Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әртүрлі салада жетістікке жетіп жүрген үздік жастарды марапаттады. Облыстық жастар сыйлығын алғандардың қатарында мұғалім, дәрігер, актер, журналист, мемлекеттік қызметкер де бар. Олар қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, өңірдің дамуына өзіндік үлес қосқан жандар. Шара сан салада қызмет етіп жүрген жас мамандардың деңгейін арттырып, жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған.
Марапатталғандардың қатарында «Үздік жас мемлекеттік қызметші» номинациясы бойынша Шу қаласының әкімі Елдос Нуралиев болды. Жаста болса жүгі ауыр қызметтерді жауапкершілікпен атқарып, қатардағы педагог қызметінен білім бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің құрылыс саласы бойынша орынбасары лауазымдарына дейін жеткен Елдос Нуралиев бүгінде туған жері Шу жеріне қызмет етіп жүр.
Әріптесімізді шын жүректен құттықтаймыз!
Айта кетейік, шулық мемлекеттік қызметшілер өткен жылы да үздік номинанттар қатарынан табылған болатын.