссиясында да орасан зор қызмет жасады деп... Сөйтсек, С.Қасымов ұлттымыздың-азаттығын тым әріден ойлаған нағыз стратег, білімді, бірегей тұлға екен. Қасымовтың басты қасиеті ешуақытта істеген істерін атойлап, кеуде қағып айтпайтындығында жатыр. Яғни ұлты үшін жасалған, жасалатын еңбектерін бұлдаған емес. Сонысымен шоқтығы биік тұрады.
С.Қасымов туралы көптеген мақалаларда жазылды. Енді сол жазылған мақалалардан үзінділер келтіре кетейік: «Біз оған дейін пленум шешімінің кешігіп жатқанынан үміттендік. Бір өзгеріс болар, қазақ азаматтарының бірі басшы болатын шығар деген ойда едік. Алайда үміт ақталмады. Г.Колбиннің бас хатшы болғанын 15 сағатта дүйім жұртқа жаңғырта хабарладық. Зиялы қауым да іштен тынған. Тіпті желтоқсанның 15-і күні де жастардың жанарларынан ашу-ыза байқалғандай болып жүрді. Әр жерде топтанып тұрған жастарды көріп қалатын едік. Бұлардың ертеңі не болмақ? Жастар толқыса қайтеміз? Бұл сұрақтар санамды тілгілеп, 16 желтоқсан күні дел-сал болып үйге келдім. Келсем, үйге Сабыр Қасымов келіп отыр екен. Ол бұрын Қазақстан Орталық партия комитеті құрамында қызмет еткен еді. Кейін КПСС ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға кеткен-ді. Ол жаста болса, сырласым болатын. Ол күні екеуміз ұзақ әңгімелестік.
Жастардың көңіліндегі толқуды ол да аңғарып жүрсе керек. Екеуіміздің де ойымызда жастар алаңға шығып кете ме деген қауып бар.
Егер олай бола қалған жағдайда оларға қамқор болар адам табыла қоймас.
– Республика басшылығына басқа ұлт өкілін әкеліп қою – қазақ халқын сыйламағандық, кемсітушілік, – деді Сабыр. – Бұндай басынушылықты Балтық бойы, Кавказ өңіріндегі республикаларға, тіпті Өзбекстанға да жасай алмайды.
– Енді орталық ешқандай күш қолданбай-ақ, Партия жолы, саяси бюро шешімі деп тоз-тоз етеді десейші, – дедім.
– Ол да ғажап емес. Колбин, Голощекин сияқты қараниеттілігімен аты шыққан партократ. – Жастарды қалай сақтандыру керек? – Олардың ереуілге шығып,талап-тілегін айтуы дұрыс. Өйткені, азаматтық ар-ождан аяққа басылып барады.
Қазір партиялық әділ саясат дегеннің ұшқыны да жоқ. Оны халық болып айтпаса, нағыз жүндейтін жуас түйе біз боламыз. Бұл шеруден зиялы қауым шет қалмаса ғой, – деді де, ойлана отырып, Сабыр «что-то надо предпринимать» деп орнынан тұрып кетті...» («Астана ақшамы». 13.12. 2003 жыл. Кәкімбек Нұржанұлы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі)
Кәкімбек ақсақалдың жазған мақаласын оқып отырып, менің түйгенім – Сабыр Қасымовтың бойындағы ұлттық құндылықтардың тым әріден бастау алғандығы.
Партиялық, қоғамдық жұмыстардың білгірі ретінде, «Әр халықты өз көсемі басқаруы керек!», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Қазақстанға Бостандық керек!», «Қазақстаннан қолыңды тарт!», «Колбин жоғалсын!», «Біз еліміздің еркіндігін аңсаймыз!» деген ұрандарды жазып, таратып, басын қатерге тіккені оның ұлтына деген сүйіспеншілігін көрсетсе керек. Осы жерде айта кетейік, С. Қасымовтардың жазған ұрандары 19 желтоқсанда, Алматыдан 2242 шақырым батыста, Ақтөбе облысы Алға қаласының теміржол вокзалының перронынан табылғанына не дерсіз?!
