«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлануы тойға бергісіз өтті. Бірақ елең етер ештеңені байқамадық. Сол баяғы кеп. Сол баяғы жанталас. Сонау шалғайдағы елді мекендерге сапарлау. Халықтың алдына шығып уәдеге малындыру.
Жетіп жатқан ресми мәліметтерге сенсек, Парламент Мәжілісіне рұқсат алған 6 партия 30 мыңға тарта халықпен кездесіпті. 4 миллионға тарта сайлаушымен жүздескен. Басында халықтың жанайқайын естіп, ащы-ащы сындарға «сынып қалған» «болашақ депутаттар» естерін әрең жинап, уәделерді үйіп-төгіп беріп жатты. Шындығын айтайық, Парламент тарихында 6 бірдей партияның додаға түсуі бұрын-соңды болмаған кеп. Басқа-басқа «Аманат» партиясының 53.90 пайыз алуы да тарихи оқиға. Бұл – халықтың билік партиясына берген нақты бағасы! Демократияның нақты белгісі. Әйтпесе 90 пайызбен топ жарып таң қалдыруымен келетін еді...
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының түпкілікті қорытындысын былай шығарыпты. Комиссия мәліметінше, Мәжіліс сайлауына қатысқан партиялар тізімі мына төмендегідей:
«Аманат» партиясынан 40 мандат, «Ауыл» партиясынан 8 мандат, «Respublica» партиясынан 6 мандат, Қазақстан халық партиясынан 5 мандат, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы 6 мандат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан 4 мандат.
Ескеретін жайт, бұл жолы кандидаттар партиялық тізім негізінде және бір мандатты округтер бойынша сайлауға қатысты. Мәжіліс сайлауына 7 саяси партия тіркеліп, оның алтауы 5%-дан жоғары дауыс жинады.
Иә, енді Қазақстанда қандай өзгерістер болады? Ел сенімі ақтала ма? Бұл ең өзекті мәселе!
Жылдың ең басты саяси додасы мәреге жеткелі де біршама уақыт өтті. Былтыр референдум болып, Ата Заңға енгізілген тың өзгерістерден кейін елде «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдар да заманның талабына сай жетілдірілгені белгілі. Іле жеңілдетілген талаптарға сай жаңадан екі партия тіркеліп, олардың екеуі де өткен сайлауда бақ сынады. Айта кетейік, елімізде дауыс беру құқығына ие 12 миллионнан астам азамат бар. Өткен сайлауда олардың 54%-ы өз таңдауын жасады. Солардың 3,9%-ы бюллетеньдегі «Бәріне қарсымын» бағанын белгілепті.
Сонымен партиялар өз таңдауларын жасады. Халықтың сенімін арқалады. Мәжіліске мандат алды. Айтпақшы, «Бетімнің қалыңдығы – жанымның рахаты» деген мақал сайлауға қатысты айтылғандай көрінетіні рас. Себебі берген уәдесін ұмытып, халықтан теріс айналып, биліктің сөзін сөйлеп кететін депутаттар жиі кездеседі бізде. «Әділдікті сайлау емес, халықтың талабы мен сұранысы орнатады. Сайлау – соның индикаторы» деген сөзден де мән кете бастағаны байқалады. Оған кездейсоқ пайда болып, Мәжілістен орын тепкен партиялар жарқын дәлел. Тіпті ойдан-қырдан құралған партиялардың кейбірінің шығу тегі күмәнді...
Баяғыда алаш арысы Міржақып Дулатов: «Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәріміз сай болып, жалғыз депутаттыққа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын, онан пайда жоқ. Депутаттықты таңсық көріп атағына қызығып, яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа керек», – депті. Бүгінде мұны Темірқазық ететін депутат бар ма?
19 наурыз күні елімізде саяси науқан өтіп, нәтижесінде Мәжіліске 6 саяси партия өтті. Оларға 69 орын берілді. Сонымен бірге бір мандатты сайлау округтерінен 29 депутат сайланды.
Иә, сайлау жөнінде әлеуметтік желі белсенділері бағасын беріп-ақ жатыр.
Дина Елгезек: «Кәсіби Парламент құрыла ма десек… Өңкей айтыскер, спортсмен, журналист, инстаграмщик пен билікпен договорнякқа отырған псевдооппозиционерлер, бизнесмендердің әпкелері ертең Бюджет туралы заңды қарай ма? Әлде ауылшаруашылығын өркендететін бағдарламалар қабылдай ма?
Аяғында заң шығаратын органды неге айналдырдыңдар?..» – десе, ақын Бауыржан Халиолла: «Арыда арқырап Шерхан, Фариза, беріде күркіреп Айталылар отырған қайран Мәжіліс, қайырлы болсын енді...» – депті. Осы жолы Парламентке қазақтілділер көп өтті. Басқасы құрысын, тілдің мәртебесін өсіретін, қазақ балаларын ана тілінде сөйлететін мемлекеттік тіл туралы заң қабылдансыншы. Саясаткерлер өз алдына, ал заң шығарушы органға барған журналистер, ақын, заңгерлер үшін де қуаныштымыз.
Енді Қазбек Иса жалғыз емес, қатары көбейді, бұл да көңілге медеу. Нұртай, Ермұрат, Абзал, Ринат, Мақсат, Нартай, Жарқынбек, Максим бастаған Ана тілінің майын тамызатын азаматтар қатарына тағы намысы бар депутаттар қосылып, зор күшке айналады және Парламентті ана тілінде сайратады деп сенеміз. Көрейік, бәрін де алдағы уақыт көрсететіні сөзсіз.
Мақаланың жалғасын газетіміздің келесі нөмірінен оқитын боласыздар. Онда мәжіліс сайлауының қалай өткені, заңсыздықтарға қалай жол берілгені, халықтың сайлауға деген көңіл күйінің неге төмен болғандығына сараптама жасаймыз. Әділдікті ту еткен партиялардың әлсіз тұстары мен жетістіктеріне де баға береміз.