Су тасқыны — табиғи құбылыс. Оны тежеу оңай болмай жатқаны рас.
Айтып келмейтін табиғи апаттың қалай, қай жерден келетінін ешкім де біліп жатпайды.
Осы күндері еліміздің бірнеше аймағы көктемгі қар еруі, сең қозғалу науқанынан су астында қалып әбігерге түсіп жатуына, кім де болса құр отырмас.
Айналдырған осы аптаның жылымық күндері ғана Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ұлытау және т.б. өңірлерін су арнасынан жайылып, елді дүрліктірді.
Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдай департаменті қызметкерлері оның салдарымен күресуде.
Жалпы еліміздегі болып жатқан жағдай әрқайсымыздың жанымызға батып, қабырғамызды қайыстырары сөзсіз. Дегенмен сабырлық танытуымыз керек. Халқымызда «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген дана сөз бар.
Сондықтан осындай қиын-қыстау сәтте, бір-бірімізді қолдап, бірлікті сақтауымыз қажет. Қол ұшын созып, демеу болуымыз керек. Сонда ғана біз барлық қиындықты еңсеріп, бойымызды тіктей аламыз.
Ия, апат айтып келмейді, бірақ қазақта «сақтансаң сақтаймын» деген де сөз бар. Елімізде көктем келсе су тасқыны мен сел жүру қаупі күшейе түседі.
Осыған орай Жамбыл облысында да көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің су тасқыны қаупінің алдын алу және жоюға бағытталған тапсырмасы аясында бүгін облыста сел және су тасқыны қаупі бар Жуалы ауданыдағы Көксай, Қаралма шатқалдарын, Т.Рысқұлов ауданындағы Мақпал, Шөңгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу және Көкдөнен өзендерін,Меркі ауданындағы сел қауіпті Аспара, Меркі, Молалы, Талды бұлақ және Түзу сұрат өзендерін тікұшақпен аралау жұмыстары жүргізілді. Қардың еру барысы қауіп төндіретіндей емес.
Су тасқыны боп жатқан өңірлерге Алла жеңілдігін берсін!