Алға қаласының көрнекті жерлеріне 25-26 желтоқсанда түнде ұрандар жазып, іс-әрекетке барған алғалық үш батырдың бірі Болат Телеуов айтып еді, «Бокс үйірмесіне келіп жүрген оқушы балалар» вокзалдан тауып алдық» деп бір бума листовканы маған әкеліп берді. Мен оқыдым да сыртқа апарып өртеп жібердім...»
Қасымовтардың жанкешті қимылдары, алыс-қиянда жатқан, Б. Телеуов сияқты бойларында ұлттық намысы бар жігерлі жастарды да оятып жібергендері де айдан анық еді!
Мектеп партасынан компартия біздің әкемізде, шешемізде, лениндік сара жолдың арқасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз деген санамызға әбден сіңіп кеткен жаттанды сөздердің бәрі де бекер екендігіне сол күндері көзіміз жетіп еді.
Елдің ертеңін ойлаған саналы жастарды аяқ астынан соңдарынан ерте алатын көреген, мінезді, білімді, елімізге танымал өздеріміз «әулие» дей көретін аға-апаларымыз сын сағаттарда, бастарын алып қашқан болатын!
Әрине, өздерінің карьераларын қатерге тігіп, шеруге шыққандарды моральдық тұрғыдан болса да қорғаштап, үлкенді-кішілі партия жиындарында, өздерінің ойларын тайсалмай батыл айтқандары да болды. Олардың жанайқайлары жалпы халықтың құлағына жеткен жоқ. Өйткені, олардың ой-пікірлерін басып шығаратын басылымдар болған жоқ. Цензура барлық жерде қырағылық көрсетіп еді. Билік түгілі қатардағы қарапайым қызметкерлерді бір-біріне аңдытып қойғанын көрдік. Қазақша айтқанда, әркім өз қотырын өздері қасыды. Дегенменде, халық болғасын, елінің тәуелсіздігін аңсайтын зиялылар қауымы да болады ғой. Жұмысшылардың жатақханаларында тұратын өздері жақсы танитын, сенетін жастар арқылы келіп, астыртын саяси әңгімелер айтып кететіндері де болды.
Қуғын-сүргін көрген Алаш арыстарының жоқтаушысы
Коммунистік идеяның санамызға сіңісті болғаны соншалықты – олардың айтқан дәлелді уәждеріне біріміз сенсек те, екіншілеріміз сенген жоқпыз! «Қойыңыздар, партия жалған айтпайды» деп... қарапайым халықты қараңғылықта ұстағандары соншалықты, Кеңес кезінде де көптеген аға-апаларымыздың тәуелсіздік жолындағы ерен ерліктерін кейіннен архив құжаттары арқылы біліп жатырмыз.
Біздің кейіпкеріміз – Сабыр Қасымов 1986 жылдың дүрбелеңінен кейін де салы суға кеткен жоқ. Өздерінің іс-әрекеттерінен кеткен қателіктер болса, соларын түзету мақсатында, Мәскеуге КПСС ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға аттанады. Ендігі майдан қара күшке жүгіну емес, жан-жақты болып, саяси тұрғыдан білімді де болудың керектігін ұғынған болатын!
1988 жылы оқуын тамамдап келгеннен кейінде, 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде басы-қасында болған жауапты адамдармен ебін тауып, сыр тартып, өзіне керекті материалдарды жинақтауға көшеді.
Кеңес одағының жүрегі деп есептелетін, Мәскеуде де саяси ахуал тұрақты емес еді.
Солардың арасында болып келгендіктен, көптеген саяси ойындардың қатпарлы, қалтарыстарынан мол хабары бар-тұғын!
1989 жылдың күзінде Желтоқсан көтерілісін зерттеу мақсатында құрылған комиссияның (тең төрағалары Қ. Мырзалиев, М. Шаханов) бел ортасында жүріп, қыруар еңбек сіңіргені туралы зерттеуші ғалымдар айтып жүр.
1992 жылы Конституциялық сот құрылғанда, оның құрамында білімді, заңгер, шынайы ұлт жанашыры, С. Қасымовтың болуын саяси көзқарастары қалыптасқан көпшілік қолдаған еді.
Конституциялық сотқа алғаш арыз-шағым түсірушілер қатарындағы Хасен Қожахмет, Жансая Сабитова, «АЗАТ» азаматтық қозғалысының атынан сотта баяндама жасаған Жасарал Қуанышәлиндер де С. Қасымовпен ақылдасып, кеңесіп жүретін.
