Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов 2024 жылғы қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша Қамқалы ауылдық округінде тұрғындармен кездесті.
Есеп беру жиынына аудандық мәслихаттың төрағасы Ш. Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық алқа билер кеңесі, аудандақ қоғамдық кеңес төрағалары, тиісті сала және бөлім, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен ауылдық округ тұрғындары қатысты.
Шығанақ ауылында өткен есепті кездесуде Сәкен Үмбетұлы 2024 жылы қаңтар-маусым айларында ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуында оң динамика қалыптасып, бірқатар жобалар жүзеге асқан. Соның ішінде, шалғай ауылдарда да шешімін тауып жатқан шаруалар жетерлік.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Қамқалы ауылдық округінде 6 жоба ұсынылған. Ауылдық округтегі үш ауылға 8,9 млн. теңгеге бейне бақылау камераларын орнатылған. 23,8 млн.тенгеге Шығанақ ауылдық клуб үйін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Шығанақ ауылындағы Сарыарқа көшесін орта жөндеуге 80,9 млн.теңге бөлініп, жұмыстар басталмақшы. Сондай-ақ, биылғы жылы Жайлаукөл ауылындағы шағын футбол алаңын ағымдағы жөндеуден өткізу, Жайлаукөл ауылындағы Ықылас Дүкенұлы ескерткішін ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Үлкен Қамқалы көлінің жағасынан демалыс орны салынуда.
Шығанақ-Қамқалы ауылдарының арасындағы 17 шақырым жолды орта жөндеуден өткізуге жоба дайындалып, мердігерді анықтау мақсатында конкурс жүргізілген. (жоба құны - 700 млн. тг). Қыркүйек айында асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Тұрғындардың сұранысы бойынша ауылдың малы жайылатын аумағынан «Саудакент-2019» кооперативіне берілген 1000 гектар жер ауылдық округке қайтарылып берілген. (603 га жайылым, 397 га шабындық).
Жиын барысында тұрғындар тарапынан интернет мәселесі көтерілді.
Аудан әкімі бұл мәселеге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
«Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» Жол картасына сәйкес электр желілері мен антенна-діңгек құрылысы салынып, Қамқалы, Шығанақ, Жайлаукөл елді мекендері «Kcell» АҚ 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, 2026 жылы Жайлаукөл, Қамқалы, Шығанақ елді мекендерінде орналасқан мемлекеттік мекемелерге дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу жоспарланған.
Кездесу жиында осы округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты Талғат Наханов сөз сөйлеп, ауылдық округтегі барлық мәселелердің тиісті орындарға жеткізіліп отырғандығын, облыстық деңгейде шешілетін кейбір өзекті мәселелер аудан әкімімен бірлесе атқарылып жатқандығын айтып, есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық деген бағасын берді.
Ауылдық округ тұрғындары ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Аудан әкімінің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, тамыз айының 23-24 күні өтетін Шығанақ аулының 60 жылдық мерейтойына қатысуға шақырды.