Ақтөбе қаласында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырыла бастады. Қазіргі таңда бірінші көтерілімдегі Сарыбұлақ сорғы станциясын салу және Құндақтықыр су жинау станциясынан сорғы станциясына дейінгі су құбырын тарту жұмыстары басталды.
Жобаның негізгі мақсаты – қаланың жаңа тұрғын алаптарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету және су жеткізу жүйесінің қуатын арттыру. Жаңа нысандардың іске қосылуы тұрғындардың сапалы ауызсуға қолжетімділігін жақсартып, қарқынды дамып жатқан аумақтардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қала аумағындағы су жүйесінің тұрақтылығын арттырып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қажетті инженерлік желілермен қамтуға жол ашады.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет мамандармен бірге Ақтөбеден шамамен 45-50 шақырым жерде орналасқан Құндақтықыр жерасты су кен орнына барып, басталған жұмыстардың барысын көрді.
– Биыл Құндақтықыр және Сарбұлақ жерасты су кендерінен қалаға дейін су құбырын тарту жұмыстары басталып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – Ақтөбе қаласының жаңа тұрғын алаптарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету.
Өздеріңізге белгілі, қала халқының саны артып келеді. Қазірдің өзінде 600 мыңнан астам тұрғын бар. Жаңа тұрғын алаптар бой көтеріп жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін Ақтөбе қаласы аумағындағы Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4, Бауырластар-3, Бауырластар-5, Сазды-3 тұрғын алаптары және Батыс-3 шағын ауданы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Бұл аталған аумақтардағы тұрғындардың ауызсуға қолжетімділігін арттырып, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді, – деді Азамат Бекет. Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында мұнда 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады. Содай-ақ топтық су құбыры салынып, желілер тұрғын үй алаптарына дейін жеткізіледі.

Жалпы алғанда, бұл жоба 10 мыңнан астам жер учаскесін орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, жаңа тұрғын алаптардың қарқынды дамып жатқанын ескерсек, бұл – қала үшін маңызды жобалардың бірі. Ал Батыс-3 шағын ауданында болашақта шамамен 100 мың тұрғынның қоныстануы жоспарланып отыр. Сондықтан мұнда инженерлік инфрақұрылымды алдын ала дамыту қажет.
Бетті дайындаған – М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы















