Қуатты өңірлер - қуатты Қазақстан

Қуатты өңірлер - қуатты Қазақстан

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен және «Ел Ана» сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Жамбыл облысында

Мойынқұм, Қордай, Жамбыл және Жуалы аудандарында да аталған экспедиция асындағы кездесулер өтіп, онда негізінен атқарушы билік өкілдері мен ұстаздар қауымымен жүздесе алдық. Кездесулерде экспедиция жетекшісі, «Qazaqstan dauiri» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы негізінен білім беру саласындағы бүгінгі жетістіктер мен көңілді көншітпей жатқан кемшін тұстарды да баса айтып, мұғалімдер қауымының да ойын, ұсыныстарын тыңдады. Әсіресе ұстаздар қауымының кітап, газет-журнал оқу ісі кейінге кетіп бара жатқаны жанына қатты бататынын сөз еткен бұрынғы ұстаз, бүгінгі ұлт жанашыры, журналист С.Мешітбайқызы газет бетін ашпаған оқытушыдан қандай оқушы тәрбиеленіп шығатынын саралады. Сондықтан министрліктің «Баспасөзге жаздыруды мәжбүрлемеңдер» деген бұйрығының ар жағында қандай қасірет жатқанын көріп тұрғанын жеткізді.

 

Мойынқұм ауданында

Күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған 6 нысан

Мойынқұмдағы алғашқы кездесу Биназар ауылында болды. Бұл ауыл Сәуле Мешітбайқызының кіндік қаны тамған, туып-өскен жері. Ауылдастарымен жылы жүздескен басқосу ұзаққа созылды. Кездесуде ауылдың арғы-бергі тарихы, көзкөргендер жайлы да сөз болып, көбіне ұлтттың тәрбиесі мен идеологиясы, білімі жайлы қаузалды. 

Бұдан кейін аудан әкімдігінің қабылдауында болып, актив жиынына қатыстық. Мұнда да аз-кем танысудан кейін әңгіме ауаны елдік мәселелерге ауды. Сәуле Мешітбайқызы ауылдың қаймағын бұзбай тұрған ұлттық құндылықтарға тоқталып, елдігімізді танытатын білім жайына да ой жүгіртті.  

Аудан орталығындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназияда айта кетерлік жақсы жаңалықтар бар екен. Әсіресе мұнда оқушыларды журналистикаға жақсы баулып жатқан дәстүр қалыптасыпты. Оның дәлелі – мектепішілік «Gimnazia FM» радио желісі мен «Gimnazia tynysy» мектеп газеті. Елге күнде жолы түсе бермейтіндіктен, Сәуле Мешітбайқызының өзі келгенін пайдаланып, радио редакторы (мектеп оқушысы) журналист апасынан сұхбат алып қалды. Оқу орнының директоры Нұртас Саурықов радионың ашылуына Тараз қаласындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының демеушілік танытқанын айтты. Ал мектеп газетінің редакторы Ғасыр Алиммен тұрақты байланыс орнатуға уағдаластық. 

Жалпы, бұл ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған шаруа аз емес екен. Мыңарал ауылындағы жалпы ұзындығы 5,6 шақырымды құрайтын 2 көше орташа жөндеу көрсе, Бірлік ауылындағы 6 көше орташа жөндеуден өтіпті. Биназар ауылындағы жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайтын 3 көшенің орташа жөндеу жұмыстары да толық аяқталған.

Бірлік ауылында спорттық-сауықтыру кешенін соғуға мердігер «Тараз құрылыс Инвест» ЖШС анықталып, 277,9 миллион теңгеге келісімшарт жасалыпты. Биыл тамызда басталған құрылысы келер жылдың 30 наурызы күні аяқталып, нысан пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ Мойынқұм ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орталық стадионды күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Нысан бұйыртса алдағы наурыз айының басында толық пайдалануға тапсырылмақ екен. Әзірге стадионның сырты қоршалып, кіші алаңшалары қайта төселіпті. Әкімшілік ғимараты түгел тегістеріп, іргетасының шамамен 80 пайызы құйылыпты. Жалпы мұндағы жұмыс 75 пайызға бітіп тұр.

Жамбыл ауылындағы клуб та күрделі жөндеу жұмыстарына уақытша жабылған. 2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ол үшін 46 759 мың теңге қарастырылған. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары басталып, ғимараттың шатыры, терезелері ауыстырылып, жөндеу жұмыстарының 30 пайызы қалыпты.

