Суицид жөніндегі заң мен жауапкершіліктен хабарыңыз бар ма?

Суицид жөніндегі заң мен жауапкершіліктен хабарыңыз бар ма?

Елімізде балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі қоғамды алаңдатып отыр. Биыл жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау деректері өткен жылмен салыстырғанда артқан. Жасөспірімдердің мұндай қадамға баруына не себеп? Оның алдын алу үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр?

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары елімізде әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды. Мұнда Қылмыстық кодекске суицидтің алдын алуға және суицидті насихаттауға жол бермеуге қатысты екі жаңа бап енгізілді. Сонымен қатар «Масс-медиа туралы» заңға әлеуметтік желілерде, телеарналарда және басқа да ақпарат құралдарында суицидті насихаттайтын материалдардың таралуына тосқауыл қоятын нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, білім басқармалары жанынан психологиялық орталықтар құрылып, психологиялық қызметтің жұмысы жетілдіріледі. Бұл бағыттағы заңнамалық нормалар да бекітілді. Тағы бір маңызды жаңалық – алғаш рет буллингке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Яғни заңнамалық тұрғыдан халықаралық тәжірибеге және еліміздің ерекшеліктеріне сай қажетті нормалар қабылданды. Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған нормалар бір ғана заңда емес, бірнеше заңнамалық актілерде бекітілген. Соңғы жылдары бұл бағыттағы құқықтық база едәуір күшейтілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойған ең маңызды соңғы өзгерістерінің бірі – былтыр желтоқсанда қабылданған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң. Бұл заң профилактиканы күшейтіп, балалардың қауіпсіздігіне қатысты мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жаңа деңгейге шығарды. Осы заң және оған ілеспе өзгерістер аясында: кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және тәуекелдің алдын алу жүйесі енгізілді. Полиция, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдары ақпарат алмасып, қауіп тобындағы балалармен бірлесіп жұмыс істеуге міндеттелді.

Мектептердегі психологиялық қызметтің рөлі күшейтілді. Психологтардың тәуекел топтарын анықтау, психологиялық сүйемелдеу және ата-аналармен жұмыс жүргізу міндеттері нақтыланды.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық профилактика заң жүзінде күшейтілді. Бұл тек құқық бұзушылықтың ғана емес, өзіне-өзі қол жұмсау қаупінің де алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар соңғы жылдары енгізілген маңызды нормалар: 111 байланыс қызметі заңнамалық және ұйымдастырушылық деңгейде кеңейтіліп, балалардың психологиялық көмекке тәулік бойы жүгіну мүмкіндігі арттырылды. Білім беру ұйымдары үшін міндетті профилактикалық іс-шаралар күшейтілді. Мұнда психологиялық скрининг, буллингтің алдын алу, тәуекел топтарын бақылау, ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізу мәселелері назарға алынып отыр.

Елімізде 2026-2028 жылдарға арналған суицидтің алдын алу жөніндегі жол картасы бекітіліп, онда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Қазіргі таңда қолданысқа жүрген суицидке тікелей қатысты Қылмыстық кодекс нормалары да бар. Мұнда суицидтің өзіне жауапкершілік көзделмеген. Алайда басқа адамды суицидке итермелегені немесе жеткізгені үшін қылмыстық жауаптылық бар екенін ескерген жөн.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы – «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша мынадай мәселелер қарастырылған. «Қорқыту; қатыгездікпен қарау; адамның ар-намысын жүйелі түрде қорлау; өзге де заңсыз әрекеттер арқылы адамды суицидке немесе суицид жасау әрекетіне жеткізу» қылмыс болып саналады. Егер жәбірленуші кәмелетке толмаған болса немесе басқа ауырлататын мән-жайлар болса, жауапкершілік қатаңдатылады.

Бұл туралы елімізде саясаткерлер мен сала мамандары да дабыл қағып отыр. Олар ең әуелі балаларға зиян келтіретін теріс пиғылды контентті анықтап, оны жою жұмыстарын күшейту, әрі бұл жұмысқа бүкіл қоғам болып атсалысу қажет деп есептейді.

«Ең маңыздысы, ата-аналардың жауапкершілігі басты орында. Қазіргідей цифрлық заманда ең әуелі ата-аналар цифрлық сауаттылыққа мән беріп, балалардың смартфон немесе басқа да цифрлық құрылғыларды қолдануына жетекшілік етуі, лайықты бақылау жасай білуі қажет. Мектептердегі психологиялық қызметті күшейтудің маңызы зор. Алайда бірінші кезекте ата-аналардың жауапкершілігіне мән беруіміз керек. Өйткені баланың эмоционалдық жағдайына ең алдымен отбасы әсер етеді. Мектеп үйдегі жылулық пен мейірімді толық алмастыра алмайды. Психологиялық қызметтің міндеті – баланың күйзелісін дер кезінде байқап, қажетті көмек көрсету. Суицид бір сәтте бола салмайды, оның алдында белгілі бір психологиялық күйзеліс кезеңі болады. Сол кезеңді уақытында анықтау өте маңызды», – дейді Ж. Сүлейменова ханым.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
30.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26618
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26052
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43442
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39228
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43848