Ауданымызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы белсенді жүргізіліп, ауқымын кеңейте түсті.
Шын мәнінде, тазалықты сақтау, туған жерді көгалдандыру, абаттандыру үлкен маңызы бар іс. Қоршаған ортаның таза әрі көрікті болғаны өзіміз үшін қажет.
Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жаңатас қаласына кіре берістен «Таза Қазақстан» саябағы ашылды.
Саябақтың ашылуына аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудан ардагерлері, зиялы қауым, қоғамдық ұйым өкілдері, мекеме және кәсіпорын қызметкерлері мен жастар қатысты.
Игілікті шарада аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы «Өнегелі ұрпақ» апталығымен жалғасып, осы экологиялық науқанның аясында ауданда ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығына тоқталды. Туған жерді көркейту- көгалдандыру баршамызға ортақ іс, әрі келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған үлкен қадам екендігін айтып, болашақта жаңа саябақ тұрғындар саялайтын, жастар серуендейтін көрікті орынға айналсын, - деген тілегін білдіріп, жаңа саябақтың ашылуымен құттықтады.
Бұдан кейін Сарысу аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов сөз алып, елдің ауызбіршілігі, ықыласы осындай ынтымақты, жарасымды тірлікке бастайтындығын айтып, жылы лебізін білдірді.
Жаңа саябақтың лентасын аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Басие Абдрахманов және Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев салтанатты жағдайда кесті.
Саябақтың ашылуына және қоршаған ортаның жақсаруына, шырайының әрленуіне, жасы желекке бөленуіне өз үлесін қосуға келген көпшілік жаңа саябаққа тал отырғызу шарасына құлшына кірісіп кетті.
Бүгін «Өнегелі ұрпақ» апталығының бірінші күнінде жаңа саябаққа Жамбыл облысының 85 жылдығына орай 85 шырша, Жаңатас қаласының 55 жылдығына орай, 55 тал көшеттері отырғызылды.