Күллі дүние назары Қытайда өтіп жатқан ШЫҰ саммиті мен Бейжіңде өтетін Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісі мен Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы соғыстағы жеңісінің 80 жылдығына арналған әскери шеруге ауып тұрғаны белгілі. Осы маңызды шараларға қатынасып жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында бірсыпыра маңызды шаруаларды түйіндеп, көптеген игі істердің бастамасына қатысып қайтты. Біз төменде Президенттің Қытай сапары туралы рет-ретімен баяндауды жөн көрдік.
Тяньцзиньдегі кездесу
Мемлекет басшысы 30 тамыз күні Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Қытайдың маңызды порт қаласы Тяньцзиньге келіп түсті. Бұл күні «Инбингуань» мемлекеттік резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келіссөз жүргізді. Естеріңізде болса, Қытай Төрағасы осыдан екі ай бұрын Астанаға сапарлай келіп, екі мемлекеттің достығының айғағындай болған біраз игі шараларға қатысқаны есімізде.
Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи Тяньцзинь шаһарында қонақжайлық танытқаны үшін Төраға Си Цзиньпинге алғыс айтты.
– Біз Сіздің еліңіздің осы ұйымға төрағалық етуін толық қолдаймыз. Ұйымның күн тәртібінде тұрған мәселелерді талқылау жұмысына белсене атсалысып жатырмыз. Сондай-ақ Сізді Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс пен Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы соғыстағы жеңісінің 80 жылдығымен құттықтаймын. Сіздің еліңіз фашизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосты. Қытай халқы соғыс жылдарында нағыз батылдық, шынайы отаншылдық, қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. Мұны бәрі жақсы біледі және жоғары бағалайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын зор ризашылықпен атап өтті.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысуға ниет танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
– Араға екі ай салып қайта жүздесіп отырмыз. Бұл қытай-қазақ қатынастарының деңгейі жоғары әрі ерекше сипатта екенін көрсетеді. Сіздің төрағалығыңызбен екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті табысты өтті. Біз Қытай мен аймақ елдерінің ынтымақтастық рухына сай келетін және Қытай – Орталық Азия диалогының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды құжаттар қабылдадық. Сондай-ақ қытай-қазақ қатынастарына тың серпін беретін жаңа стратегиялық уағдаластықтарға қол жеткіздік. Халықаралық ахуал қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан бір-біріне әрдайым сенім артып, арқа сүйей алатын стратегиялық серіктестер. Екі ел тату көршілік және достық байланыстарға әрқашан бейіл. Біз ашықтық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарынан айнымай, тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын құру бағытын ұстанамыз. Түпкі мүддеміз бен басты түйткілдерге қатысты мәселелерде бір-бірімізге жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Сонымен қатар қытай-қазақ қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеру үшін сан қырлы ынтымақтастығымызды кеңейтуге ниеттіміз, – деді Си Цзиньпин.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылды. Тауар айналымын ұлғайтудың және көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, ауылшаруашылығы салаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызына назар аударылды.
Басшылар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Ары қарай екі ел басшыларының қатысуымен телекөпір арқылы Қазақстанда екінші және үшінші Лу Бань зертханаларының ашылу рәсімі өтті.
ШЫҰ-ның Кеңесі
Келесі кезекте ШЫҰ мемлекет басшылары Кеңесінің 25-отырысы басталды. Отырысқа Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Иран Президенті Масуд Пезешкиян, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қатарлы басшылар қатынасты. Кезекті саммитке Моңғолия Бақылаушы мемлекет ретінде қатысса, Әзербайжан, Армения, Камбоджа, Мальдив аралдары, Мьянма, Непал, Түркия, Мысыр қатарлы елдер серіктес мемлекеттер ретінде қатысты. Бұдан сырт Халықаралық ұйым өкілдерінен БҰҰ Бас хатшысы – Антониу Гутерриш, АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы) Бас хатшысы – Као Ким Хорн, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, Еуразиялық экономикалық комиссия, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі және аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымның жетекшілері қатынасты.
