Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен және «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен бірлескен «Халық және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Жолдауы аясындағы «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына» арналған экспедициясы сапарға шығады.
Ауыл тұрғындарына ҮНДЕУ
Президентіміздің ауылшаруашылығына, ауылға ден қоюында зор мән жатыр. Яғни ауылды түлету дегеніміз экономикамыз бен әл-ауқатымызды көтеру екен. Әрине, Президентіміз айтқандай, ауылшаруашылығында көкейкесті мәселелер, кемшіліктер бар. Экспедициямыздың басты мақсаттарының бірі – осы мәселелерді өкіметке жеткізу.Тағы бір ескертетін мәселе, экспедициямыздың маршруттары карантиннің барлық талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Елбасымыздың бастамасымен Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» атты бағдарлама жасалып, қазір ол өмірімізге нық қадам басты. Осы бағдарламада ауылға да зор мән берілгенін байқаймыз. Ұлт жоспарындағы 98-қадамда айтылған, көтерілген, нақты қойылған мәселе тікелей ауылға арналған.
Бұл 98-қадамның маңызы не? Осы қадам арқылы ауылымыздың болашағына, тағдырына нақты не істей аламыз? Жергілікті өзін-өзі басқару және оның бюджетін жасау. Бұл мәселені Елбасымыз бұрын да талай мәрте қозғап, өмірге енгізуге тапсырмалар берген. Бұл ауылдарда, ұжымдарда, кейбір салаларда, қалаларда қолданып, жемісін берген әдіс. Яғни әбден сыналып, осы нақты жүз қадамның бірі ретінде батыл түрде енгізілгенін көріп отырмыз. Сонымен бұл қадамның маңызы неде?
Біріншіден, ауыл адамдарының белсенділігін арттырады.
Екіншіден, олардың патриоттық сезімін оятып, жауапкершілікті күшейтеді.
Үшіншіден, қазір барлық салаларымызды жаулап алған жемқорлыққа қатаң түрде тосқауыл қойылып, бөлінген қаржыны кім көрінген талан-таражға сала алмайды.
Төртіншіден, ынтымақ-бірлік күшейіп, іс-шараларымызды жұмыла атқаруға мүмкіндік туады. Тұрғындардың әрқайсысында жауапкершілік сезімі күшейіп, ауылдың өркендеуіне нақты іспен көмектесуге деген құлшыныс туады.
Құрметті ауыл жанашыры!
Біз бәріміз бірлесіп, ауылға нақты, батыл қадам жасамасақ, немқұрайлылықтан арылмасақ, тек ауыл ғана емес, бүкіл ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағы бұлыңғыр болып, берекесіздік етек алатыны сөзсіз. Елбасымыздың «Қазақстан – 2050: Мәңгілік ел» стратегиясында «Ауылды қайта жаңғыртайық!» деген алға қойған жарқын мақсат пен міндет тұр. Қалай жаңғыртамыз, оны бүгін бастамасақ, ертең кеш болады. Осы үндеу аясында сіздерге ой тастау мақсатында бірнеше қағидаттарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1. «Оян, қазақ!» демекші, алдымен өзіңіз, ауылдың әрбір азаматы оянып, дүр сілкініп: «Бұл – тек менің ауылым! Осы туған ауылыма не істей аламын?» деген көзқарасты, жаңашылдықты, сенімді, жауапкершілікті жүрегімізге ұялатайық.
2. Ауыл ажары алдымен сіздің үйден басталуы тиіс. Үйіңіздің сыртқы келбетіне көз жүгіртіңіз. Ағаш, гүл егілген бе? Тазалық қалай? Қақпа, дуал, қоршаулары қалай?
3. Көшеңіз қалай? Асфальттанған ба? Шашылып жатқан күл-қоқыстар жоқ па? Су құбыры, газ тартылған ба?
4. 98-қадамдағы Өзін-өзі басқару жүйесін жүзеге асыру өзіңнің қолыңда, қадірлі ауылдас. Қашанда ауылда белсенді азаматтар мен азаматшалар болған, әлі де бар деп білеміз. Тек белсенді ғана емес, қолынан іс келетін, адал, тәртіпті, ойын ашық айта білетін азаматтар бас қосып, Өзін-өзі басқару тобын құрған жөн. Бұл қоғамдық топ әкіммен біте қайнасып жұмыс істеуі тиіс.
5. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған салт-дәстүрлеріміздің айнасы осы ауыл. Бұл құнды мәселе шынында да ауылдан бастау алуы керек. Жастарымызды салт-дәстүрлерімізбен сусындатып, дінімізбен нұрландырып, тілімен байытып, Отанымен мақтаныш тұтқыза білсек. Арақ-шарапты жолатпай, салауатты өмірге үйренсек, ауылға береке келеді.
6. Мектеп түлектері қашанда ауылымыздың жарқын болашағы. Осы алтын бесігімізде тәрбиеленген ұрпағымыздың өз ауылына деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту – басты парызымыз.
7. Ауылдың әрбір тұрғыны, әрбір отбасы – ең үлкен байлығымыз. Кедей отбасыларға ауыл болып көмектесу, қасіретке ұшырағандарға демеушілік жасау – әрбіріміздің парызымыз. Өйткені береке-бірлік те, бақ пен рух та отбасынан, балабақша мен мектептен басталады. Енді тағы бір айтатын мәселе туған ауылынан сыртқары жүрген азаматтармен де құрылған топ байланысты үзбей, олардың демеушілігіне жүгіну қажет.
Қадірлі ауылдастар! Біздің ауылымыз мемлекетіміздің іргетасы іспеттес. Әрбіріміз ауылымызды көтеруге, оның шаңырағының биік болуына үлес қосуға міндеттіміз. Сонда ғана ауыл өмірі көңілді, ондағы әрбір отбасы да нұрлана түспек. Осы айтылғандарды, көтерілген көкейтесті мәселелерді көңілден тыс қалдырмай, іліп әкетейік. Ауылымыздың шаңырағы биіктеп, мәртебесі ассын!
ҚР Ауылшаруашылығы министрі
Ербол Қарашөкеев,
«Nur Otan» партиясының
бірінші орынбасары Бауыржан Байбек,
«Qazaqstan dauiri» ЖШС
Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы