Шығыс халықтарында ағаш егуге қатты мән береді. Ағаш егу олардың өмірінің мәні болып есептеледі. Кез-келген шаралар ағаш егуден басталады. Менің поселкелік кеңестің төрағасы болып істегендегі ауыз толтырып айтатын жұмысым осы. Әрине, поселкенің майда-шүйде жұмысы да бастан асады. Бірақ оның бәрін тізбелеп отырудың қажеті бола қоймас. Ол кезде қазіргідей қомақты қаржы да бөлінбейді. Жұмыстардың басында өзіміз жүреміз. Көктемгі ағаш егу кезінде арықтарға су келтіру керек. Суды жетелемесең жүрмейді ғой. Сәбит Мырзағалиев деген орынбасарым болды. Сол Сәбит, колхоздың бастығы Наурызбаев Базарбай үшеуміз арық жағалап жүретінбіз.
– Арал ауданы бар, Жалағаш ауданы бар, партия-кеңес қызметінде бірталай жыл жұмыс істедіңіз. Білген адамға бұл үлкен мектеп қой, халықпен араластыңыз, қаншама адамдармен қызметтес болдыңыз дегендей.
– О, әрине, мектеп болғанда қандай, өмір университеті. Мен қызметтес болған азаматтардың ішінде небір мықтылары болды. Мен 1973-1975 жылдары Аманов Сұлтан Шаханұлы деген ағамызбен қызметтес болдым. Бұл бір қазақтың марғасқа азаматы еді, білімді, білікті хатшы болды. Мен осы кісінің тұсында Жалағаш аупарткомында ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызметімді бастадым. Бұл кезде екінші хатшы Қаһарман Табынбаев болды. Үшінші хатшы Нәзтай Сермаханова деген апаң. Бұл аталған үш хатшының үшеуі де сол заманның іскер, білімді, алымды да, шалымды азаматтары болды. Қаһарманмен жарты жыл ғана жұмыс істедім, сосын ол обкомға бөлім меңгерушісі болып кетті. Қаһарманнан кейін екінші хатшы болып Сейілбек Шаухаманов келді. Сейілбекпен 1975-1980 жылдары бес жыл бірге қызмет істедік. Бұның арасында Сәмит Далдабаев екінші хатшы болып бір жылдай істеп, Сырдария ауаткомының төрағасы болып кетті. Сейілбек осы Сәмиттен кейін келді. Ал, енді бұл аталғандардың қайсысын алсаңыз да сол өзі өмір сүрген уақыттың талаптарына сай келетін, өмірі өнеге, тұла бойы даналыққа толы, соңынан халықты ерте алатын, шоқтығы биік азаматтар.
Өмір болғасын әр түрлі жағдайлар болады, менің басыма қиыншылықтар түскенде менен теріс айналып кеткендер болды. Аупарткомның ішінде бірге қызмет істеген жігіттердің арасында да болды ондай азаматтар. Көшеде кездескенде көрмеген болып өтіп кететін. Керісінше маған моральдық, материалдық көмегін аямаған азаматтар да болды. «Жақсының жақсылығын айт» – деген, солардың бірі, бірегейі Ұзақ Еспанов ағам. Ғылымда «тек», «ген» деген ұғымдар бар, «Тектінің тұяғы» деп жатамыз. Ұзақ ағам тектінің тұяғы еді ғой жарықтық. Ұзақ ағаммен Жалағаш аупарткомына жұмысқа келген күннен бастап ағаіні болып сыйластық. Сол сыйластығымыз ұзағынан болды. Ағам маған көп көмек көрсетті, інісіндей қамқорлық жасады.
– Ұзекең ол кезде совхоз директоры ғой.
– Иә, свохоз директоры, «Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхоз» деген болды, қазіргі Еңбек ауылы. Сол совхоздың директоры болды.
– Сонда сіз жұмыстан босап қалғанда Ұзақ ағам қалай көмектесті, тіл жәрдем бе әлде материалдық көмек берді ме?
– Ой, Ұзекеңнің көмегі көп болды ғой маған, Ұзекең тек маған ғана емес, ол ағамның бірталай азаматтарға шапағаты тиді. Ақылын айтады, сені қайрайды, дұрыс бағыт береді. Сәпиев аупарткомның бірінші хатшысы болып келгесін жұмыстан босадым ғой. Үйде жатырмын, боспын, жұмыс жоқ. Ұзекең мәшинемен күріш беріп жібереді, мал беріп жібереді, шөп әкеліп тастайды. Менің ол кісіге міндетім жоқ ешқандай, ештеңе бермесе де ренжи алмаймын. Бірақ сондай қиын кезде Ұзекең мені туған інісіндей қамқорлығына алды. Бұл да Ұзекеңнің тектілігі, ірілігі ғой. Тексіз, ұсақ адамның қолынан ондай жақсылық жасау келмейді. Сол кездерде Әмірбек Әбекенов, Мұстафа Мамытов, Сәбит Серікбаев деген азаматтар да маған қолдау көмегін аяған жоқ. Бұл жігіттер де сол жігіттік болмысынан өзгермейтін азаматтар болды. Бұлар сол кездегі мықты, іскер директорлар еді.