Бастапқы ұмтылыс пен миссияны есте сақтау және кемел келешек құру
Қытай Төрағасы отырысты басқарып ашып, «Бастапқы ұмтылыс пен миссияны есте сақтау және кемел келешек құру» атты баяндама жасады. Ол өз сөзінде ШЫҰ-ның 24 жылдағы қол жеткізген табыстарына тоқтала келіп, мынадай бірнеше түйінге назар аударды.
Біріншіден, біз келіспеушіліктерді сақтай отырып, ортақ негіз іздеуіміз керек. Біз бір-біріміздің ұстанымдарымызды құрметтеп, стратегиялық байланыстарды сақтап, ұжымдық консенсус құруға, ынтымақтастықты нығайтуға, кеңейтуге, әр елдің игілігін пайдаланып, аймақтағы бейбітшілікті, тұрақтылықты, даму мен өркендеуді ілгерілету үшін ортақ жауапкершілікті мойнымызға алуымыз керек.
Екіншіден, біз өзара тиімді және ұтымды нәтижелерді қолдауымыз керек. Біз даму стратегияларын үйлестіруді тереңдетіп, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жоғары сапада бірлесіп құруға, сауда мен инвестицияны ілгерілетуге, энергетика, инфрақұрылым, жасыл индустрия, цифрлық экономика, ғылыми-технологиялық инновациялар, жасанды интеллект сияқты салалардағы ынтымақтастықты күшейтіп, өзара жетістік пен ортақ болашақ арқылы жаңғыртуға бірге ілгерілеуіміз керек.
Үшіншіден, біз ашықтық пен инклюзивтілікті қолдауымыз қажет. Біз мәдени алмасу арқылы жақын дос болуға және экономикалық ынтымақтастықта күшті қолдау көрсетуге тиіспіз, адамдар өзін-өзі жетілдіруге және басқаларға қол жеткізетін, сұлулықты бөлісетін және үйлесімді өмір сүретін өркениеттер бағын құру үшін бірге жұмыс істеуіміз тиіс.
Төртіншіден, біз әділдікті сақтауға тиіспіз. Біз Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына дұрыс көзқарас онатып, қырғи-қабақ соғыстың менталитетіне, блоктық қарсыластыққа және қорлау тәжірибесіне қарсы тұрып, халықаралық жүйені – негізі, Біріккен Ұлттар Ұйымын қолдауымыз керек. Дүниежүзілік Сауда Ұйымы бар көпжақты сауда жүйесін қолдауымыз және неғұрлым әділ әлемдік басқару жүйесін құруға жәрдемдесуіміз тиіс.
Бесіншіден, біз прагматизм мен тиімділікті ұстанып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының реформасын ілгерілетуді, ресурстарды енгізуді және әлеуетті арттыруды ұлғайтып, ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігі мен экономикалық ынтымақтастығына күшті қолдау көрсете отырып, оның механизмдерінің неғұрлым сенімді болуын, шешім қабылдаудың ғылыми болуын және іс-әрекеттерінің тиімдірек болуын қамтамасыз етеміз!
Си Цзиньпин баяндамасының соңын:
«Қытай әрқашан өз дамуын Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуымен және оған мүше елдер халқының жақсы өмірге деген ұмтылыстарымен байланыстырып келеді. Қытай өзінің бастапқы ұмтылысы мен миссиясын есте ұстау үшін барлық тараптармен жұмыс істеуге дайын, өз міндеттерін белсенді түрде атқаруға және Шанхай ынтымақтастық ұйымының тұрақты және ұзақ мерзімді дамуына ықпал етіп, адамзаттың ортақ болашағы бар қоғам құрудың жарқын болашағына нық қадам басуға дайын!» – деп қортындылады.
Қазақ басшысының ұсыныстары
ҚР Президенті саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылығын білдіре отырып, ұйымның маңыздылығы және күрделі геосаяси жағдайлар қарсаңындағы халықаралық қатынастарға айрықша тоқталып өтті.
– Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді. ШЫҰ жарғылық құжаттарының негізгі қағидаттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұлымдыққа», яғни терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте күш-жігер біріктіруді өте өзекті санайды. Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтастық нышанына айналған «Шанхай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуаттаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі. Президент сонымен қатар ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынды. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты іс-қимылын қолдайды.
