Санақ қарқыны бойынша өңір көш бастады

 Санақ қарқыны бойынша өңір көш бастады

Қазақстанда 1 тамыздан бастап еліміздің аграрлық саласының жай-күйін анықтауға бағытталған екінші Ұлттық ауылшаруашылығы санағы басталды.

Бірінші кезең онлайн форматта өтті және бір айға созылды. Осы уақыт ішінде мың жарымнан астам ауылшаруашылығы кәсіпорындары мен бес мыңға жуық шаруа және фермер қожалықтарынан мәліметтер жинау жоспарланған еді.

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев облыс әкімдігінде өңір басшысының бірінші орынбасарының төрағалығымен өткен жиында науқанның аралық қорытындылары және ауылшаруашылығы саласының жағдайын  талқылаған еді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, Қызылжар өңірі  дәстүрлі түрде елдің аграрлық жүйесінде ерекше орын алады. Өңірдің жалпы ішкі өнімінің төрттен бірі ауылшаруашылығы есебінен қалыптасады. Өткен жылы өндіріс көлемі 936,6 млрд теңгені құрады, ал үстіміздегі  жылдың жеті айындағы көрсеткіш 135,4 млрд теңгеге жетіп, оң динамиканы сақтап отыр.

Санақ он жылда бір рет жүргізіледі және ірі агрокәсіпорындардан бастап шағын бау-бақша иелері мен үй шаруашылықтарын қамтиды. Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 87 мың ауылшаруашылығы нысаны есепке алынуға тиіс. Оның ішінде 6,4 мың фермер қожалығы және 80 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары бар. Бұл үшін өңірде облыстық және 13 аудандық комиссия құрылып, халықтың электронды түрде сауалнамадан өтуі үшін 239 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ұйымдастырылды.

Ұлттық статистика бюросының облыстық департаментінің басшысы Дәурен Жорабековтің айтуынша, дайындық барысында 5 облыстық, 39 аудандық отырыс, 10-нан астам көшпелі кездесу мен кеңес өткізілген. Сондай-ақ статистика қызметкерлері 3400-ден астам ауылшаруашылығы құрылымдары үшін 73 оқу семинарын ұйымдастырған және онлайн сауалнамадан өтуге жәрдемдескен кеңесшілерге қосымша сабақтар өткізген.

Өңірдегі ең ірі шаруашылықтардың бірі – «Зенченко и К» компаниясы. Мұнда 50 мың гектардан астам жер өңделеді және 16 мыңға жуық ірі қара мал өсіріледі. Жақын арада Новоникольское ауылында Орталық Азиядағы ең ірі тауарлы сүт  фермасы іске қосылмақ. Ол 8000 басқа арналған және жеті өндірістік кешеннен тұрады. Қазірдің өзінде бұл шаруашылық елдегі сүт өңдеу саласында жетекші орынға ие. Санақ осы кәсіпорында да жүргізілді.

Кәсіпорын басшысы Иван Зенченко мұндай іс-шаралардың сенімді деректер базасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, санақ мемлекет пен өндірушілерге нақты көрсеткіштермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, бұл саланы жоспарлауды және дамытуды тиімді етеді.

Сауалнамадан «Sanaq.gov.kz» сайтында өтуге болатын. Процедура 20 минуттан аспайды және арнайы білімді қажет етпейді. Өңір аграрийлерінің басым бөлігі белсенді түрде қатысқан. Ұлттық статистика бюросының басшысы хабарлағандай, облыстағы алты мыңнан астам ірі ауылшаруашылығы өндірушілерінің 80%-дан астамы онлайн сауалнамаға жауап беріп, облыстағы көрсеткіш бойынша көшбасшылықты қамтамасыз етті.

Санақтың екінші кезеңі дәстүрлі форматта 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін өтеді. Жалпы ел бойынша ол 300 мыңға жуық ірі агроқұрылымды және 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылықты қамтуы тиіс. Науқан нәтижелері Қазақстан ауылшаруашылығының болашағы үшін маңызды рөл атқарып, стратегиялық шешімдер қабылдауға және аграрлық секторды мемлекеттік қолдауды күшейтуге негіз болады.

 

Нұрсайын Шәріп,

(Облыс әкімдігінің баспасөз 

қызметі материалдары 

бойынша әзірленді)

 

05.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17201
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17050
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30821
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34466