«Қызға қырық үйден тыйым», «қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шықты»... Иә, қазақта қыз балаға қатысты ырым да, тыйым да көп. Ғұмырында ана, әйел, жалпы қыз атаулы қандай ауыртпалықтар мен қиындықтарға кезігеді? Тілшіміз осы тақырыпта арнайы маманмен сұхбаттасып қайтқан болатын. Алматы қаласы №4 ауруханасының акушер-гинекологы Ұлданай Саудабаевамен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Ұлданай ханым, әйел адамның эмоцияға жақын келетіні, ер адамға ұқсамайтыны неліктен? Бұған медицина не дейді?
– Ерлер мен әйелдердің дене құрылымы әртүрлі. Сондықтан таңқаларлық ештеңе жоқ. Тіпті олардың миы да басқаша жұмыс істейді. Әйелдер мидың сол жақ және оң жақ жарты шарын бірдей қолданады. Ал ер адам сол жақ жарты шарды көбірек қолданады. Сол жақ жарты шар адамның IQ-іне, яғни ақыл-ой коэффицентіне, оң жақ жарты шар EQ, яғни эмоциялар коэффицентіне жауапты. Осылайша ер адам мидың сол жақ жарты шарын жиі қолданатындықтан ұтымды және логикалық тәсілдерді қолдана отырып, проблемаларды тиімді шешеді. Ал әйел адамдар мидың екі жарты шарын да қолданатындықтан эмоцияларға жүгінгенде шығармашылық оймен әрекет етеді. Ерлерге қарағанда әйелдердің лимбиялық жүйесі әлдеқайда дамыған. Лимбиялық жүйе – адам өмірі, мінез-құлқы, эмоциялары мен есте сақтау қабілеті және т.б. аспектілеріне жауап береді. Бұл адамдарға өз сезімдерін жақсы білдіруге және басқа адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға септігін тигізеді. Алайда етеккір циклі мен жүктілікте пайда болатын гормоналды секірулер кезінде әйел адам депрессияға түсуі мүмкін. Бұндайда әйел адам эмоцияға берілгіш болып, күйзеліске ұшырайды.
Болмайтын ұсақ-түйектің өзі жүктілік кезіндегі әйелдің көңілін жабырқатып, қайғыға душар етуі мүмкін. Көп әйелдердің көз жасына ерік беріп жататыны осыдан. Кез келген әйелдің денесінде ай сайын үлкен өзгеріс болатындықтан бұндай кезеңдерде күнделікті жұмыстың өзі ауыр болып көрінуі мүмкін. Сондықтан олар ауырсынуға немесе күйзеліске тап болған кезде өте эмоционалды болып көрінеді. Көбінесе әйелдердің көңіл-күйінің құбылуы ағзасында болып жатқан түрлі гормондардың өзгерісіне байланысты.
– Жасөспірім қыздардың алғашқы етеккірі (менархе) келген соң, мінез-құлқы қаншалықты өзгере бастайды? Ай сайынғы цикл ары қарай қыз балаға қалай әсер етеді?
– Жасөспірім кезінде балалық шақтан жастық шаққа ауысу процесі жүреді. Бұл физикалық және нейропсихикалық өзгерістермен сипатталған. Бұл кезеңде дененің гормоналды қайта құруы жүреді. Эндокриндік бездердің белсенділігі артып, гипофиз, бүйрек үсті, қалқанша, жыныс бездері жұмыс істей бастайды. Барлығы жыныстық жетілуден өтеді. Жыныстық жетілу физикалық, психикалық, эмоционалды өзгерістерге әкеледі. Қыздың денесі дами бастайды. Ойлары мен сезімдері де өзгеріске ұшырайды. Көңіл күйі күрт өзгеруі мүмкін. Бүгін ол өзін ең бақытты адам сезінсе, ертең өзін ең бақытсыз адам сезінуі әбден мүмкін. Жыныстық жетілу кезіндегі бұл мәселелер қалыпты деп санау керекпіз. Әр қыздар үшін жыныстық жетілу мерзімі әртүрлі жүреді. Көбі 8-13 жас аралығында бұл кезеңнен өтсе, кейбіреуінде кеш немесе ерте өтуі мүмкін. Сонымен қатар жыныстық жетілу кезіндегі өзгерістер тек жыныс мүшелерінде ғана болмайды, ол қарқынды даму процесінде ішкі органдар қарқынды жұмыс істейді. Жүйке жүйесінің қызметі қайта құралады. Психика өзгереді. Бұл мінез-құлықтағы өзгерісті түсіндіреді. Кейде невротикалық реакциялар, яғни жүйкенің жұқаруы мен жылауықтық байқалады. Қыздар сыртқы келбетіне көп көңіл бөле бастайды. Кеуде қуысының үлкеюіне байланысты бүкірейіп жүруі мүмкін немесе керісінше оны асыра көрсетіп, достарының алдында мақтан тұтуы да мүмкін.
