Отбасы – қоғамның алтын қазығы. Әрбір отбасының әл-ауқаты мен тұрақтылығы елдің дамуына тікелей әсер етеді. Осы бағытта Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұрғындарға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді.
Орталықтың негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға дер кезінде көмек көрсету, олардың мәселелерін шешуге ықпал ету және әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау білдіру.
Мекемеде азаматтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер беріледі. Сонымен қатар жұмыспен қамту, мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары, отбасылық қарым-қатынасты нығайту, балалардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында да тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Орталық мамандары әрбір өтініш иесінің жағдайын жан-жақты зерделеп, қажеттілігіне қарай жеке сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастырады. Қажет болған жағдайда білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары, жұмыспен қамту орталығы және басқа да мемлекеттік мекемелермен бірлесіп жұмыс атқарады. Мұндай өзара іс-қимыл азаматтардың мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді.
Бүгінде орталық мамандары тұрғындармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы іс-шараларға белсенді қатысады.
Әрбір отбасының бақыты мен берекесі – қоғам тұрақтылығының негізі. Осыны басшылыққа алған «Отбасын қолдау орталығы» алдағы уақытта да халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсетіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарын жалғастыра береді.
Орталықтың басты ұстанымы – әрбір азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, кәсіби әрі жанашырлықпен қолдау көрсету. Себебі мықты отбасы – берекелі қоғамның кепілі.
Гүлназ ӘЛШЫНБАЕВА,
Жамбыл облысы, Сарысу ауданы
















