Референдум

Сақтық керек қашанда

Сақтық керек қашанда

Таяу Шығыста тұтанған соғыс өрті айналаны әбігерге түсіріп жіберді. Израиль мен АҚШ-тың Иранға қаратқан шабуылдарына қарымта ретінде жауап қайтарып жатқан Иран әскерилері бірқатар араб елдері аумағында орналасқан АҚШ-тың әскери базаларына қарата зымыран соққысын жасап жатыр. Бұдан бөлек парсылардың «қаңғырған оқтары» жазықсыз көршілерінің де аумағына түсіп жатқаны анықталды. Бұл тұтас Таяу Шығыс пен Орталық Азия аймағының қауіпсіздігіне төнген қатер еді. Осыған қарай қорғаныс саясатына қатысты шұғыл шешімдер мен әскери әзірлік жұмыстары әрбір елдің жіті назар аударатын тақырыбына айналғандай.

4 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрге, күштік құрылымдардың басшыларына, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компаниялардың жетекшілеріне, сондай-ақ аймақ әкімдеріне тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың, көлік, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымның, соның ішінде әуежайлардың, теңіз және өзен порттарының қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Аталған жұмысты үйлестіру Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысына жүктелді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

 

Дәл осы күні Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Каспийдегі теңіз пирсінде Әскери-теңіз күштерінің зымыранды-артиллериялық корабльдерінің экипаждары мен әртекті корабльдерінің жеке дивизионын қамтамасыз етуші кемелерінің К-1 курстық сынағының соңы корабльдердің жауынгерлік оқу-жаттығуының ойдағыдай аяқталғандығын хабарлады.

 

К-1 курстық тапсырмасын орындау кезінде жеке құрамның корабльдерді қалыпты жағдайда ұстауға әзірлігі тексерілген. Мұнда жаттығу барысында өрт сөндіру, өзге де апатты жағдайлардың алдын алуға қатысты практикалық шаралар өткізілген.

Қазақстан Республикасының әскери-теңіз күштері Каспий теңізі аумағының Қазақстанға тиесілі бөлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ашық дереккөздерде әскери-теңіз күштерінің жалпы саны 3,000 адамның шамасында екендігі, зымырандық-артиллериялық кеме, минаға қарсы кеме, артиллериялық катер, патрульдік кеме, гидрографиялық кеме сынды түрлі санаттағы әскери кемелер мен шабуылдаушы ұшақтар, тікұшақтармен жабдықталғаны айтылады.

 

Ресей-Украина соғысы басталғалы бері Каспийдің ресейлік бөлігіндегі порттарда бірнеше рет Украинаның ҰҰА-ларының шабуыл жасау оқиғасы тіркелген еді. Ал Каспийдің жағасында отырған Иран қазіргі таңда ресми түрде соғысқа араласып кетті. Яғни Каспий жағалауындағы Ресей мен Иран елдерінде соғыс болып жатқанда, бір шетінде отырған қазақ елінің қамсыз қалғаны ақылға сыймайтыны сөзсіз. Таратылған ақпаратта біздің теңіз әскерлері алдағы күндері К-2 курстық тапсырмасын пысықтауға кірісетіндігі айтылуда. Онда «алдағы теңіз кезеңінде экипаждар теңіздегі, әуедегі және жағалаудағы нысандарға зымырандық және артиллериялық атыс соққыларын жүргізеді. Бұл қару-жарақты ұрысқа неғұрлым жақын жағдайда дәл әрі тиімді қолдануды тексеруге мүмкіндік береді. Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлері атыс жаттығуларын орындауға осы айда кіріседі. Мұндай іс-шаралар экипаждардың жауынгерлік даярлығын одан әрі жетілдіре түсіп, жеке құрамның кәсіби шеберлігін арттыруға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға ықпал етеді», –делінген. Демек, Каспий жақтағы шекара қауіпсіздігі басты назарда тұр деген сөз.

 

Президент тапсырмасы берілгелі Қорғаныс министрлігі еліміздің өзге де аймақтарында түрлі әскери оқу-жаттығуларын бастады. Солардың арасында 6 наурыз күні «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының полигондарында, бөлімшелердің қимыл-қозғалыс әрекеттеріне және қаруды кешенді қолдануға негізделген ұрыс жүргізудің заманауи әдістерін енгізуге бағытталған ауқымды курс өтті.

7 наурыз күні Өскемен гарнизонындағы оқу-жаттығу полигонында Т-72 жауынгерлік машинасынан штаттық атыс жаттығулары орындалды. Дәл осы күні «Шошқалы» полигонында 32363 әскери бөлімінің жеке құрамы оқу-жауынгерлік тапсырмалар кешенін орындады. Мұнда әскери қызметшілер шартты қарсыласқа атыс соққысын ұйымдастырып, әр түрлі штаттық қару-жарақтан оқ ату жаттығуларын пысықтады. Ал 10 наурыз күні Өскемен гарнизонында Қасым Қайсенов атындағы механикаландырылған бригадада атыс дайындығы бойынша сабақтар өткендігі белгілі болды. Бұл жаттығу кезінде мотоатқыштар, шабуылдаушы және танк взводтарының әскери қызметшілері шынайы ұрыс жағдайына барынша жақындатылған күрделі тактикалық жағдайда тапсырмаларды орындаған.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23828
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23499
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40553
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36941
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41179