Орал қаласында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. Жуырда қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев Зашаған және Деркөл кенттеріндегі жол құрылысының барысын тексерді.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Белгілі болғанындай, аталған кенттерде көше жолдарының жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Зашағандағы «Автомобилист» шағынауданында жалпы ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Ал кенттегі Жанқадамов көшесіне 706 метр жаяу жүргіншілер жолы салынып, автокөлік жолына асфальт төсеуге дайындық жүргізілуде екен. Бұдан бөлек жоба бойынша аталған көшеде арық жүйесін және су өткізу құбырларын орнату қарастырылған. Сонымен қатар «Коминтерн» шағынауданындағы Беляев көшесіне 1,4 шақырым автокөлік және жаяу жүргіншілер жолы салынып, су өткізгіш құбырлар орнатылуда. Өзен көшесіндегі жолды күрделі жөндеу жұмысының аяқталуы жақын. Мұнда жалпы 540 метр жол салынып, пайдалануға берілмек. Сондай-ақ Меловые горки ауылында ұзындығы 2,9 шақырым ішкі орам жолдарының құрылысы басталған.
Қала іргесіндегі Деркөл кентінде Ғ.Мүсірепов көшесінен Зашаған кентіне баратын айналма жолға дейін асфальт салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында кентке қарасты «Сарыарқа» шағынауданында бірнеше көшеде арық жүйесі орнатылуда. Атап айтқанда, арық жүйесімен Байзақов, Рысқұлов, Бөкей хан, Ғабдуллин, Асанова, Нұршайықов, Мұстафин, Жұбанов, Өмірзақова көшелері қамтылмақ. Салынатын арықтың жалпы ұзындығы – 6,8 шақырым. Сонымен қатар осы шағынауданның шетінде су жүретін арық қазу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның ұзындығы 5 шақырымды құрайды.
«Нысандарды аралау барысында қала әкімінің орынбасары Ж.Дүйсенғалиев мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмысын қарқынды әрі сапалы жүргізуді және жобаға сәйкес мерзімінде аяқтауды тапсырды» деп мәлімдеді баспасөз қызметі.