– ШЫҰ құрылған сәттен бері елдеріміздің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 млрд доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 млрд долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақ елінің басшысы бұнымен қоса: «Жасанды интеллектіні қарқынды дамытуда ШЫҰ әлемде көш бастай алады», – деп түйіндеді.
«ТрансАлтай диалогы» – тың жоба
Мемлекет басшысы «ТрансАлтай диалогы» бастамасына қолдау білдірді.
Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Сондай-ақ 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін де атап өтті.
– Бұл жаһандық бастама «Бір белдеу, бір жол» бағыты бойынша сауда-логистикалық операциялардың барлық қатысушысына жыл сайын 1,5 трлн долларға дейін пайда әкеле алады. Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі мол. «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. Ірі жобалар мен жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы көлік байланысын нығайтып, транзиттік-тарифтік стратегияға сай келетін тәсілдерді ойластыруымыз керек. Бұл мәселе Ақтау қаласында қараша айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы форумындағы келіссөздер мен пікірталастарға арқау болуы мүмкін, – деді Президент.
Саммит соңында...
Кезекті саммитте сөз алған мемлекет басшылары ШЫҰ аясында саясат, қауіпсіздік, сауда, инвестиция, энергетика, өнеркәсіп, тұрақты даму және жаңа технологиялар сияқты салалардағы ынтымақтастықтың болашағын жан-жақты талқылап, ұйымның жұмыс тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар мен бастамалар көтерді. Бұдан бөлек ұйымдық құрылым мен төтенше жағдай тетіктерін жетілдіру жайында пікірлер алмасты.
Ұйымның Бас хатшы Нұрлан Ермекбаев ұйымның нақты құрылымын қалыптастыруды, сондай-ақ қаржыландыру мен сауда ынтымақтастығын, мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілетуді ұсынды. Қырғызстанның «ШЫҰ шеңберінде төтенше жағдайларға ден қою қоры тетігін құру» бастамасын қолдап, су ресурстары мәселесінің өзектілігіне ерекше назар аударды.
Саммит барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылып, жария етілді, соның ішінде:
«Тяньцзинь декларациясы», «ШЫҰ-ның алдағы 10 жылға арналған (2026-2035 жж.) даму стратегиясы», «Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс пен БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған мәлімдеме», «Көпжақты сауда жүйесін қолдау туралы мәлімдеме» қатарлы 20-дан астам маңызды құжатқа қол қойылды.
Саммитті ұйымдастырып отырған Қытай тарапынан да біраз ұсыныстар мен қолдаулар болатыны айтылды. Олардың қатарында Қажет мемлекеттерде «100 шағын әрі тиімді халыққа арналған жоба» іске асыру, Жыл соңына дейін 20 млрд юань көлемінде қайтарымсыз көмек беру, алдағы үш жылда Банктер бірлестігі мүшелеріне қосымша 100 млрд юань несие бөлу, ШЫҰ арнайы шәкіртақы квотасын екі есеге арттыру, PhD докторанттарға арналған инновациялық бағдарлама ашу, Бес жыл ішінде мүше елдерде 10 «Лубань шеберханасын» ашу және 10 мың адамға кадр даярлау бойынша тағылымдамалар ұсыну қатарлы игіліктерді атауға болады.
PS:
Осылайша кезекті Саммит өз мәресіне жетті. Нақты қабылданған шешімдерге тоқталған мынадай қорытындыларды жасауға болады. Қауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы кешенді орталық, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы орталық, ақпараттық қауіпсіздік орталығы және есірткіге қарсы орталық қатарлы бірнеше орталық ресми түрде ашылды. Лаос ШЫҰ-ның диалог бойынша серіктесі ретінде қабылданды; Қырғызстан 2025-2026 жылдары кезекті төрағалықты қабылдап алады. Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласы 2025-2026 жылдарға «ШЫҰ-ның туризм және мәдениет астанасы» болып жарияланды. Саяси сипаты жағынан маңыздылығын арттыра түскен бір жағдай Қытаймен азды-көпті араздығы бар Үндістанның белсенділік танытуы болды.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