Менструация цикл фазасына байланысты қыздардың көңіл-күйі өзгереді. Оны біз етеккіралды синдром деп айтамыз. Осы синдромға нешетүрлі симптомдар кіреді. Оған жүйкенің жұқаруы, жылауықтық т.б. кіреді. Цефалгия симптомы 16-19 жас аралығында кездеседі. Цефалгия симптомы кезінде бас айналу, бас ауыру, жүрек немесе жүрек айналасының ауыруы, қозғыштық болуы мүмкін. Бұл симптомдар менструациядан 6-7 күн бұрын басталады. Циклдің ортасында психологиялық фон тегістеле бастайды. Ол тестестерон мен эстроген гормондарының жоғарылауына байланысты. Бұл гормондар жұмыс өнімділігі мен қуатқа жауап береді.
– Жүкті әйелдерге жеңіл босанып алуы үшін қандай кеңестер берер едіңіз?
– Жалпы бұл процесті жеңілдету үшін түрлі әдістер қолданады. Дене жаттығуы, суда жүзу, аэробика, босану кезінде тыныс алу жаттығулары мен арнайы массаж көмектеседі. Дене шынықтыру және тыныс алу жаттығуларын акушерлер арнайы сабақтарда үйретеді. Босануды жеңілдетудің көптеген әдіс-тәсілдері бар. Белсенді болу, сосын жатыр мойны ашылу кезінде әйел өзі бөлмені аралап, ыңғайлы позицияны тапқаны дұрыс. Мұндай әрекеттер ауырсынуды азайтады. Босану кезінде айқайлауға болмайтынын есте сақтаған жөн. Бұл жатыр мойнының ашылуына кері әсер етеді, әйелді шаршатады және нәрестені гипоксияға әкелуі мүмкін. Болашақ анаға өзіне қарағанда нәрестеге әлдеқайда қиын екенін есте сақтағаны жөн. Сондықтан балаға жеңіл болу үшін моральды тұрғыда бейімделу керек. Босанғанға дейін психологиялық дайындық болғаны жөн. Оған қоршаған ортасы көп әсер етеді. Туыстары мен жақындары болашақ ананың қауіпсіздікте екенін ұғындыруы керек. Бүгінгі күні босану кезінде күйеуі немесе анасы кіруіне мүмкіндік бар. Бұл әйелге сенімділік береді. Болашақ ана акушермен алдын-ала танысып, өзін толғандырған сұрақтарды қойып, әңгімелессе өте жақсы болады. Өзіңізді қалай сенсеңіз, бәрі солай болады. Сондықтан жаман ойдан алшақ болыңыз.
– Дүниеге бала әкелген әйелдің ағзасында қандай өзгерістер болады?
– Босанғаннан кейінгі процесс босанғаннан кейін бірден басталады. Яғни плацента шығарылған сәттен бастап 6-8 апта жүреді. Осы кезеңде репродиктивті, эндокриндік, жүрек қан тамырлары, жүйке жүйелері жүктілікке дейінгі жағдайға оралады. Сүт бездерінің қызметі қалыптасады. 6-8 апта ішінде жатыр кішірейеді. Оның салмағы босанғаннан кейін бірден 1 кг мен 60-70 граммға дейін төмендейді. Жүктілік кезінде әсіресе жүктіліктің соңғы айларында және босанғаннан кейінгі алғашқы 2-3 күнде сүт бездері сүтке ұқсас уыз шығарады. Уыз ақуыздарға, тұзға бай, әрі сүтке қарағанда көмірсулары аз. Дәрумендер, ферменттер бар. Уыз меконийдің өтуіне көмектеседі.Меконий – өлі жасушалардан, асқазан мен бауырдан бөлінетін секрециялардан тұратын жасыл-қара зат. Баланың ішінде болады және ішек арқылы нәжіс ретінде шығарылады. Уыздың иммуноглобулиндері баланы инфекциядан қорғайды. Бала туылғаннан кейін 4-5 күннен бастап 15-18 күнге дейін сүт бездері өтпелі сүт шығарады. Содан кейін салыстырмалы түрде нақты құрамы бар шынайы емшек сүті шығады. Бала туған соң бірден босанған әйел шаршайды және тыныштықпен ұйқыны қажет етеді. Босанған соң алғашқы күндері босану жолдарының жұмсақ еттері жарақаттанса, біраз уақыт ауырсынуы мүмкін. Босанғаннан кейін температура қалыпты деңгейден жоғары көтерілмейді. Ас қорыту ағзалары қалыпты жұмыс істейді. Бала емізетін әйелдерде тәбеттің жоғарылауы, ішектің атониясына байланысты іш қату пайда болуы мүмкін. Диафрагманың төмендеуіне байланысты өкпенің сыйымдылығы артады. Қалыпты тыныс алу орнына келеді. Жүректің жұмысы жеңілдейді. Қан қысымы қалыпқа келеді. Пульс ырғағы минутына толық 70-80 рет соғады. Кейбір босанған әйелдерде брадикардия болуы мүмкін. Брадикардия – жүректің соғу жиілігінің өзгеруі. Сондай-ақ ағзада қуықтың сыйымдылығы артады. Босану кезінде нәрестенің басы мен жамбас сүйектері арасында қуықтың қысылуы нәтижесінде қуық ісініп, ұсақ қантамырлары қанталап, бұлшық еттерінің тонусы азаюуы мүмкін. Осыған байланысты зәр шығару актісі бұзылып жатады. Ол дегеніміз шамадан тыс босаңсу немесе зәр шығару инфекциясынан болуы мүмкін.