– Шәке, уақыт бір орнында тұрмайды, алдыңғы буын өзіне тиісті міндеттерін атқарып, кейінгі толқын жастар келеді. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдағы талаптар да өзгерді, адам да өзгерді. Билік құрылымдары да өзгеріп, бұрын аупарткомның хатшысы болса, енді ауданның әкімдері болды. Бұрынғы сіздер жүріп өткен жол мен бүгінгі күннің талаптары арасында сабақтастық байланыс бар ма, кейін ел билігіне келген інілеріңіз осы байланысты қамтамасыз ете алды ма?
– Дұрыс айтасың қазір заман, уақыт өзгерді ғой, заманына қарай адамы демекші, уақытпен бірге адам да өзгерді. Адамдардың психологиясы өзгерді. Біз жұмыс істеген кеңестік кезеңді қазір әркім әртүрлі айтып жүр. Кез-келген қоғамның жақсы жағы бар, жаман жағы бар. Кеңестік кезеңнің де жақсысы мен жаманы болды. Қазіргі заманның да жақсы мен жаманы бар. Тақыр жерден ештеңе пайда болмайды, барлығының арасында сабақтастық байланыс болады. Онсыз мүмкін емес, ештеңе нөлден басталмайды, әйтеуір бір негіз болу керек қой. Жаңа қоғам өзінің алдындағы қоғамның жақсы жақтарын, тәжірибелерін алады.
Тәуелсіздік алғаннан бері ауданда оннан аса адам әкім болыпты. Бірақ сол әкімдердің барлығы бірдей артында өшпестей із қалдырды деп айта алмайсың. Олар әрине, бәрі де осы елге болсын деп жұмыс істеді, болмасын деген жоқ. Бірақ бірінің білімі жетпеді, енді бірінің тәжірибесі жетпеді, әркім өз мүмкіндігінше жұмыс істеді. Исатай Әбдікәрімов деген қайраткер ағамыз облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, қызметіне кіріскен кезде әріптестері, достары, аупарткомның бірінші хатшылары кабинетіне барып құттықтайды. Сонда Исекең бірінші хатшының креслосына отырып жатып, «Бұл талай данышпандар мен талай ақымақтар отырған кресло ғой, кім болатынымызды кейін халық бағасын берер» – деген екен. Сол сияқты біздің ауданның да билігінде талай ақылды адамдар мен кездейсоқ адамдар отырды. Бірақ тарихта ондай жағдайлар болады, тарих әркімді өз орнына қояды.
– Шәке, сол әкімдердің ішінде ерекше атап өтетін әкіміңіз бар ма?
– Әлбетте, мен Қожахмет Баймахановты ерекше атап өтер едім. Ол әкім болып келген кезде заманның бір қиын кезі еді. Соған қарамастан ауданда үлкен жұмыстар атқарылды. Ауданның бет-бейнесін қазіргі заманның талабына сай бұрды.
– Астан-кестеңін шығарды дейсіз ғой.
– Иә, солай болды, Қожахметтің кезіндегі жұмыстардың шет жағасын сен өзің де көрген шығарсың. Ол кезде сен қайда болдың?
– Иә, көрдім ғой, мен ол кезде білім бөлімінде жұмыс істейтінмін, қолға күрек-кетпен алып, күнімен-түнімен жүрдік қой
– Көрсең сол, Жалағашты қоқыстан тазартқан Қожахмет. Содан кейін менің есімде қалғаны Қайрат Бекенов деген азамат. Бұл Қайрат асфальтта өскен бала, бірақ жас та болса бас болды, халықпен араласты, елге біраз еңбек жасады. Ойдан ой туады, мына Сырдарияның үстінде көпіріміз бар, осы көпірді шапқылап жүріп, ұсыныс беріп, жоғарының жоспарына енгізіп кеткен Исатай Әбдікәріміов. Ал, оның іске асырылуы, салынуы Сұлтан Амановтың кезінде жүзеге асты. Сол көпір салынған кезде екі қапталында бағандарда түнде жарқырап шам жанып тұратын. Бұл көпір өзі әскери-стратегиялық нысан болып табылады. Мына көрші Тереңөзектің тұсынан да Сырдарияға көпір салынды. Сол көпірдің үстінен түнде өтсең үлкен бір даңғылмен жүріп келе жатқандай боласың. Шамдары самаладай жарқырап тұр, керемет. Ал, енді біздің көпірдің қай әкімнің тұсында екенін білмеймін, шамдары жанғаны былай тұрсын, көпірдің үстіндегі бағандарына дейін кесіп алып кетті. Сымдары да жоқ, қазір тоқал ешкі сияқты болып тұр. Осыған ешкімнің басы ауырмайды, қанша әкім жұмыс істеп жатыр, бірақ көпірді ойлап жатқан ешкім жоқ. Мен осыны жазып та, айтып та жүрмін, бірақ ешкім мән беріп қарамайды-ау. Әкімдер келеді, кетеді, халық қалады. Сол әкімдерден халыққа бірдеңе қалу керек қой.
