Ел үшін айрықша мәні бар Республика күні мерекесіне орай, Т.Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылдық округінің екі бірдей елді мекенінде Сөгеті және Мамай ауылдарындағы тұрғындардың көптен күткен арманы орындалды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа ауыз су имараттары салтанатты түрде халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұл оқиға жарты ғасырға жуық уақыт бойы таза ауыз суды тасымалдау арқылы пайдаланып келген ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын түбегейлі өзгертетін, ерекше әлеуметтік маңызы бар айтулы жаңалық болды.
"Бүгінгі ұлттық мерекеміз – Республика күнімен және осындай маңызды нысанның ашылуымен барша ауыл тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Мұндай іргелі жобалар – Қазақстанның әрбір азаматы үшін қолайлы және жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі," – деді аудан әкімі Ернар Есіркепов.

Аталған маңызды бастамалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға қарай ел халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамту жөніндегі стратегиялық тапсырмасын орындау аясында және облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүзеге асты. Сөгеті және Мамай ауылдарындағы су құбыры жүйелерін жаңғырту мен салуға жұмсалған жалпы қаржы көлемі 1 миллиард теңгеден астам қаражатты құрайды, бұл өңірді дамытуға бағытталған ауқымды инвестицияның айқын дәлелі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасады. Ағымдағы жылдың аяғына дейін Құлан ауылындағы Арай тұрғын алқабында, сондай-ақ Шөңгер және Ақбұлақ ауылдарында дәл осындай жаңа ауыз су имараттары ел игілігіне берілетін болады. Осылайша, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесі жүйелі түрде шешілуде.