– «Бала туғаннан соң, ауыр депрессияға түсетін әйелдер бар» дейді. Бұны барлық әйел адам бастан кешіре ме?
– Босанғаннан кейінгі депрессия – әйел ағзасындағы гормоналды өзгерістерден туындаған аффективті бұзылыс. Эмоционалды сфераның бұзылуы бірнеше факторлардың әсерінен дамиды. Әйелдің тұла бойы босанып жатқанда стрессті бастан кешіреді. Гормондар түзілімі күрт өзгереді. Бұдан кейін отбасындағы өмір, қарым-қатынас қайта құрылады деуге болады.
Депрессияның бұл түрі барлық әйелдерде бола бермейді. Босанғаннан кейінгі депрессияға бірнеше факторлар алып келеді. Мысалы тұқымқуалаушылық. Бұл фактор дененің физикалық және психологиялық стресске бейімділігін анықтайды және жүйке жүйесінің ерекшеліктерін қамтиды. Мелонхолия мен депрессияға тұқымқуалаушылық бейімділігі бар әйелдер, прогестерон мен қалқанша безінің жұмысы төмендеп, пролактин синтезі күшейген әйел ағзасыкүйзеліске ұшырайды. Пролактин гормоны – эмоционалды тұрақсыздыққа, өнімділіктің төмендеуіне әкеледі де депрессияны тудырады. Сонымен қалқанша безінің ауруын – гипотиреоз дейді. Бұндай белгілері бар әйелдер босанғаннан кейін депрессияға түседі.
Сондай-ақ әйел адамның әлеуметтік жағдайы да әсер етеді. Мысалы ананың рөлі белгілі бір функцияларды орындауды талап ететін ортада, өмір салтын аяқ-асты өзгертіп, бәрін қайта бастайтын кездерде болады. Өзгелердің көз алдында «идеал ана» бола алмаймын деген қорқыныш та депрессияға әкеп соқтырады. Тағы бір себеп – жаңа міндеттер. Осы уақытқа дейінгі тұрмысына бала күтімі, дәрігерлерге бару, тамақ т.б. көтеген міндеттер қосылып, әйел адамды шаршау мен депрессияға ұшыратады. Моральдық және физикалық күшін қалпына келтіріп, әл жиюға уақыттың жетіспеушілігі де бұған бір себеп болып тұр. Кейбір ерлі-зайыптылар нәрестеге үнемі назар аудару қажет болғандықтан некелі жарымен қарым-қатынасы нашарлайды. Ер де, әйел де бір-біріне көңіл аударуға уақыты болмай, ұрыс-керіс көбейіп, күйзеліске түсіріп жатады.
– Бұндай кездері жақындары әйел адамға қалай қолдау көрсеткен дұрыс?
– Ескеретін жайт бала туған күннің өзінде әйелдің демалуға және өз қалаған ісімен айналысуға мүмкіндігі болуы өте маңызды. Бұл жағдайда балаға қамқорлық әкесінің, жақын туыстары мен достарының иығына түседі. Күннің көп бөлігін баламен жалғыз өткізуге мәжбүр болған әйелде босанғаннан кейінгі депрессияға түсу қауіпі жоғары. Бұндай жағдайда әйелдің отбасы мүшелерінен эмоцияналды қолдауды сезуі өте маңызды.
