Қазіргі таңда қымбатшылықтың салдары қарапайым халыққа ауыртпалық салуда. 2025 жылдың статистикасына сүйенсек, тауарлар мен қызметтердің құны едәуір қымбаттаған. Жалақы құны өскенімен, тауарларға кететін шығын да дәл солай көтерілуде. Қазіргі таңда жүріс-тұрысың – бәрі ақшаға келіп тіреледі. Күнін көру үшін азаматтар 2-3 жұмыс істеуге мәжбүр. Қосылатын құн салығы көбейсе, сәйкесінші азық-түліктің, күнделікті қолданысқа керекті тауарлардың да бағасы көтеріледі. Халықтың жағдайы қандай болмақ? Бағаның күннен-күнге өсуі халықтың қалтасына ауыртпалық салатыны сөзсіз. Бұл қымбатшылықтың салдарынан халық қалай құтылады?
Қосылатын құн салығы (ҚҚС) – мемлекет тарапынан алынатын, тауарлардың немесе қызметтердің сатылған кезде қосылатын салық түрі. Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында қосылатын құн салығын көбейту басты тақырып ретінде қарастырылды. Жыл басында салынатын салық мөлшері 12 пайызды құрады. Үкімет басындағылар 20 пайызға дейін көтеруді жоспарлаған. Салықты төлеу міндетін жылдық ақша айналымы 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін түсіру жөнінде өзгертулер енгізілу ұсынылған.
Шағын кәсіпкерлер үшін де ауыр тиетіні сөзсіз. Себебі, жылдық табысы 15 млн теңгеден асатын кәсіптер: шағын дүкендер, сұлулық салондары, тез дайындалатын тағам сататын дүңгіршектер. Салықтан бөлек кәсіпті жүргізу үшін кететін қаржы аз емес, күнделікті шығындар, жалдамалы орынның ақысы, сонымен қатар жұмысшыларға төленетін айлық та бар. Бәрін есептей келе түсетін пайда үлесін азайтады. Тығырықтан шығу үшін, кәсіпкерлер бағаны көтеруге мәжбүр болады. Бұл инфляцияға және бағаның өсуіне алып келеді. Ал оның салдары тек қара халыққа тиеді. Нәтижесінде, халықтың сатып алу қабілеті төмендейді және негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру қиынға соғады.
Қосылатын құн салығының шегін 79 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданған жағдайда, бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қиындықтар тудыруы ықтимал. Мұндай өзгеріс шағын және микробизнеске, сондай-ақ әрбір жеке дүңгіршек иесіне елеулі әсер етеді, өйткені олар осы салықты төлеуге мәжбүр болады. Бұл салықтық жүктеме көптеген кәсіпорындардың қаржылық жағдайын қиындатуы мүмкін.
Шағын бизнес пен микробизнестің иелері, әсіресе, табыстары шектеулі, күрделі экономикалық ахуалда жұмыс істеп тұрған ұйымдар айтарлықтай қиындықтарға тап болады. Олардың салық міндеттемелерін орындау мүмкіндігі шектелгендіктен, кейбір кәсіпкерлер өз бизнестерін жабуға мәжбүр болуы мүмкін. Сондықтан, егер мұндай шара қабылданатын болса, көптеген шағын компаниялар жұмысын тоқтатуға, инвесторлар мен кәсіпкерлердің ықтимал қызығушылығын жоғалтуға, сондай-ақ жалпы экономикалық белсенділіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде экономиканың тұтастай жай-күйіне теріс әсер етуі ықтимал. Яғни, мұндай салықтық өзгеріс тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл елдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуына да кері әсерін тигізуі мүмкін.
Үкімет осы бастаманы бюджет кірістерін арттыруды көздеп, ресми түрде енгізуді ұсынып отыр. Негізінде, бұл шараның басты мақсаты – мемлекеттік қазынаны толтыру. Алайда, бұндай өзгеріс ел азаматтары үшін қаншалықты пайдалы екендігі жөнінде сұрақ туындайды. Осыған орай, оның тиімділігін күмәнмен қарауға болады.
Әрине, бюджет кірістерін арттыру – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы үшін маңызды мәселе, алайда бұл халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етуі мүмкін. Мемлекеттік бюджетті толтыру мақсатындағы шаралар, салықтық жүктеменің артуына әсер етіп, азаматтардың экономикалық жағдайына теріс ықпал еткен жағдайда, Үкіметтің түпкі мақсатын орындамай қалуы мүмкін. Сондықтан, мұндай реформалардың халыққа жағымды әсер етуі үшін жан-жақты сараптама мен есептеу жүргізу қажет. Халықтың жағдайы дұрысталмай, мемлекеттің деңгейі көтерілмейді.
Салық кодексі жобасына түзетулер Мәжіліске 20 ақпанда енгізілді. Енгізілген түзетулер бойынша қосылатын құн салығы 20 пайызға емес, 16 пайызға көтерілетін болды. Ендігі табыс мөлшері 3 800 АЕК-тен (15 миллион) асатын кәсіпкерлер ҚҚС төлеуге міндеттеледі. Халық үшін де, шағын кәсіпкерлер үшін де ауыр соққы болып отыр. Ендігі халық көлеңкелі экономикаға көшіп, қолма-қол ақшаны қолдануға көшу қаупі бар. Заң еңгізіле салысымен халық арасында қызу талқыға салынып, халық ақша аударымдарын жасайтын қосымшалардан бас тартуды насихаттауда. Бұл өзгертулер экономикамызға қалай әсер етпек? Күнін зорға көріп жүрген халықтың жағдайы не болмақ? Заңсыз сауда жасау көбейіп кетпей ме? Сұрақ көп. Жауабын алдағы уақытта ала жатармыз.
Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