Семей ет комбинатының бренді қайта жаңғырады

Семей ет комбинатының бренді қайта жаңғырады

Абай облысында агроөнеркәсіп саласындағы ірі жобалардың бірі – «Eurasia Agro Semey» ЖШС-нің ет комбинатының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына жұмыс сапары барысында Достық ауылдық округінде салынып жатқан нысанның жұмысымен танысты.

Кәсіпорын етті қайта өңдеу, консервілеу және азық-түлік өнімдерін өндіруге бағытталған. Жоба толық іске қосылған кезде өндіріс орны бір ауысымда 100 бас ірі қара мен 1000 бас ұсақ мал союға қауқарлы болады. Сонымен қатар тәулігіне 3 тонна шұжық және 5 тонна консерві өнімдерін шығару жоспарланған. Жалпы өндірістік қуаттылығы 11 400 тонна дайын өнімді құрайды.

Инвестициялық жобаның жалпы құны – 7,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Бүгінде нысанда 50 жұмысшы еңбек етіп, 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылған. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, негізгі өндірістік цех пен қазандық бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жобаны биыл қыркүйек айында пайдалануға беру көзделуде. Жоба іске қосылғаннан кейін 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдегі ет өнімдерін терең өңдеу саласының дамуына серпін береді.

Нысанды аралау барысында облыс әкімі өңір үшін мұндай өндірістің маңызы зор екенін атап өтті.

– Ет комбинатының орны өте жақсы таңдалған. Облыс орталығынан 20-ақ шақырым жерде орналасқан. Су, жол, электр қуаты бар. Облыс қана емес, республика көлемінде мұндай ауқымды ет комбинаты жоқ. Бұрынғы Семей ет комбинатының брендін енді осы инвестор қайта жаңғыртамын деп отыр. Біз оған үлкен сенім білдіреміз. Оның үстіне бұл қалдықсыз өндіріс болады. Сүйек майы алынып, терісі де өңделеді. Мердігерге құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, нысанды мерзімінде аяқтауды тапсырамын, – деді Берік Уәли.

Соңғы жылдары Абай облысында ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған өндірістерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа ет комбинаты іске қосылғаннан кейін өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сәруар ҚАБДОЛЛА,

Абай облысы

04.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25660
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25118
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42533
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38381
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42909