15 қыркүйектен бастап қаладағы бірқатар автобус бағыттары сағат 22:00-ге дейін жүріп жатыр. Қала әкімі Е.Жылқыбаев тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, тасымалдаушы мекемелермен осындай келісімге келген. Енді № 55, 46, 28, 40, 32, 12, 29, 38, 16, 27 автобус бағыттары ұзартылған жұмыс кестесімен, яғни сағат 22.00-ге дейін қатынауы тиіс.
Дегенмен жолаушылар саны өте аз болғандықтан, соңғы маршруттың жүруі 21:00-де аяқталып жатыр. Қала әкімдігі бұл бағыттағы тиісті жұмыстар жалғастырылатынын хабарлап отыр.
Айта кету керек, бұған дейін №8 автобус бағыты сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеп келді. Қазіргі таңда қаладағы өзге де автобус бағыттарының қозғалыс кестелері қайта қаралып, қосымша автобустар қосу жұмыстары жүргізілуде.
Екі мың жылдық Тараз қаласы көпшілікке тек Жамбыл облысының орталығы ғана емес, топырағын түртсең тарихы көрінетін көне қала ретінде да туристік әлеуетке ие. Тарихи қала ретінде алыс-жақын шетелге таныс. Сондықтан Таразға келетін қонақтардың бір бөлігі бұл қалаға туристік сапармен жол тартуда.
Әрине, кез келген қонақ алдымен таксиге немесе қоғамдық автобусқа мінетіні анық. Сол себепті Тараз шаһарының әкімдігі басым бағытты міндеттемелердің бірі ретінде қалаішілік жолаушылар тасымалына ерекше мән беруде.
Әсіресе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен Тараз қаласындағы былтырдан бері жолаушылар тасымалы саласында үлкен бетбұрыс болды. Яғни қоғамдық көліктегі төлем түрі электрондық жүйеге өтті. «Tulpar card» жүйесі қазір Тараздағы барлық автобустарға енгізілген. Өзінің қолайлы, тиімді, ыңғайлы екенін әлдеқашан дәлелдеген.
Ал 20 қыркүйектен бастап қала аумағында №41 бағыттағы автобустар қайта жүргізіле бастады.
Тараз қаласында қоғамдық көлік мәселесі – Тараз тұрғындарының бас ауыртар басты түйткіліне айналғалы біраз уақыттың жүзі болды. Тариф көтерілгелі бері көпшілікті «жаңа автобустар қашан алынбақ?» деген сауал жиі мазалайтын. Биыл облыс тұрғындарының арманы орындалып келеді. Бастамасы ретінде, жазда су жаңа 10 қоғамдық көлік пайдалануға берілген. Алматыдан әкелінген Golden Dragon маркалы үлкен сыйымдылықты автобустар қала тұрғындарына №8 автобус бағыты бойынша қатынап жатыр. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтің айтуынша, жыл соңына дейін 100 қоғамдық көлік алу жоспарда.
– Біріншіден қоғамдық көліктердің жүру кестелерін сақтау маңызды. Екіншіден жүргізушілердің мәдениеттілігін қадағалау қажет. Одан кейін қоғамдық көліктің іші таза болуы маңызды. Қазіргі автобустардың іші кішкентай, халыққа ыңғайсыз. Кешкі уақытта тұрғындар сыймай қалатын да кездер болып тұрады. Біз халыққа биыл кем дегенде 100 осындай су жаңа көлікті пайдалануға береміз деп уәде бергенбіз. Мінекей, бұл бастамасы, – деді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, бүгінде қала бойынша қоғамдық көліктердің жалпы саны 450-ді құрайды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жыл сайын Таразда 100 автобус жаңартылмақ.