Тараз – тарихы терең қала. Осы көне шаһардың келбетіне көрік қосып, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған жасыл желек орындардың бірі – «Мамыр» саябағы. Сұлу табиғаттың аясында орналасқан аталмыш демалыс орны – бірнеше буын өкілдерінің тәтті естеліктері мен жарқын сәттеріне куә болған мекен. Уақыт өте келе қала инфрақұрылымының маңызды бөлшегіне айналған нысан бүгінде жаңаша кейіпке еніп, жаңғыруды қажет етіп тұр.
«Мамыр» саябағы әу баста қалалық ортаны дамыту аясында халықтың демалысына арналған қоғамдық аймақ ретінде бой көтерген болатын. Оның басты міндеті – тұрғындар серуендеп, балалармен бірге уақытты тиімді өткізе алатын, табиғатқа барынша жақын кеңістік қалыптастыру еді», – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев.
Іргетасы қаланған алғашқы жылдары бұл аумақ тек жай ғана жасыл желекпен көмкерілген ашық алаң болатын. Бертін келе ағаштар егіліп, жаяу жүргіншілер жолдары тартылды, шағын демалыс аймақтары пайда болды. Осылайша, саябақ біртіндеп қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.

Мұнда балалар, жастар мен қариялар жиі бас қосатын. Ұзақ жылдар бойы бұл орын тараздықтардың сейілдеу мәдениетін қалыптастыруға, отбасылық демалыс дәстүрін нығайтуға және адам мен табиғат арасындағы алтын көпірді сақтауға үлкен үлес қосып келді. Жылдар өте келе саябақтың инфрақұрылымы тоза бастады. Жарықтандыру жүйесін жаңарту қажеттілігі туындап, келушілерге ыңғайсыздық тудыра бастады. Соған қарамастан, «Мамыр» саябағы өзінің танымалдылығын жоғалтқан жоқ. Дегенмен бұған қарамастан саябаққа келушілер қарасы азайған емес. Бұл оның әлеуметтік маңыздылығының жоғары екенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта «Мамыр» саябағын ауқымды жаңғырту жобасы қолға алынған. Жалпы аумағы 15 гектарды құрайтын бұл нысанды заманауи экобаққа айналдыру көзделіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асып жатқан жобаның әлеуметтік-мәдени маңызы өте зор. Құрылыс жұмыстары жақын арада басталады деп жоспарлануда.
«Саябақты жаңғырту – бұл тек сыртқы келбетін әрлеу немесе көркейту ғана емес. Біздің басты мақсатымыз – заманауи, қауіпсіз және экологиялық тұрғыдан тұрақты кеңістік құру. Бұл ретте саябақтың табиғи бейнесі толық сақталады, ал жайлы демалыс үшін жасалатын жағдайлар айтарлықтай жақсарады. Нәтижесінде бұл жер Тараз қаласындағы белсенді демалыс орталықтарының біріне айналады», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев.

Жаңғырту жұмыстары аясында заманауи балалар ойын алаңдарын, ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолдары мен демалыс аймақтарын салу, сондай-ақ жарықтандыру жүйесін жаңартып, жасыл желек қорын байыту жоспарланған.
«Мамыр» саябағы – Тараздың тарихымен бірге жасасып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан жасыл желек мекені. Оны жаңғырту тек инфрақұрылымдық жаңару ғана емес, қаланың экологиялық және әлеуметтік даму жолындағы маңызды қадам десек жаңылыспаймыз. Жаңарған саябақ Тараздың ең заманауи әрі тартымды демалыс орындарының біріне айналып, көне шаһар шежіресінен лайықты орнын алатынына сенім мол.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Тараз қаласы














