Батыс Қазақстан облысында «AMANAT» партиясының партиялық бақылау комиссиясы отырысында су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды.
Бұл туралы «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады. Облыстық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясы отырысында өңіріміздегі биылғы су тасқыны кезеңіне дайындалу бойынша партия мүшелерінің жауапкершілігі талқыға салынды. Отырысқа партиялық бақылау комиссиясы мүшелері, «AMANAT» партиясы БҚО филиалы атқарушы хатшысы А.Сафималиев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Е.Жалелов, Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары С.Бегжанов, Орал қаласы әкімдігінің өкілдері және онлайн режимде 12 ауданнан жауапты әкімшілік қызметкерлері, «AMANAT» партиясының жергілікті жердегі филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты.
Жиын барысында БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Е.Жалелов өңірдегі су тасқынына қарсы жоспарлы жүргізіліп жатқан іс-шаралар бағытында баяндама жасады. «Казгидромет» РМК-ның алдын ала болжамды мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылғы су тасқыны кезеңінде облыстың барлық кіші өзендерінде күтілетін максималды су деңгейі қауіпті деңгейден төмен деп болжанып отыр. Тек Деркөл өзенінде ғана максималды су деңгейі қауіпті деңгейден асады деп болжам бар. Отырысқа қатысушылар баяндамашыларға осы мәселе төңірегінде сұрақтарын қойып, жүйелі жұмыстар жүргізілу үшін ұсыныстарымен бөлісті.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
БҚО Орал қаласы