Риддер қаласында жаңа оқу жылын 600 оқушыға арналған заманауи білім ордасы қарсы алды. Қаланың 5-ші шағынауданында бой көтерген «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы «Казцинк» ЖШС-нің жеке қаражаты есебінен салынды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын үш блокты мектеп ғимараты оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Мұнда заманауи талаптарға сай оқу кабинеттері, мамандандырылған шеберханалар, кітапхана және ресурс орталығы қарастырылған. Бастауыш сынып оқушылары үшін жеке әрі қауіпсіз оқу аймағы жасақталған.
Жаңа білім ордасының ашылуында облыс әкімі бұл нысанның Риддер үшін ғана емес, жалпы өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.
«Биыл облысымызда 10 мыңға жуық жас бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Оның 60-тан астамы осы Шаңырақ мектебіне қабылданды. Жаңа оқу жылында шекаралық аймақ саналатын Марқакөл ауданы, жаңадан құрылған Самар ауданы және өндірісі қуатты Риддер қаласында үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. 600 орындық заманауи «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы – келешекте білім мен инновацияның көшін бастап, еліміздің білімді, бәсекеге қабілетті жастарын тәрбиелейтін іргелі білім ордасына айналсын. Жаңа оқу жылы құтты болсын!» – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Мектепте оқушылардың тек білім алып қана қоймай, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуына да мүмкіндік мол. Білім ошағында үлкен және кіші спорт залдары, 135 орындық акт залы, медициналық блок, логопед және психолог кабинеттері жұмыс істейді.
Балалардың денсаулығына да ерекше көңіл бөлінген. Заманауи жабдықталған асхана оқушыларды сапалы тамақтандыруға мүмкіндік береді.
Мектеп аумағындағы инфрақұрылым да оқушылардың белсенді өмір салтына бейімделген. Мұнда футбол, волейбол және баскетбол алаңдарымен қатар, 250 метрлік жүгіру жолағы, түрлі жастағы балаларға арналған ойын және демалыс орындары орналасқан.

Айта кету керек, жаңа оқу жылы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. Олар Марқакөл ауданында, жаңадан құрылған Самар ауданында және Риддер қаласында бой көтерді.
Риддердегі «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының іске қосылуы – қаланың әлеуметтік және білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы маңызды қадам. Заманауи мектеп оқушыларға сапалы білім алуға, шығармашылық қабілетін шыңдауға және спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік беретін жаңа кеңістікке айналды.
Тәттімбек АСХАНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы















