Орал қаласында Ұлттық домбыра күніне және Астана күніне арналған бірқатар іс-шаралар өтті.
Ұлттық домбыра күніне орай облыс орталығындағы Тұңғыш Президент алаңында «Домбыра – дәуір үні» атты домбырашылар марафоны өтті. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – қазақ халқының киелі домбырасын кеңінен насихаттау, күй өнерін дәріптеу, ұрпақ сабақтастығын нығайтып, жас буынның ұлттық аспабымызға деген қызығушылығын арттыру болды.
Салтанатты шарада жерлестерімізді осынау маңызы зор мерекемен құттықтаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ұлттық өнердің ұлт руханиятындағы орны айрықша екенін атап өтті.
Мәдени шара Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің концерттік бағдарламасымен басталды. Одан әрі домбырашылардың марафонына ұласып, үш жүзге жуық өнерпаз бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын» күйі мен «Ер Тұран» композициясын орындады. Осылайша ұлттық өнерімізді ұлықтап, көрерменге патриоттық сезім сыйлады.
Ал 6 шілде – Астана күніне орай Орал қаласында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарды дене шынықтырумен және велосипед спортымен тұрақты айналысуға ынталандыру мақсатында көпшілік велошеру ұйымдастырылды.
12 шақырымдық бағыт бойынша өткен спорттыш шараға 300-ден астам адам қатысты. Шара соңында белсенді қатысушылар марапатталды. Айталық, сегіз жасар Дәнеш Мирасұлы велошерудің ең жас қатысушысы деп танылса, Храмцовтар отбасына спорттық жанұя ретінде құрмет көрсетілді. Ал Василий Жданов есімді қатысушы «Қазыналы ақсақал» номинациясымен марапатталса, облыстық полиция департаментінің ұжымы спорттағы ұйымшылдықтарымен көзге түсті.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО, Орал қаласы