 

Қордай ауданында

 

6 жоба ауқымдылығымен ауылдың жағдайын өркендетуде


Қордай ауданындағы сапарымыз екі күнге жалғасты. Әдеттегідей мектеп ұжымдарымен кездесу, көпшіліктің тілегіне құлақ асу мұнда да болды. Алдымен Қарасу, Ауқатты, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер ауылдарын аралап шықтық. Алғашқы төрт ауылда Сәуле Мешітбаева қазақ тілінің болашағы, елдің бірлігі мен берекесі жайлы сөз қозғаса, қаракемерліктермен болған кездесу де жақсы әсер қалдырды. Әсіресе ауыл үлкендері газет ұжымы мен С.Мешітбайқызына былтырғы Масаншы оқиғасында нақақтан-нақақ қамауға алынған ауыл азаматтарына араша түсіп, мән-жайдың ақ-қарасын ажыратып, баспасөз бетінде батыл үн қатқаны үшін алғыстарын жаудырды. 

Ал Қордай ауылындағы №6 орта мектепте өткен мектеп директорларымен болған кездесуде келелі әңгімелердің тиегі ағытылды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков аудандағы өнер мектебінің мүшкіл халін сөз етіп, баланы өнерге баулу қылмыс жолынан алшақтату екенін алға тартып, ағынан жарылды. Одан бөлек, үйдегі ата-ананың балаға берер тәрбиесі әлсіреп, есесіне мектептегі еркетотайлардың көбейіп кеткені ашық айтылды. Оның үстіне мектепте соңғы кездері ер мұғалімдердің де азайып кеткені кері әсерін тигізіп жатқанға ұқсайды. Расында соңғы жылдары оқушыға ұрсуға болмайды, қол тигізуге тағы болмайды деген гуманистік заңдар мектептегі жағдайды 180 градусқа бұрып жіберді. Әзіл-сықақ театрлары айтып жүргендей шынында да қазір оқушы мұғалімнен емес, мұғалім оқушыдан қорқатын заман туды. Ал мұндай ахуал орнаған оқу ордасында қандай білім сапасы болсын. Ең сорақысы, оқушылардың ерте жыныстық қатынасқа түсіп, ерте жүкті болуы мәселесі де әңгіме барысында айтылды. Қысқасы С.Мешітбайқызы мұндағы айтылған ойлар мен ұсыныстарды алдағы уақытта еліміздің Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовке жеткізуге уәде берді. 

Ал аудандағы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруаларға қысқаша тоқталсақ. Қордай ауылы бойынша 50 жоба 1 638 595 мың теңгеге жоспарланған. Оның ішінде: білім саласы – 9, спорт саласы – 2, жарықтандыру – 9, сумен қамтамасыз ету – 1, жолдарды орташа жөндеу бойынша 29 жоба жоспарланған.

2020 жылы Қордай ауданына аталған бағдарлама аясында 24 жобаны іске асыруға 1,8 миллиард теңге бөлінсе, биыл 15 жобаға 1524,9 миллион теңге қарастырылған.

«Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресін көтеру үшін қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы қарқынды жұмыс істеуде. Бұл жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге бастайтыны сөзсіз» дейді бізбен бірге ел аралап жүрген аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.

Экспедиция барысында жоба аясында қазығы қағылып, құрылысы жүріп жатқан Қарасу ауылындағы спорттық нысанға жол тарттық. 

Жалпы соңғы жылдары ауданда алты спорт кешені бой көтерсе, биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша тағы үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда.

Жоғарыда атап өткендей, биыл Қарасу, Қарасай және Сарыбұлақ ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Қарасудағы спорт кешенін «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС, Қарасайдағы кешенді «Әділ-Құрылыс и К» ЖШС және Сарыбұлақтағы спорт нысанын «Тараз-Ісмер» ЖШС салуда. Аталмыш нысандардың әрқайсысының сметалық құны 300 миллион теңгеден асады. Бірнеше айда құрылыстар толығымен аяқталып, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ауыл тұрғындарына есіктерін айқара ашады деп жоспарлануда. Яғни ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданатын азаматтардың саны едәуір артады. 

 

Жуалы ауданында


Ауыз су да келді, баспана қуанышы да мерейді тасытты

Жуалы ауданына жасаған сапарымыз жақсы нотада басталды. Аудан әкімі Олжас Қаржауов әкімдік алдында Сәуле Мешітбайқызын гүл шоқтарымен қарсы алып, биылғы 75 жас мерейтойымен құттықтады. Одан кейін әкімдік ғимаратының дәл іргесіндегі мұнтаздай тап-таза, іші жып-жылы, сыртқы көркі көздің жауын алатын Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездестік. Бұл ғимарат жақында ғана «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен екен.