Қазақ ССР-і Бас прокурорының орынбасары болған, сол бір сұрапыл күндері шеруге шыққандарды аяусыз жазалағандарға дем беруші А.Н.Ефимовтен конституциялық соттың отырысында С.Қасымов пен Г.В.Ким Желтоқсан кезінде прокурорлардың заңды белден басқандарын дәлелдеп, қатқыл сұрақтардың астына алған еді!
(ЖЕЛТОҚСАН. ДЕКАБРЬ. 1986. Документальные Хроника. / Сост. Б. Әбдіғалиұлы - Алматы: Издательство «Арыс», 2021- 880 стр.736- 739 бетте)
Ефимов арада 7 жыл өткеннен кейін С.Қасымов деген қазақ заңгері өзін сұрақтың астына алып, тергейді деп үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді.
«Дүние кезек» деген осы шығар?! Арада 40 жылға жуық уақыт өтсе де, кейбір азаматтардың әлі де тартынып сөйлеп жүргендерін білеміз. 1990 жылдары елдің сол кездегі «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған» басшыларын сотқа шақырып тергеу аса білімділік пен мінезді көрсетсе керек.
1988 жылы Мәскеуден оқуын тамамдап келіп, Қазақстан орталық партия комитетінің ұлтаралық қарым-қатынастар бөлімінде жұмыс жасай жүріп, Желтоқсан шындығына көз жеткізуді өзінің алдына мақсат етіп қойды. Талай жауапты адамдар мен осы тақырыптарға байланысты сөйлесіп те көреді. Тәптіштеп сұрай бергесін кейбір азаматтар «бәлесінен аулақ» деп аса жақындамауға тырысқан еді.
Тынбай еңбектене жүріп, сыры ашылмай жатқан біраз құнды мәліметтерге де қол жеткізді. Сол себепті де Сабыр Қасымов «Біздің зиялы қауым Желтоқсан қаһармандарының алдында қарыздар, бастарын жерге жеткенше иіп, кешірім сұраулары тиіс» дейді.
Әрине, сол қанды қасаптың жуан ортасында болған біздер, Сабыр Қасымовтың орасан еңбектерін білгендіктен, қолдаймыз да сыйлаймыз.
Ол қуғын-сүргін көргендердің комиссиясында жүріп, 2,5 млн істі ерінбей қопарған. Олардың дені ақталды. Мұның өзі зор еңбек емес пе?
Көлеңкеде жүріп, тындырымды еңбек жасағанын марқұмдар – Сейдахмет Құттықадам, Мұрат Әуезовтер талай айтты. Дос санады. Бір-бірімен тірі кездерінде сыйласып, бағалай білді. Іздерін өкшелей қуып келе жатқан біздерге жұғысты болсын! Соңғы кездері С. Қасымовқа қаратып айтылып жатқан дәлелсіз, жалаға негізделген, жеңіл салмағы жоқ, шала жанған, бықсыған сөздерді де естіп қалып жатамыз. Ондайларға айтарымыз – ақтың жаққан отын жалақорлар мың жерден үрлесе де өшіре алмайды. Келер ұрпаққа ақтықтың, адалдықтың жолын салуға атсалысып, саналы ғұмыры ұлт үшін күреспен өтіп келе жатқан бірегей тұлға – Сабыр Қасымов феноменін зерттейтін күндер де келеді. Біздер бұған кәміл сенімдіміз! Шағын мақаламызды Сабыр ағамыздың өз сөзімен қорытындыласақ: «1986 жылдың желтоқсанында қазақ халқының басына түскен сын сағатта халықтың ең адал, намысты бөлігі – жастар соққыны тайсалмай қабылдап, өз иығымен көтерді. Бұны зиялы қауым істеуге тиіс еді. Олай болмады. Керісінше, жастар шырылдап, от ортасында шырқырағанда, ешкім ара түсе алған жоқ». («Астана ақшамы». 2003 жыл. 5 бет. К. Нұржанұлы)
PS: 2016 жылы Астана қаласында Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына орай өткізілген халықаралық ғылыми конференцияның да басы-қасында Сабыр Қасымов жүрген еді. Конференцияның барлық қаражатын пәтерін сатып көтерген Құрманғазы Айтмурзаев болатын.
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