– Ее, Шәке, бүгін сәті түсіп, бірталай әңгіме болды, рас айтасыз әкімдерден елге бірдеңе қалу керек. Алдағы уақыттан үміт күтейік, шүкір, қазір жақсымыз ғой, Шәке, ел тыныш болса, халық аман болса, ең бастысы сол емес пе.
– Әрине, елдің амандығына не жетсін. Ал, енді қазір өзің не істеп жатырсың?
– Сол бұрынғы жұмыс қой, уақыт болса қолға қалам алып, өткен-кеткенді қағазға түсіремін.
– Сен де біраз құқайды көрдің, дегенмен сен оған ренжіме, бұл бір жағынан дұрыс. Сен жазатын адамсың, ал, жазатын адамды Құдай өзі сөйтіп сергелдеңге салып қоятыны бар. Ұзақ ағам туралы «Ғибратты ғұмыр», Ауған соғысы сарбаздары туралы, «Жалағаштан Ауғанстанға дейін» және «Жеңіс сарбазы» деген кітаптарыңды оқып шықтым, өте жақсы шығыпты, толыққанды көркем дүние. Сен енді бір үлкен, қомақты дүниені қолға алсаң болады, себебі қазір төселдің, тәжірибең бар.
– Ол ойда бар, Шәке, ғұмырнамалық роман жазғым келеді. Осы жүргенде өзімнің болашақ кейіпкерлерімнің арасында жүрген секілдімін.
– Жаз, ол сенің қолыңнан келеді, осы кезде баста, ертең кеш болады.
– Құдай қаласа бастаймын, ал, енді әңгімеңізге рақмет, Шәке, мен осы тойғаныммен қайтайын.
– Асықпасаң шай ішейік, апаң болмағанмен келін бар, қыстан қалған сүрленген сыбағаң бар.
– Шәке, шайға, тамаққа рақмет, біраз әңгіме тыңдадым, сыбағалы дәмді жеді деп есептеңіз.
– Онда жарайды, айналайын, аманшылықта қауышайық…
Шәкеңде әңгіме көп, қолқаласаң шыға береді және болған жайды сипай қамшыламай, қалай болса солай айтады. Бұлдағы Шәкеңнің өзі айтпақшы ешкімге жалтақтамайтын, жалпақтамайтын, дұрысты «дұрыс», бұрысты «бұрыс» дейтін турашылдығы болса керек. Шәкең зейнет демалысына шыққасын да қарап жатпады. Ағамыздың қаламынан «Қазантаев мектебі», «Тынарбай Төлегенов», «Сыр елінің қайраткер қызы» «Қаламгерлік», «Зейнеткерлік», «Қайраткерлік», «Егемендік», «Сырласу мен сыр ашу» атты естелік кітаптар дүниеге келді. Қарап жатқанша не істейді, ермек, әлдекімдер сияқты отбасы, ошақ қасының әңгімесін термейді. Өмірден көрген-білгендерін, түйгендерін қағазға түсіре береді. Кейінгі жастар керегін алар, керек емесі болса да қалады. Құрметтеп, шақырған жерге барады, шақырмаса, «Мені неге шақырмайсыңдар?» – деп байбалам салмайды. Үлкейген сайын үй күшік болған сыңайлы ма қалай, тіпті ешқайда баруға зауқы да жоқ. Немерелерінің қасында болғанды жаны қалайды.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Шәкеңнің кеудесінде «Құрмет белгісі» ордені, «Лениннің 100 жылдығы», Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 50 жылдығы, 60 жылдығы және «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл», «Тыңға 50 жыл» тағы басқа медальдары жарқырайды. Сөз зергері Сейілбек ағамыз айтқандай сексен бес деген – арман жас, себебі екінің бірі абыроймен бұл жасқа жете алмайды. Сондықтан ағамызға арман жасыңыз құтты болсын дейміз. Асқар тау аға болып, алдымызда жүре беріңіз.