– Баланы дүниеге әкелудің бақыты мен ауырпалықтары жайлы айта кетсеңіз?
– Әйел өміріндегі ең бақытты әрі қызық сәт дүниеге бала әкелу шығар. Босану шынында да ауыр процесс. Бірақ бұл әйел үшін босану процесін жеңілдету мүмкін емес деген сөз емес. Біріншіден, болашақ аналардың психологиялық көңіл күйі өте маңызды. Егер олар саналы түрде ана болуды шешіп, босануға дайын болса, онда көбіне ауырсынуды жеңе алады. Мысалы болашақ ата-аналарға арналған арнайы мектеп ұйымдастырылған. Онда оларға қалай дұрыс демалу керектігін, босануды жеңілдететін тыныс алу әдістерін үйретеді. Эпидуралды анестезия атты медициналық әдіс те бар. Бірден айта кетейін бұл нәресте мен аналар үшін қауіпсіз, сенімді әрі заманауи құрылғылар. Көптеген әйелдер ауырсынудан қашып, кесір тілігін жасатқысы келеді. Бірақ болашақ ананың өтініші бойынша кесір тілігі ешкімге жасалмайды. Бұл ауыр және күрделі операция. Бұндай қадамға бару үшін қатаң нұсқаулар болуы керек. Егер нәресте мен ананың денсаулығына қауіп төніп, табиғи жолмен босана алмаса ғана кесір тілігін жасайды.
– Менопауза жайлы, осы кезеңдегі әйел адамның жай күйі жайлы айтып өтсеңіз?
Менопауза – әйелдердің етеккірі тоқтайтын кез. Бұл процесс тоқтаған соң әйел бала көтермейді. Бұл өзгерістер 40-60 жастағы әйелдерде болады.Менопауза алдында етеккірдің келіп кету реттілігі бұзылады. Менопаузаға дейін де, кейінде жыныстық қатынасты доғарудың қажеттілігі жоқ. Бұндайда 1 жыл аралығында жүктіліктің де болуы әбден ықтимал. Сондықтан ата-ана балалы болғысы келмесе, сақтық шараларын ұстанғаны жөн. Осы кезде әйелдерде терінің қызаруы, несеп шығару бұзылыстары пайда болады. Ол қуық мойын атрофиясы нәтижесінде дамиды. Зәрді ұстай алмау, цистит орын алады. Жөтелгенде, күлгенде, тез жүргенде зәрді ұстау қиынға соғады. Сондай-ақ сексуалды бұзылыстар орын алады. Ол – либидоның төмендеуі, қынаптың құрғауы. Эмоционалды бұзылыстар – жүйкенің жұқаруы, күйзеліс, көңіл күйдің өзгеруі, фобия. Әйелдерде деменция, альцгеймер ауруы ер адамдарға қарағанда 2-3 есе жиі дамиды және оның патогенездер негізінде эстрогендер тапшылығы жатыр. Етеккір тоқтаған уақытта көп кідірістен соң айлар, жылдар өтсе де кейде қан келіп, іштің төменгі жағы ауыра бастаса, әйел жедел дәрігерге қаралу керек. Тез арада қауіпті ауруға немесе ісікке шалдықпағанына көз жеткізгені жөн.
– Жас қыздарға, болашақ аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Біріншіден, жасөспірімдерге гигиеналық талаптарды сақтауға кеңес беремін. Жылы әрі таза сумен күнделікті жуынып тұрған дұрыс. Сабынмен жуынудың қажеті жоқ. Өйткені ол дисбактериозды тудырады. Күнделікті іш киімді ауыстырып тұру қажет. Екіншіден, менструацияға тоқталғым келеді. Оның уақытына және қанның мөлшеріне назар аудару өте маңызды. Қан көп келіп жатса, гинекологқа қаралу керек. Үшіншіден, жыныстық қатынасқа жас мөлшері жетіп, дайын болған кезде барғаны дұрыс. Өз еркімен болмаған жүктілік көптеген отбасыларды қасіретке ұшыратып жатады. Оның үстіне жас ағза түрлі инфекциялар жұқтырып алуы мүмкін. Жас келіншектер бізге бедеулік салдарынан көп келіп жатады. 1 жылдың аралығында бала көтермеудің себебі көп жағдайда бедеулік болады. Әйелдердің үйде дәрігерлерге бармай, өздігінен ем жасауы дұрыс емес. Болашақ ана – жаңа өмірді тудырушы. Сондықтан қыз-келіншектерге күтініп жүруге, уақытылы дәрігерге қаралуға кеңес беремін.
– Әңгімеңізге рахмет!