Құттықтаймыз! Шыншылдық туың болсын!

Құттықтаймыз! Шыншылдық туың болсын!

«Елу жас  – ердің жасы» дейді қазағым. Кеше ғана өз ортамызда құттықтап, жүрегіміздің лүпілін жеткізіп жатқан арда азамат, белгілі журналист, қоғам қайраткері, дүлдүл ақын, газетіміздің бас редакторының орынбасары, Астана қаласы тілшілер  қосынының бастығы  Нағашыбай  Қабылбек те осы елудің шыңына шығып, ой толғамдарын ортаға салып жатыр. Иә, мерейтойда кім болса да өзіне-өзі есеп беруі, «осы мен не бітірдім?» деген сауалды қоюы өмір заңдылығы. Біздің ұжымда жиырма жылдай үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан әріптесімізді құттықтау парызымыз. Нағашыбай осы уақыт еншісінде аянбай жұмыс істеп келеді. Жүрегімен, жан дүниесімен, талай дүниені қопарып жазды. Оның ішінде ащысы да, тұщысы да бар. Журналистиканың хас шеберінің басты ерекшелігі – шыншылдығы. Қаншама жүректі шымырлатар новеллаларды дүниеге әкелді десеңші! Ұлты үшін жанын беруге даяр Нағашыбайымызға небір жауһар сөздерді айтуға болады. Ең бастысы зор денсаулық тілейміз, бала-шағасының қызығын көріп, үбірлі-шүбірлі болсын. Бар жақсылықты тілейміз. Шығармашылық табыс мол болғай! Бүгін біз «Елуге келдім...» деп оқырманымен сырласқан жырын назарларыңызға ұсынамыз.

«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газеті мен 

«Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы

 

ЕЛУГЕ КЕЛДІМ...

Елуге келдім,

дәл бүгін таңда туыппын,

Жадырап сонда қарсы алған  мені 

                                        Ұлық Күн!

Елу жыл бойы алшаңдап басып жер үстін, 

Дүние деген алдамшы екен, соны ұқтым!

 

Елуге келдім,

қылбұрау салдым мінезге,

Сенетін жанмын қиямет-қайым, тіл-көзге!

Қырық жасымда қисайып кете жаздағам,

Сол еске түссе, тәубеме келем лезде!

 

Елуге келдім,

бола алмасам да ұлы ақын,

Далаға тастап кеткен жоқ бірақ жыр-атым!

Әкем көрмеген қызықты көрдім, ойласам,

Немере сүйдім, жиенді сүйер күн жақын!

 

Елуге келдім,

көрмейсің ұшқын көзімнен,

Албырт сезім де қалжырап барып көз ілген.

Отыз төрт жаста аттанып кеткен әкемнен,

Он алты жасқа үлкен екенмін қазір мен.

 

Елуге келдім,

елу қыр астым, қарағым.

Қаланың емес,

Баласы едім даланың.

Содан да болар, даламдай кеңмін досыма,

Дұшпаныма да кектенбей тура қарадым.

 

Елуге келдім,

болмады мінез жібектей,

Алдап та кетті арман мен асқақ үміт кей!

Суретін көріп елуге келген атамның,

Өзімді тіпті көремін жап-жас жігіттей!

 

Елуге келдім,

көшірдім бәрін санамнан,

Өтіпті ғұмыр күшіктей итке таланған.

Сыйластық пенен татулық екен керегі,

Басқасы – түгел өткінші, сынақ, 

cен маған!

Елуге келдім,

сондағым мынау сезінген:

Қателігім көп... барлығы-дағы өзімнен...

Ұл менен қызым кешіксе қорқам, бір кезде

Анам да мені күтетін талмай төзіммен.

 

Елуге келдім, 

Өтіпті бәрі әп-сәтте,

Түсіндім жаңа, алдағы үміт,  мақсат не!

Бола алдым ба екен жарыма сыйлы азамат,

Балаларыма бола алдым ба екен жақсы әке?!

 

Елуге келдім,

қоймаспын енді өзгере,

Салт-дәстүрімді

таныта білдім өзгеге!

Бабалар жолы, пайғамбар жолы мен үшін,

 Алланы танып,  маңдайды қойдым сәждеге!

 

Елуге келдім, өмірден алдым көп сабақ.

Азанда тұрсам, 

Тәубе етем, жанға – ақ шабақ!

Тағдыр-қармаққа кезіккен күні байғұс  тән,

Жұтылып кетер,

Ажал-шортанға ашқарақ!

 

Елуге келдім,

Қызықпан күміс, алтынға!

Өмірден өту арманым адам қалпымда!

Елу жыл енді ғұмыр кешпесім ол анық,

Иманды ұрпақ қалдырсам, шіркін, артыма.

 

Уа, Алла! 

Маған

тартқыза көрме қасірет,

Ізгі жандарға жолықтыр, мәңгі

досым ет!

Уа, Алла! Маған ердің жасында даналық,

Ұрпаққа үлгі,

жақсы қартаюды нәсіп ет!

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

 

26.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14888
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14779
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29926
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28550
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32111