Абай облысында білім беру саласын дамыту бағытындағы ірі жобалардың бірі іске асты. Семей қаласының Водный кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли мен Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова қатысты.
Үш қабатты жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Ғимаратта 28 оқу кабинетімен қатар, физика, химия, биология пәндеріне арналған зертханалар, робототехника, графика және модельдеу кабинеттері бар. Сондай-ақ ағаш және металл өңдеу, тігін және кулинария шеберханалары жабдықталған.
Білім ордасында акт залы, асхана, кітапхана, оқу залы, коворкинг аймақтары қарастырылған. Спортпен шұғылдану үшін футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолақтары мен спорт залы салынды.
Мектеп мемлекеттік тілде, бір ауысымда жұмыс істейді. 1-11 сынып аралығында 22 сынып-комплект және мектепалды даярлық сыныбы ашылады. Жаңа оқу жылы қарсаңында Водный кентінің балалары еңселі әрі заманауи мектепке қадам басты.
Салтанатты жиында облыс әкімі Берік Уәли ұстаздар мен ата-аналарды, оқушыларды жаңа оқу орнының ашылуымен құттықтап, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының маңыздылығына тоқталды.
«Бұл – ұстаздың арманын, ата-ананың сенімін, баланың үмітін тоғыстырған ортақ қуаныш. Бүгінгі ашылған мектеп – болашаққа деген сенімнің символы. Балаларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – біздің басты міндетіміз», – деді аймақ басшысы.
Мектеп ішін аралап көрген әкім ұстаздармен және оқушылармен пікірлесті. Водный кентінің тұрғыны Совет Тоғызбаев тұрғындардың атынан алғыс білдіріп:
«Бұл мектепті біз ұзақ күттік. Жаңа ғимараттың ашылуы – бүкіл ауылдың қуанышы. Балаларымыз үлкен білім ордасында тәлім алып, елдің мақтанышына айналсын», – деді.
Білім саласындағы өзекті мәселелер шешілуде
Облыстағы үш апатты мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Жарма ауданы Суықбұлақ ауылында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. Ақсуат ауданында 300 орындық жаңа мектеп салынады. Ал Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа ғимарат тұрғызуға құжат әзірленіп жатыр.
Қазіргі таңда Абай облысында 304 мектеп бар. Онда 101 мыңнан астам оқушы білім алады. 12 мыңнан астам ұстаз еңбек етуде. Биылдың өзінде 10 мыңнан аса бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.