Жарқыраған көше қашанда жанға жылу сыйлайды. Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары ауызсу, газ, жол және байланыс салалары секілді шаһар мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі тіптен іңір қараңғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады.
Аталған мәселе Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің де басты назарында. Соған орай, аймақ басшысы «Самал» ықшамауданындағы көпқабатты №48, №49, №53, №54 тұрғын үйлердің аулаларындағы жарық жүйесімен танысты. Аталған ықшамаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Байжархунов» ЖК анықталып, келісімшарт жасалған. Келісімшарт сомасы 12,8 миллион теңгені құрайды. Аталған қаржыға «Самал» ықшамауданындағы 51 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары мен үйлер арасындағы жаяу жүргінші жолдарына жалпы саны 247 көше шамы орнатылды. Оның 230-ы кіреберіс есіктеріне (подъезд), 17-сі жаяу жүргінші жолдарына қойылған. Осылайша аталған ықшамаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру мақсатындағы құрылыс жұмыстары толығымен тәмамдалған.
Келесі кезекте облыс әкімі «Салтанат» ықшамауданындағы көпқабатты №5, №6, №9, №28 тұрғын үйлердің аулаларындағы жарық жүйесін көріп, тиісті тапсырмалар жүктеді.
Жалпы бұл бағытта Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып, шаһар көшелері самаладай жарқырауда. Айталық, 2023 жылғы жоспарға сәйкес, 500 миллион теңгеге 68 көшедегі темірбетонды бағаналарға түнгі жарық шамдары орнатылған. Одан бөлек, үнемделген қаражат есебінен қосымша 15 көшеге түнгі жарық шамдары қойылып, жалпы 83 көше жарықтандырылған. Сондай-ақ ағымдағы жылы Тараздағы 76 көшені (бұрылыстармен қоса есептегенде) жарықтандыру жұмыстары басталады. Ал 2025 жылы қосымша күрделі жөндеумен 120 көше мен 5 шағынауданның және Абай, Байзақ батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қонаев, Қойгелді, Желтоқсан, Жамбыл даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықпен қамту жоспарлануда.