Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тағы бір маңызды белесті бағындырды. Еліміздің жетекші жоғары оқу орны ұлттық «AI-Sana» акселерациялық бағдарламасының екінші кезеңіне өткен қатысушылар саны бойынша Қазақстан университеттері арасында бірінші орынға ие болды. Бұл – ҚазҰУ-дың заманауи білім беру, инновация, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағытындағы жүйелі жұмысының нақты нәтижесі.
Іріктеу қорытындысы бойынша университеттің 7524 білім алушысы келесі кезеңге жолдама алды. Олардың басым бөлігін бакалавриат студенттері құрады – 7025 адам. Сонымен қатар 313 магистрант пен 186 докторанттың келесі кезеңге өтуі ҚазҰУ-дағы ғылыми ізденіс пен технологиялық ойлаудың барлық білім деңгейінде жоғары дамып отырғанын көрсетеді. Бұл көрсеткіш университеттің ІТ-білім мен ғылым саласындағы жетекші орнын тағы бір мәрте айқындады.
«AI-Sana» – еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға, DeepTech-стартаптарды дамытуға және жаңа буын ІТ-мамандарын даярлауға бағытталған ауқымды бастама. Бағдарламаның ерекшелігі – оның халықаралық сарапшылар мен Кремний алқабының инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылуы. Бұл жобаға қатысу студенттер үшін тек білім алу алаңы ғана емес, сонымен бірге жаһандық инновациялық ортаға енуге мүмкіндік беретін бірегей тәжірибе алаңы болып отыр.
Алдағы 2,5 ай ішінде қатысушылар қарқынды онлайн-оқудан өтеді. Бағдарлама аясында олар жасанды интеллектінің қолданбалы құралдарын меңгеріп, Python тілінде нақты кодпен жұмыс істейді, Google Colab платформасында тәжірибелік тапсырмалар орындайды. Мұның бәрі студенттердің тек теориялық білімін арттырып қана қоймай, практикалық цифрлық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Ең бастысы – жоба жастардың бойында AI-кәсіпкерлік, технологиялық бастамашылық және инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Үздік қатысушылар үшін бағдарлама аясында ерекше мүмкіндіктер қарастырылған. Олар Alem.AI инновациялық экожүйесіне қосылып, өздерінің стартап-жобаларын халықаралық деңгейге шығаруға жол аша алады. Бұл – ҚазҰУ студенттері үшін әлемдік нарық талаптарына сай жобалар әзірлеп, оларды нақты бизнес-бастамаға айналдырудың маңызды қадамы.
Университет ішіндегі белсенділік те ерекше назар аудартады. Бағдарламаға қатысу бойынша физика-техникалық факультет, география және табиғатты пайдалану факультеті, сондай-ақ ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті жоғары белсенділік танытты. Сонымен бірге заң факультеті, филология факультеті және Экономика және бизнес жоғары мектебі студенттерінің де кеңінен қатысуы жасанды интеллектінің бүгінгі таңда тек техникалық саламен шектелмейтінін, оның барлық бағыттар үшін маңызды әмбебап құзыретке айналғанын көрсетеді.
Бұл үрдіс қазіргі заманғы білім беру кеңістігіндегі маңызды өзгерісті аңғартады. Бүгінде жасанды интеллект технологиялары экономикада, құқықта, бизнесте, коммуникацияда, ғылымда және гуманитарлық салаларда кеңінен қолданылып келеді. Сондықтан ҚазҰУ-дың түрлі факультеттері студенттерінің осы бағдарламаға жаппай қатысуы университеттің білім беру саясатының икемділігін, жаңашылдығын және болашақ мамандарды жаңа дәуір талаптарына сай даярлап отырғанын білдіреді.
ҚазҰУ-дың «AI-Sana» бағдарламасындағы көшбасшылығы – бұл жай ғана сандық көрсеткіш емес. Бұл – университеттің инновациялық экожүйесінің қуатын, студенттердің жоғары ынтасын және академиялық қауымдастықтың цифрлық трансформацияға дайын екенін білдіретін маңызды белгі. Қазіргі таңда университет жасанды интеллект, стартап мәдениеті, цифрлық кәсіпкерлік және технологиялық білім беру бағыттарында жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әрдайым уақыт талабына сай дамып, ғылым мен білімнің жаңа көкжиектерін игеруге ұмтылып келеді. «AI-Sana» бағдарламасындағы бұл жеңіс – университеттің жастарға тек сапалы білім беріп қана қоймай, оларды жаһандық технологиялық өзгерістердің белсенді қатысушысына айналдырып отырғанының дәлелі. Бұл – ҚазҰУ-дың болашаққа сеніммен қарайтын, бәсекеге қабілетті және инновацияға ашық университет ретіндегі айқын келбеті.
Бүгінгі ҚазҰУ – тек білім ордасы емес, ол – идеялар туындайтын, технологиялар дамитын, стартаптар қалыптасатын және болашақ көшбасшылар тәрбиеленетін ірі интеллектуалдық орта. Сондықтан «AI-Sana» бағдарламасындағы бірінші орын университеттің стратегиялық дамуының заңды нәтижесі деуге толық негіз бар.
Қарлығаш АКИМБАЕВА,
Альмира АРЫСТАМБАЕВА,
Айман ИСАЕВА,
Гульнар ЖУНИСОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
«Қаржы және есеп» кафедрасы














