Сыр журналистері – тұғыр биігінде

Сыр журналистері  – тұғыр биігінде

Ел тәуелсіз мемлекет болып мойындалуы үшін жері, шекарасы, туы, әнұраны деген секілді болуы керек талаптар мен шарттар бар. Соның бірі ел тәуелсіздігі мойындалуы үшін болуы керек бір талап,  ол – журналистикасы. Яғни, журналистикасы жоқ ел тәуелсіз демократиялы ел болып есептелмейді. Шүкір, Қазақ елінің журналистикасы әлем елдерінің ішінде өз орнын ойып тұрып алған сала. Соның ішінде Сыр журналистикасының да өз биігі бар. Республика, тіпті әлем елдеріне ақпарат шығарып, дүние санасатындай деңгейде. Міне, сол саланың сарбаздарының мерекесі болып өтті.

28 маусым бұқаралық ақпарат құралдарының мерекесі болып бекітілгелі бері тілшілер мерекесі өз деңгейінде дәріптеліп келеді. Биыл да «Қанатты қалам – 2025» мерекелік байқауы қаламыздағы Өнер орталығында кең көлемде аталып өтіп, шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, өңірдің БАҚ саласы мен зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау және жауапты сала басшылары қатысты.

Ұлы шара белгілі фототілші  марқұм Болат Омарәлиевтің фото көрмесін тамашалаумен басталды. Аймақ басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі бастамалар мен жаңашылдықтарды халыққа жеткізудегі қаламгерлер рөліне тоқталды. Қаламын қару қылған жауынгерлер жайлы айта келіп:

– Бүгінгі мереке – мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайттарда қызмет жасайтын шығармашылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған мақаланың техникалық, көркемдік тұрғыдан толыққанды жарыққа шығуына еңбек сіңіретін оператор, дизайнер, режиссер, инженерлердің мерейлі күні.

Сіздер жаңа бетбұрыстар кезеңінде қоғам мен биліктің арасында алтын көпір болып, жұртшылыққа реформалардың маңыздылығын жеткізуде жауапты міндет атқарып келесіздер, – деді аймақ басшы.

Мереке қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ қызметкерлерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда жерлесіміз, ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген «Qyzylorda» телеарнасының директоры Әмиша Нұрбек Шынтемірұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл Сыр журналистикасының бүгінгі беталысына берілген жоғары баға екенін айтты. Мемлекет басшымыз бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді. Осыдан 100 жыл бұрын Қызылорда еліміздің тұңғыш астанасы болған тұста әлеуметтің рухани өмірінде ерекше серпіліс жасалды. Тарихи кезеңде республикалық мерзімді басылымдардың барлығы көшірілді. Ұлттық сөз өнерінің майталмандары, Алаш зиялылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов журналистік шеберліктерін шыңдап, халыққа ақпарат тарату ісіне белсене қатысты. 

«Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінің ұлттық журналистика тарихында айрықша орны бар. Қазақ тарихындағы маңызды оқиғалар Қызылорда – ұлт баспасөзі мен журналистикасының рухани астанасы екенін айқын дәлелдейді. Тарихи сәттердің куәсі болған ардагерлеріміз бүгінде ортамызда. «Сыр бойымен» бірге сырласындай өмір сүріп келе жатқан Қазақстанның құрметті журналистері – Шәкірат Дәрмағанбетов, Қайырбек Мырзахметов ағаларымыз бен Рысты Бекбергенова апамыз мерейлі 90 жастың үстіне шықты. Осы газеттерден шыққан шығармашылық өкілдері елімізге танылып, қазақ әдебиетінде өзіндік ізін қалдырды. Олар: Асқар Тоқмағанбетов, Жақсылық Түменбай, Тынымбай Нұрмағанбетов, Әскербек Рахымбеков, Асқар Кіребаев, Қази Данабаев, Жолтай Жұмат секілді белгілі ақын-жазушылар.

Аймағымызда Президентіміздің тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылған жұмыстарды, игі бастамаларды халық арасында кеңінен насихаттауда қалалық, аудандық басылымдармен қатар «Халық», «Әлімсақ», «Ұстаз мәртебесі», «Тіл сақшысы», «Сыр мектебі» секілді  газет-журналдар мен интернет ресурстардағы бірнеше ақпараттық агенттік белсенді қызмет атқаруда екенін ата келіп, тарихқа тағзым еткен аймақ басшысы:

– Сыр өңірінің жылнамасын, Тәуелсіздік шежіресін  жасаудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін сіздерге зор ризашылығымды, алғысымды білдіремін. Ақпарат айдынында заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқара беріңіздер, мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, шығармашылықтарыңызға шабыт, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», – деді Н.Нәлібаев. 

Мерекелік жиында  салаға ізденісі мен кәсіби шеберлігін арнап, оқырман мен көрермен құрметіне бөленген журналистер марапат төрінен көрінді. Мемлекет басшысының Жарлығымен облыстық «Сыр бойы» газеті «Руханият» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер  одағының мүшесі Дүйсенбек Беркінбаев «Құрмет» орденімен, республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Әлібек Байшүленов пен «Қоғам ТВ» арнасының шеф-редакторы Баян Құлтанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар тілшілерге облыстың ең жоғарғы наградасы – Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мен номинациялары табысталды.

Бүгінде Сыр журналистикасының тарихы өзінің ғасырлық белесіне жақындады. Өткен жылы еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі  – облыстық «Сыр бойы» газетінің жарыққа шыққанына 95 жыл толса, биыл «Кызылординские вести» газеті 95 жылдығын атап өтуде.  Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» басылымына 90 жыл, Шиелі аудандық «Өскен өңір», Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеттеріне 85 жыл, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарық көргеніне 30 жыл толды.

Ел дамуына, өркендеуіне, ел мен биліктің арасындағы алтын көпір болуына үлкен септігін тигізіп келе жатқан басылымдар мен телеарналар қашанда майталман мамандардың ордасы. Осы мәртебелі мамандық иелері құрмет тұғырына көтеріліп, лайықты марапаттарын алды. «Ақпарат кімнің қолында болса, жеңіс соның қолында» демекші, жеңіс пен жетістіктің жаршылары осылайша бір жарқырады.

Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ,

Қызылорда қаласы

 

11.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15958
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30980
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29623
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33190