Жыл басынан бері Қырғыз Республикасындағы саяси тұлғалардың қызметтен кетуі мен Президент тарапынан жасалып жатқан жедел шешімдерге қарап отырып, іштей «көрші елде тағы да төңкеріс болып кетпесе жарар еді» деп күдіктенгеніміз рас еді. Елді елең еткізген жаңалық – Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің аяқ астынан биліктен шеттетілуі, оның елге оралуы, көп өтпей қайта шетел асуы... барлығы да жұрт назарын аударып отырғаны белгілі.
16 наурызда Мемлекеттік салық қызметі «Қырғызмұнайгаз» кәсіпорнындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу жүргізгенін жариялап, мемлекетке 4 млрд сомнан астам шығын келтірілгенін мәлімдеді. Мұнай сатумен айналысатын он шақты делдалдық компания Камчыбек Ташиевтің туыстарына, ағасына және ұлына тиесілі екені хабарланды.
17 наурызда Ішкі істер министрлігінің Тергеу қызметі Қылмыстық кодекстің «сыбайлас жемқорлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. 18 наурызда он шақты адамнан жауап алынып, төртеуі ұсталды. Министрлік тергеу жалғасып жатқанын хабарлайды.
Қырғыз медиаларының хабарлауы бойынша, шетелде жүрген Камчыбек Ташиев 19 наурызда Бішкекке келгеннен кейін Ішкі істер министрлігінің Тергеу қызметінде шамамен бес сағат жауап беріп шыққан. Министрлік арнайы қызметтің бұрынғы басшысының неліктен шақырылғаны және қандай шаралар қолданылғаны туралы ресми түрде ақпарат берген жоқ. Сол күннің ертесінде ораза айт намазынан кейін Қамшыбек Тәшиевтің журналистермен кездескені туралы видео таралды. Ол соңғы оқиғаларға қысқаша түсініктеме беріп, өзіне тағылған айыптарды жала деп атады. Әрі мұсылмандық дәстүр бойынша кешірім сұрады.
«Алла Тағаланың ризалығы үшін, бүгінгі Айт намазының құрметіне, егер мен біреуді ренжіткен болсам немесе біреуге дұрыс емес қарым-қатынас жасаған болсам, әрбір мұсылманнан кешірім сұраймын. Сондай-ақ, ораза кезінде әртүрлі өтірік, қауесет таратқан және түрлі мағынасыз сөздер айтқандарды Айт намазының құрметіне кешірдім. Олар енді мұндай жаман істерді істемесін. Жаман сөздер немесе жалған ақпарат айтпасын!» – деді Камшыбек Тәшиев.
Қырғызстандағы БАҚ-тар Тәшиевтің екі қылмыстық іс – «75 адамның хаты» және «Қырғызмұнайгаз» кәсіпорны бойынша жауап алғанын хабарлады. Хабарларға қарағанда, ол тергеуге құпия ақпарат бермеу туралы хат тапсырған.
2026 жылы 9 ақпанда бұрынғы Премьер-министрлер, бұрынғы Парламент депутаттары, саясаткерлер және қоғам қайраткерлері бар 75 адамнан тұратын топ Президент Садыр Жапаров пен сол кездегі Парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлына мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізуді талап етіп, үндеу тастады. Ішкі істер министрлігі осы үндеуге байланысты Қылмыстық кодекстің «Жаппай тәртіпсіздік» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, оған қол қойған бес адамды қамауға алды.
Тек осыдан кейін ғана Садыр Жапаров 10 ақпанда Камчыбек Тәшиевті Министрлер Кабинетінің төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметінен босатты. Сол кезде шетелде емделіп жатқан Ташиев Президентпен кездесіп, басқа елге ұшып кетті.
Осы оқиғалар аясында берген сұхбаттарында Президент Жогорку Кенештегі депутаттардың «Президенттің және генералдың адамдарына» бөлінуі басталғанын, содан кейін Парламенттен кетіп қалғанын айтып, 75 адамның үндеуін мысал ретінде келтірді. Ол сондай-ақ 11 наурызда парламентке барған кезде де «бөліну мен ыдырау мемлекеттілікке қауіп төндіреді» деп ескерткен осындай айыптаулар айтты.
Қырғыз елінде болып жатқан оқиғалардың ұзын-ырғасы осындай. Біраз адамдар бұл өзгерістердің барлығы билік транзитіне байланысты жасалып жатқан сценарий деп бағалап отыр. Дегенмен ел ішінде тәртіп орнатуға тырысқан Қамшыбек Тәшиевке деген халықтың көзқарасы жаман емес сияқты. Жемқорлық жайлаған, қылмыстық топтар әлеуметтік саладан тартып билік құрылымдарына дейін ықпал ететін дәрежеге жеткен елде, қысқа ғана бірнеше жылда тәртіп орнатқан Қамшыбекке көп адамдар құрметпен қарайтын тәрізді. Біз осы мақаламызды дайындап жатқанда әлеуметтік желі бетінде саясаттанушы Ұлықбек Бабақұловтың «Сатқындық пен жауапкершілік» атты жазбасын жолықтырдық.