Сәуле Мешітбайқызы сөз сөйлеген жуалылықтардың бәріне жауап беріп отырды. «Маған рақмет айтып, жасаған жақсылығымды тізіп шығудың қажеті жоқ. Елдің аманатын, билікке деген талап-тілектеріңізді айтыңыздар. Мүмкіндігінше жеткізейін» дегеніне қарамастан көпшілік С.Мешітбайқызына алғысын білдіріп, «орамды ой, пайымды пікіріңізді, тәлімді тәрбиеңізді айтып осылай жиі келіп тұрыңыз» десті көпшілік.

Амангелді атындағы орта мектептің директоры осы кездесуде үлкен мәселе көтерді. «Білім саласында еңбек өтілі 30 жылдан асқан ұстастаздарға Үкімет жеңілдік жасап, құрметті еңбек демалысына уақытынан бұрын шығарса екен. Әйтпесе бүгінгі білім жүйесімен, денсаулық жағдайымен алпыстан асқан ұстаздардың көбі сапалы білім бере алады деу қиын» деп білім саласына қатысты ойын білдірді. С.Мешітбайқызы бұл ұсыныстың орынды екенін айтып, тиісті ведомствоға жолдайтынын жеткізді.

Кездесуден шығып, Нұрлыкент ауылына жол тарттық. Жолай аудан басшысы Б.Момышұлы ауылында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен таныстырды. Айтуынша тәуелсіздік алғалы бұл ауданда көпқабатты тұрғын үй салынбапты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 232 960 мың теңгені құрайтын 3 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Бином» ЖШС жүргізуде.

Нұрлыкентке жеткенше тағы екі-үш көшені көрсетті. Бұлар «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асқан, жөнге келтірілген көшелер. 

Жалпы жоба жұмыстарына қысқаша тоқталсақ, биыл ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жоба құны 234 816,2 мың теңгеге жалпы ұзындығы 13,153 шақырымды құрайтын 10 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Б.Момышұлы ауылындағы Е.Сауранбекұлы көшесіне орта жөндеу жұмыстары аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Шақпақата ауылындағы Қ.Тұртаев көшесіне де орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шақпақ станциясындағы Шақпақ көшесіне орта жөндеу жұмыстары аяқталған. Тізбелей берсек, мұндай аяқталған жұмыс көп-ақ.

Ауызсу мәселесінде де айтарлықтай жаңалық баршылық. Биылғы жылы ТҮКШ және АЖ бөлімінің «Жуалы-Су» КММ арқылы Көлбастау және Қайрат ауылдарының жоғарғы жағынан тереңдігі 150 метрді құрайтын 2 бірдей ұңғыма қазылды. Қайрат ауылынан қазылған ұңғыма арқылы аталған ауыл тұрғындарына қосымша су беріліп ауызсу қысымы жоғарылады. Ал Көлбастау ауылынан қазылған су ұңғымасы арқылы аталған ауыл мен қатар Б.Момышұлы ауылына қарасты Қонаев, Жамбыл, Тәуелсіздік,Бәйдібек батыр, Қойгелді батыр, Ш.Қалдаяқов, Желтоқсан, 8Наурыз, Ынтымақ, Боранды көшелеріне қосымша ауызсу беріліп, ауыл тұрғындарының талап-тілегі орындалды, ауызсу қысымы артты. 

Яғни Б.Момышұлы, Қосбөлтек, Дихан, Көлбастау ауылдары толықтай сапалы ауызсумен қамтылыпты. 

Ал жоба аясында құны 529 249 теңгені құрайтын Ақсай ауылдық округінің Дихан ауылындағы 180 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Қызыларық ауылдық округінің Алатау ауылында да 100 орындық мектеп салынып жатыр екен. 

Ел аузында аудан орталығында Рысбек батыр көшесіндегі «тесік көпір» аталып кеткен көпір де көпшіліктің игілігіне жарап қалыпты. 56132 мың теңгеге жалпы ұзындығы 391 метірді құрайтын орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жаңа асфальт жабындысы төселіп жол жиегі кеңейтіліпті. Келер жылдың көктемінде аталған аймақта орналасқан темір жол өткелін кеңейту жұмыстары жоспарлануда. 

Ал біз арнайы іздеп барған Нұрлыкент ауылындағы Мәдениет үйі көрсең шыққысыздай-ақ екен. Аудан басшысының айтуынша, бұл елді мекен тарихында мәдениет ошағы мүлдем болмапты. Ауыл тұрғындары «Ауыл – Ел бесігі» жобасына дән риза болып отыр екен. Құрылыстың жобалық құны  101 360 мың теңге.

Осылайша Жуалы ауданындағы сапарымыз сәтті аяқталды. Атқарылған жұмыстарға көңіл марқайып қайтты. 

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
23.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 104
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 101
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 95
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 84
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 981
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1020
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 995

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5985
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5428
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8612
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6419
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7627