Сатқындық пен жауапкершілік
Соңғы айлардағы оқиғалар – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚК) құдіретті басшысы Қамшыбек Ташиевтің кенеттен отставкаға кетуі, арнайы қызметтің таратылуы, «халық генералы» рейтингінің нөлге түсуі және отбасылық кланның жемқорлық схемаларының әшкереленуі – біздің назарымыздан бір маңызды детальді шығарып алғандай болды.
Қырғыз саясатында екі нәрсе әрқашан жоғары бағаланған – алғашқы соққыға төтеп беру және өз адамдарыңды тастамау.
2026 жылдың наурызы бетперделерді біржолата сыпырып тастап, бізге таңғаларлық контрастты көрсетті. Бірі аурухана төсегінен тікелей тергеушілердің құшағына оралса, екіншілері Жерорта теңізінің толқындарына қарап, «өркөкірек үнсіздікті» таңдауда.
Қамшыбек Тәшиевтің оқиғасы классикалық соғыс фильмін еске түсіреді. Отбасылық ошағына қауіп төнгенін сезген бойда, ҰҚК-нің экс-басшысы неміс емханасын тастап, Бішкекке ұшып келді.
Не үшін? Ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасына өз еркімен бару үшін.
Өзінің немере інісі Байғазы Матисаковқа «Қырғызмұнайгаз» ісі бойынша СИЗО-ның «қызығын» көру қаупі төнгенде, Қамшыбек ағасы өзінің емделіп жатқан зейнеткер емес, клан көсемі екенін бірден еске түсірді.
Тәшиев ойын ережесін жақсы түсінеді: егер сенің айналаңды «қысып» жатқанда, бұғып қалсаң, сен саяси субъект ретінде жойыласың.
Оның келуі – заңға деген кенеттен оянған махаббат емес. Бұл – өз үйірін қасқырларға соғыссыз жегізбейтін көсемнің инстинкті.
Ал енді басқа жағалауға көз салайық. Күн шуақты Испанияда, ҰҚК-нің суық камераларынан жырақта біздің «бәріміз» – Алмазбек Атамбаев жүр.
Оның соңғы айлардағы мінез-құлқы – өзіне сенген жандардың бәрін қалай сатып кетуге болатынының эталондық үлгісі.
Оның «ерлікке» толы үнсіздігіне үңілейік:
● Адал серіктердің соры
2025 жылдың 21 қарашасында оның ең сенімді «атланттары» – Фарид Ниязов, Равшан Жээнбеков, Фархад Баабиев түрмеге айдалды. Бұлар жылдар бойы оның қолы, миы және қалқаны болған адамдар. Атамбаевтың реакциясы? Нөл. Мүрдеханадағыдай тыныштық. Бұл адамдар оған жай ғана «Түрме» аялдамасында түсіп қалған жолсеріктер сияқты.
● Әйелдің көз жасы
Қой-Ташта оны соңына дейін қорғаған жалғыз әйел Ирина Карамушкина бүгінде Степноедағы әйелдер колониясынан Садыр Жапаровқа кешірім сұрап, хат жазып жатыр. Ол жасына және немерелеріне байланысты мейірімділік сұрауда. Ал оның «шефі» не істеп жатыр? Ол бұл уақытта паэлья мен гаспачоның қайсысын жейтінін таңдап отырған шығар. Бірде-бір қатал жазба, серігін қорғау үшін халықаралық жанжал шығаруға деген бірде-бір талпыныс жоқ.
● Әке үшін бала
2026 жылдың наурызында сот оның ұлы Қадыр мен адал Темирлан Султанбековті қамауда ұстау мерзімін ұзартты. Оларға «билікті басып алу» айыбы тағылып, айлап тергеусіз торда отыр. Ал Испаниядан еш хабар жоқ.
Атамбаев үнсіздік – отбасын қорғаудың ең жақсы жолы деп шешкен бе? Әлде басқа себептері бар ма, белгісіз.
Атамбаев әрқашан пафосты цитаталар мен театрландырылған қимылдарды жақсы көретін. Ол «ұлт әкесі», «диктатурамен күрескер» және «шындықтың жалғыз қорғаушысы» рөлін сомдап, рахаттанатын.
Бірақ 2026 жыл бәрінің бетпердесін ашты.
Сірә, Атамбаевтың шындығы оның жеке басына қауіп төнген жерде аяқталады.
Ол өзінің мүлкі тәркіленіп, отбасы үйінен қуылып, балалары мен серіктері қамалып жатқанын салқынқанды түрде бақылап отыр.
Оның үнсіздігі – тактика емес, бұл – диагноз. Сын сағатта қарапайым дезертир болып шыққан көсемнің диагнозы.
Қорытынды қарапайым: Ташиев соққыны өз адамдарымен бірге қабылдау үшін оралды. Ал Атамбаев тарихта өз идеологы Ниязовтан бастап, адал Карамушкина мен өз ұлына дейін бәрін эмиграциядағы жайлы орындық үшін сатып кеткен адам ретінде қалды.
Бұл оның шынайы мұрасы: тасталған гвардия, сатылған отбасы және Көсем болу үшін өзін тым қатты жақсы көретін адамның «өркөкірек үнсіздігі».
PS: Біз шағын мақалада көрші елдегі болып жатқан өзгерістер жайлы жұртты хабардар етуге тырыстық. Ал саяси майдандағы Ақ пен Қараның тайталасының қай жерге барып тоқтайтыны алдағы күннің еншісінде болмақ.














